ҚМДБ-ның «Жалпы және жастар ісі» бөлімінің Ақтөбе облысы бойынша өкілі Асылхан Темірханов апта ішінде бірқатар кездесулерге қатысып, жастармен ой бөлісті. Соның бірі - «Алға индустриялық» колледжінде өткен «Экстремизм және терроризммен күресудің жолдары» атты конференция.
Кездесуде дін атын жамылған деструктивті көзқарастардың кесірі, оның қоғамның тұтастығына, елдің бірлігіне нұқсан келтіретіндігі, әр түрлі жат ағымдардың ата дінімізді күстаналап, оған күйе жағатындығы, жастардың санасын улап, оларды жеке мүдделерінде пайдаланатындығы айтылды. Сондай-ақ, саф дініміздің салт-дәстүрімізбен сабақтастығы сөз етілді. Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Асылхан Темірханов исламның – бейбітшілік діні екендігін, онда негізсіз зорлық-зомбылыққа, нақақтан-нақақ қан төгуге, әлсіздерге жәбір көрсетуге жол берілмейтіндігін айтты. Жазықсыз бір мұсылманды өлтіру – күллі әлемді қиратумен тең екендігін тілге тиек етті. Осы ретте, экстремизм және терроризммен күресу бағытында ҚМДБ және облыстық өкілдік тарапынан жүйелі жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Өңірдегі кадр мәселесіне басымдық беріліп, имамдар мен дін мамандарының біліктігін, білімін жетілдіру мақсатында әр түрлі семинарлар, кездесулер ұйымдастырылып, халықты, әсіресе, жат түсініктің арбауына тез алданатын жасөспірімдер мен жастарды діни сауаттандыру арқылы сақтандыру шаралары жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Соның ішінде, облыс мешіттеріндегі сауат ашу курстарының, мешіт жамағатына арналған скайп сабақтары мен күнделікті дәрістердің, ЖАНТ кездесулерінің қосып жатқан үлесін ерекше атап кетуге болады.
Конференция барысында «Аңсар» ақпараттық талдау орталығы әзірлеген бейнероликтер көрсетілді. Бейнематериалда өткен жылдың маусым айында елдің тыныштығын бұзып, қаншама жазықсыз жандардың өмірін жалмаған террорлық әрекеттерді ұйымдастырып, бүгінде темір торда жазасын өтеп жатқандардың өзегін өртеген өкініші жеткізілген. Дінді ұстанамын деп, өктемділікке, өшпенділікке жол бергендігі, дінді жаңсақ түсініп, жаза басқандығы айтылған.
Конференция барысында қатысушылар әр түрлі сауалдар жолдап, сұрақтарына дін мамандарынан жауап алды.
Бұдан бөлек ҚМДБ-ның «Жалпы және жастар ісі» бөлімінің облыстағы өкілі А. Темірханов өкіл имам Төлеби Оспанның жолдауымен «Ақтөбе медресесі» колледжіне барып, ондағы тыныс-тіршілікпен танысып қайтты.
Колледждің ұстаздарымен, шәкірттерімен кездесіп, білім ордасының бүгінгі жай-күйімен танысты. Шәкірттермен сұхбаттасты. Оқу жылының аяғында іс-тәжірибеден өтетін І және ІІ курс студенттеріне тәжірибе кезінде мейлінше тиянақтылық, ықылас пен үйренуде ыждағаттылық таныту керектігін және бұл олардың алған ілімдерін амалға асырудағы алғашқы баспалдағы іспеттес екендігін айтты. Медресенің биылғы жылғы түлектерімен тілдесіп, оларға ел мүддесі, ислам игілігі үшін қызмет етудің – зор жауапкершілік екендігін жеткізді және жиған білімдерінің зекетін беріп, өз туған жерлерінде қызмет етуге шақырды.
Сондай-ақ, білім ізденуші, ізінен еруші інілеріне ілімнің артықшылығы, күмәнді кетіріп, күдікті сейілтіп, адамның екі дүниеде дәрежесін үстем ететін, таусылмас қазына, тозбайтын байлық болған білімнің пайдасы туралы керемет насихат айтып, жастарға жігер берді. Ілім алу жолындағы сапарларына сәттілік тілеп, дұға қылды.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің
баспасөз қызметі
![]()
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
03.04.2017
3615
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру