Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Тағылым тамшылары» театры «Әзірет Сұлтан» мешітінде қонақта болды (ФОТО)

05.04.2017 4314 0 пікір

Бүгінде Елорда жұртшылығына өнегелі жырларымен, өздерінің табиғи таланттарымен танылып келе жатқан «Тағылым тамшылары» ұлттық-рухани балалар театры кеше республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде қонақта болып, «Ата-анаң – сенің жұмағың» атты рухани кеш өткізді.

«Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған кеш аясында кішкентай ғана бүлдіршіндер қатысушыларға ғибратқа толы сәттер сыйлап, өз өнерлерін паш етті.

Белгілі актер, Астана жастар театрының режиссері Бейбіт Құсанбаевтың талантты балдырғандардың талабын ұштап, өнер айдынындағы талпыныстарын жетілдіре түсу мақсатында ашқан «Тағылым тамшылары» театры бұл күнде еліміздің рухани кеңістігінде өз орнын анықтап үлгерген. Поэзия тілімен жұртшылықты жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыйған кішкентай өнерпаздардың шеберліктері де күннен-күнге жаңа деңгейге көтеріліп, өздерін жан-жақты дамытып келеді. Осы орайда, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлының қолдауымен театр мүшелерінің мешіт ғимаратында дайындық жасаулары да өнерге көрсетілген жанашырлық екені даусыз.

Қазақстан Республикасының Әнұраны әуелеп, ардақты елші Мұхаммед (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарымызға салауаттар жолданған рухани кеш барысында театр өнерпаздары қатысушыларды әнмен әлдилеп, күймен тебіренте түсті. Қазақ ақындарының ғибратты өлеңдерін оқып, тамсана тыңдаған жамағатты терең ойларға жетеледі. Кеш соңында театрға қатысушы балдырғандардың ата-аналары режиссер Бейбіт Құсанбаевқа өз ризашылықтарын білдіріп, тарту жасады.

Muslim.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру