Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өскеменде «Наурыз берекеті» қайырымдылық жәрмеңкесі өтті

27.03.2017 3169 0 пікір

Ұлыстың ұлы күнін ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігі барынша сәнімен, түрлі іс-шараларды бір арнада тоғыстыра отырып, кең ауқымда мерекелеп өткізді. Мерекенің негізгі арнасы қайырымдылыққа бағытталды.

Наурыз мейрамы қарсаңында тұрмысы төмен отбасыларға жәрдем жасау мақсатында өкілдіктің тапсырмасы аясында «Әйелдер-қыздар» секторының ұйымдастыруымен «Наурыз берекеті» атты қайырымдылық жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеге «Әйелдер-қыздар» секторының мүшелері, мешіт шәкірттері белсенді атсалысып, әртүрлі бұйымдар мен ас-тағамдар әкеліп, оны облыстық «Халифа Алтай» мешіті жанында мерекелік думанда көпшілікке ұсынды.

Қайрымдылық жәрмеңкесіне қойылған заттардың өтімі жоғары болып, түгелдей сатылып кетті. Бұл шарадан қарапайым халықтың да қайырымдылыққа деген ниетін байқауға болады.

Қайырымдылық шарасынан жиналған қомақты қаражат тепе-тең бөлініп, сол жерде мұқтаж отбасыларға таратылды.

Мешіттен жасалған жәрдемге көмекке мұқтаж отбасылар риза болды.

«Берген жомарт емес, алған жомарт» деген халқымызда дана сөз бар. Ата- бабаларымыз ежелден Ұлыстың ұлы күнінде қайырымдылық жасап келген. Бұл сіздерге деген шынайы ниеттің бір бөлшегі» деп атап өтті өкілдіктен шара барысында.

Қайырымдылық жәрмеңкесі осылайша шуақты мерекенің шырайын ашты.

 

Шығыс Қазақстан облыстық

«Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру