Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Берекелі ай қайырымды амалдармен басталды

03.04.2017 3349 0 пікір

Жыл басында жаны қиналған Сәуле есімді қарындасымыз отбасының мүшкіл жағдайын айтып, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіне келіп, Алла берген егізінің сыңары, Әзиз есімді ұлының ем-домына қаржылай жәрдем көрсетуге өтініш білдірген болатын. Кішкентай Әзизге сырқатына байланысты екінші топтағы мүгедектік берілген екен. Науқас ұлын Алматы қаласындағы жеке емханада емдету үшін қаражат таппай, шыбын жанын шүберекке түйіп көмек сұрай келген ананың өтінішін жерде қалдырмайық деп ұйғарған мешіт ұжымы, Ережеп айының алғашқы күнінде, Алланың қалауымен, мешіт жанынан құрылған «Сен де үлес қос!» акциясының аясында, кішкентай Әзиздің еміне 60 000 теңге көлемінде  қаржылай көмек көрсетті.

Мешіттің Бас имамы Төлеби Оспан сәбидің тезірек сауығып кетуін, Алланың шипа дарытуын тілеп дұға етті және жиналған қаражатты, Алла разылығы үшін, Әзиздің анасына өз қолымен тапсырды. Алла қаласа,  кішкентай Әзиз жуырда Алматы қаласындағы жеке емханада ем-дом алатын болады. 

Сондай-ақ, аталмыш акция аясында «Ақтөбе медресесі колледжіне» де дәрі-дәрмектермен көмек көрсетілді. Игі іске демеушілік еткендер – «Ансар Фарм» ЖШС-нің директоры Ырзашева Салтанат пен жеке кәсіпкер Гүлманат Рамазанова. Медресеге дәрі-дәрмектердің 30-ға жуық түрімен жәрдем беріп, жомарттық танытқан қос кәсіпкерімізге Алла разы болсын дей келе, осы апайларымыздың жасаған қайырымдылығы басқа да кәсіпкерлерге ғибрат болып, осындай өнегелі іс ары қарай жалғасын тапса екен деп тілейміз.

Ақтөбе қалалық орталық мешітінің қызметкерлері де «Ережепте ерінбей сауап жина!» ұранымен берекелі айда жақсы бастама көтеріп, жұмада жақсылық жасап жарысты. Игі іске ұйытқы болған ҚМДБ-ның «Жалпы және жастар ісі» бөлімінің Ақтөбе қалалық орталық мешітіндегі өкілі Нурллин Райымбек өзге мешіт қызметкерлері  және шәкірттермен бірге мешіт ауласындағы қарды тазалады. Осылайша, мешітке жұма намазына келген жамағаттың түніұзақ жауған қалың қардан оңай өтуіне жағдай жасады. Алла разылығы үшін, қасиетті жұма күні басқа мұсылмандардың қамын ойлап жасаған мешіт қызметкерлері мен шәкірттердің жақсылығы, Алла Тағаладан оларға екі еселеніп  қайтсын әрі осы күні тілген дұға-тілектері қабыл болсын деп тілейміз.

 

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру