Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбеде «Қазақ қызы әдемі әдебімен» атты қыз сыны байқауы өтті (ФОТО)

29.03.2017 5228 0 пікір

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша әйелдер-қыздар секторы көптеген игі бастамаларға ұйытқы болып, аз ғана уақыттың ішінде апа-әжелеріміздің, әйелдер мен аруларымыздың, қыз-келіншектеріміздің басын қосып, ізгі мақсатта біріктірген құтты қара шаңыраққа айналды. Ал бұл өз кезегінде Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде ашылған әйелдер діни сауат ашу курсының ұстаздары мен онда бар ынта-ықыласымен білім алушы шәкірттердің ортақ жұмысы, бірлескен еңбегі десе болады.

Салт-дәстүріміз пен саф дінімізден сусындаған қазақ халқының тәрбиесіндегі тектілікті таныту, оны бүгінгі ұрпақ бойына сіңіру мақсатында ұлттық мерекеміз - Ұлыс күніне орай облысымыздағы әйелдер-қыздар секторы «Руханият» мұражайында «Қазақ қызы әдемі әдебімен»  атты қыз сыны байқауын өткізді. Облысымыздың өкіл имамы Төлеби Оспанның қолдауымен өткен байқауда «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітіндегі сауат ашу курсында білім алатын шәкірттердің – аруларымыздың өнері мен білімі, аспаздық қабілеті, сахнада өзін-өзі ұстау мәнеріне дейін жан-жақты сынға алынды.

Қазақ көйлегі мен оюлы кәжекей киген, басына сәукелесі мен сылдыр моншағы сондай әсем жарасқан аруларымыздың әрқайсысы бірнеше кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезеңде өз-өздерін өлең жолдарымен таныстырып, ұлы сүннеттердің бірін орындап, сәлемдесті. Бұдан кейінгі кезеңде білімдері сынға алынған қарагөздеріміз берілген белгілі бір тақырып бойынша Құран аяты мен хадистерден, мақал-мәтелдерден мысал келтіріп жарысты. Сондай-ақ, өздері дайындалып келген тақырыптар бойынша, соның ішінде исламдағы сабырлық, үнемшілдік, қонақжайлылылық туралы айтып, сөз арасында аят-хадистерді қосып, ой-пікірлерін ортаға салды.

Келесі кезеңнің шарты бойынша қыздарымыз Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Алмас Темірбай сынды бірқатар ақындардың өлеңдерінен үзінділер оқып, бірі жанды дауыспен «Әдемі қыз» әнін айтты. Әсіресе, Айнұр есімді үміткеріміздің шағын көрініс қойып, әртістік қабілетімен тәнті еткен таланты, тапқырлығы көпшілікті сүйсіндірді.

«Көк кілем» атты кезеңде қазақтың төл өнерін – ою-өрнегін дәріптеген аруларымыз ойларының ұшқырлығы мен қолының шеберліктерін сынап, бар өнерлерін ортаға салды. Берілген белгілі бір уақыт ішінде түрлі түсті қағаздардан өрнек қиып, текеметтің түріндей-ақ оюлар бедерленген керемет дүние жасап шығарды. Оған қоса үйден өз қолдарымен дайындап келген әр түрлі қолөнер бұйымдарын әділ-қазылардың назарына ұсынып, өздерінің жан-жақты дарынды, қабілетті екендіктерін көрсетті.

Ақтық кезеңде аспаздық қабілеттері сыналған қыздарымыз әр түрлі жемістер мен көкөністерден көктемгі жеңіл салаттар әзірледі әрі оны әсемдеп безендірді. Бірі алмадан әсем гүл жасаса, енді бірі аққуды бейнелеп, шеберліктерін байқатты.

Байқау барысында қыздарға мерекелік мақсатта және күнделікті киюге арналған, аруларымыздың әуретін жауып тұратын әр түрлі үлгідегі ұзын етекті көйлектердің сән үлгісі ұсынылды. Әрі қыздарымызға жасына жарасымды етіп, көркілеріне сай түрлі түсті, соңғы сән үлгілеріндегі көйлектерді киюге, орамалды қыздың бет-ажарына жарасымды, мейлінше қарапайым әрі жинақы етіп тағуға  кеңес беріліп, ұстаздарымыз исламда киімнің нақты бір түсіне байланысты ешбір тыйым не міндеттің жоқтығын ескертіп, қыздарымызға ақыл-кеңестерін айтты.

Салт дәстүріміз бен дініміздің сабақтастығы дәріптелген байқауда өзге қарсыластарынан басып озып, өнерімен ерекше көзге түскен  Айнұр Өтегенова І орынға ие болды. Ал әлі мектеп қабырғасында оқитын, қаладағы №40 мектептің 8 «Б» сыныбының оқушысы Дана Аңсатқызы жасы кіші болса да, ойы зеректігін, өнерлі екендігін көрсетіп, ІІ орынды жеңіп алды. ІІІ орын «Көркем ару» номинациясын иемденген Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінң қызметкері Маржан Есқалиеваға бұйырды. Адина Бақытова «Шебер ару», Ақтілек Наурызова  «Қазақтың салтын сақтаған ару», Гүлайым Маху «Сүйкімді ару» және Ақжарқын Базарбай «Өнерлі ару» номинацияларына ие болып, Ақтөбе облысының өкіл имамы Төлеби Оспанның атынан Мақтау қағазымен және сыйлықтармен марапатталды.

Осындай білімді шәкірттерді тәрбиелеу ісіндегі табанды еңбегі, ұстаздық етуден жалықпаған ұстамдылығы, жан-жақтылығы мен ислам дініне деген жанашырлығы, оның дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін де бірқатар ұстаздарымыз марапат пен сыйлыққа лайық деп танылды. Атап айтқанда, ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша әйелдер-қыздар секторының меңгерушісі Диляром Бектаева, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Кенжегүл Қошқарова, Ақтөбе қалалық орталық мешіт жанынан ашылған әйелдерге арналған діни сауат ашу орталығының жетекшісі Талшын Қожахметова және ұстаздар Ақжарқын Жылысбаева, Бақыт Жансүгірова, Айнұр Мырзабекова. Облысымыздың өкіл имамы Төлеби Дәділұлының атынан  ұстаздарға Алғыс хат пен арнайы сыйлықтарын табыс еткен «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрлыбек Күзенбаев оларға өкіл имамның алғысын жеткізіп, ұстаздардың деніне саулық, еңбегіне жеміс тіледі.

Шараның қадірлі қонағы ретінде қатысқан жаулықты әжелеріміз де байқауды ұйымдастырушыларға алғыс айтып, оған қатысқан аруларымызға «Өнерлері өрге жүзсін!» деген игі тілектерін білдіріп, әжелік ақ баталарын берді. Шара соңында дастархан жайылып, наурыз көже дәм ұсынылды.

Бес бірдей тәрбие мектебінің зердесін кескен әйелдер-қыздар секторының бұл жолғы шарасы «Инабатты қыз-келіншектер мектебінің» аясында атқарылатын жұмыстардың алғашқы баспалдағы іспеттес болды.

 

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз қызметі

 


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру