Халқымыздың сарқыншағы бұзылмаған салтын қазіргі жас буынның санасына сіңіріп, ұмытылып бара жатқан игі дәстүрді жаңғыртуды, жастарға оның мәнін мен маңызын ұғындыруды мақсат тұтқан әжелеріміз ең әуелгі ретте бала тәрбиесіне басымдық берген болатын. Cенбілік кездесуде әжелеріміз баланы қырық қасық суға шомылдырып, бесікке бөлеуді, бала туылғаннан кейінгі өзге де рәсімдердің жасалу жолын үйретті.
ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша "Әйелдер-қыздар" секторының ұйымдастыруымен өткен шараның шымылдығын ашып, сөз сөйлеген қалалық орталық мешітінің бас имамы Амантай Садиев Ақтөбе облысының өкіл имамы Төлеби Оспанның ыстық ықыласын жеткізіп, аталмыш мектептердің жұмысына жеміс тіледі. Өнегелі сөзімен, үлгілі ісімен кіші буынға тәрбие беріп, тағылым үйреткен апа-әжелерге зор алғыс білдірді.
Әжелеріміз нәрестені қырық қасық суға әр түрлі күміс әшекейлер салып, шомылдырудағы мақсат – баланың көңілі, пейілі, жолы судай таза, күмістей ақ болсын деген игі тілек екендігін түсіндірді. Кейін оның тырнағы мен шашы алынып, таза жөргекке оралды. Ал суға салынған күміс әшекейлер мен тиындар әжелер мен апаларға, қыз-келіншектерге таратылып берілді.
Әжелер нәрестенің ең алғаш киген иткөйлегіне тәтті толтырып жасалатын жоралғының мәнін түсіндіріп, оның «иткөйлек» деп аталуы бәлкім бала қуатты, қайратты болып өссін деген иті тілектен туындаған деп жорамал айтты. Сондай-ақ, халқымызда нәрестенің иткөйлегін сәби сүйе алмай жүрген келіншектерге ырымдап беру жөнінде айтылды.
Бұдан кейін әжелеріміз баланы бесікке бөлеудің тәртібін рет-ретімен түсіндіріп, тәттіге таласқан балалар үшін тыштыма рәсімін жасады. Және баланың тазалығы, оның бой-бітімінің тік, түзу өсуі әрі тыныш ұйықтауы үшін оны туылғаннан бесікке бөлеудің пайдасы жөнінде айтып берді.
Бұдан бөлек балаға азан шақырып ат қою, қырқынан шығару туралы бірнеше бейнероликтер көрсетілді.
Шара соңында дастархан жайылып, Ұлыс күнінде әзірленетін ұлттық дәмдеріміздің бірі – наурыз көже ұсынылды.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің
баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
29.03.2017
4120
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру