
Осы аптада Ақтөбеде «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының аясындағы жұмыстар қайта жанданды.
Сейсенбі күні жобаның 4 бағыттағы жұмыс тобының мүшелері қаладағы әйелдерге арналған діни сауат ашу орталығында әйел жамағатымен жүздесті. Оған облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағамбетов және өкіл имам Төлеби Оспан қатысты. Кездесу барысында діни білім алу, отбасы, жоспарлы жүктілік, талақ мәселесі сөз болды.
Ақтөбе облысының дін істері басқармасының басшысы Жолдас Нұрланұлы мемлекетімізде азаматтарға сенім бостандығы берілгендігін, дінді ұстануына шектеу қойылмайтындығын ескертіп, заң тұрғысында түсінік берді.
Өкіл имам Төлеби Оспан қоғамдағы, исламдағы әйел адамның мәртебесі, міндеті жөнінде айта келе, әйел баласына артылған ең жауапты жүк - отбасының ұйытқысы бола білуі, ерінің көңілін тауып, қызметін қылу екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, әйел, қыз баланың білім алуға баса мән артуы керектігін және бүгінде бұл бағытта мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетіліп жатқандығын, мүмкіндіктер мол екендігін айтты. Себебі кей қаракөздеріміздің жат ағымның жетегіне еріп, шетел асып кетуіне, дінді дұрыс түсінбеуіне басты себеп білімсіздік болып отыр.
ҚМДБ әйелдер-қыздар секторының Ақтөбе облысы бойынша өкілі Диляром Бектаева да өз кезегінде отбасын құру, оның жауапкершілігі, ерлі-зайыптылардың бір-біріндегі ақылары жайында сөз қозғады. Қазақы болмысқа мүлдем жат түсінік – некесіз қарым-қатынастың бұрыстығы, оның салдары, қоғамға тигізер кесірі жайлы айтып, мұндай қатынастың отбасы құндылығының жойылуы, ерлі-зайыптылардың некеге қатысты жауапкершіліктерін сезінбеуі сынды көптеген кедергілерге алып келетіндігін түсіндірді. Талақ мәселесі мен жасанды түсік жасатудың діндегі үкіміне тоқталып, көп құрсақ көтерудің артықшылықтары жайында айтты. Әйелдерге арналған діни сауат ашу орталығының жетекшісі Талшын Қожахметова аталмыш орталықтың осы бағытта жасап жатқан жұмыстарына тоқталып, мұнда әсіресе дәстүріміздің құндылықтарын дәріптеуге, оның ислам дінімен сабақтастығын көрсетуге ерекше басымдық берілетіндігін атап кетті. Қатысушылар тарапынан қосымша сұрақтар қойылып, ой-пікірлері ортаға салынды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің
баспасөз қызметі
![]()
![]()
![]()
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
07.04.2017
3392
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру