Шұғылалы көктемнің алғашқы күні 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні еліміз үшін берекелі де мерекелі шақ екені анық. Самарқанның көк тасы еріп, жер-дүние әсем күйге бөленетін бұл күні Павлодар облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешіті әз-Наурыз мерекесін ұйымдастырды.
Халықымыздың көңілі мен жүрегінен ерекеше орын алатын бұл күні мешіттерге келіп ата-бабалар рухына Құран бағыштатқан көпшілік мешіт тарапынан дайындалған арнайы ақ дастарқаннан дәм татып, наурыз көже ішті. Мәшһүр Жүсіп мешітінің «Әйелдер-қыздар» секторы ұйымдасытрған бұл шарада наурыз тілектер айтылып, қазақ халқының салт-дәстүрлерінен көріністер көрсетілді. Наурыз тағамдары ретінде бауырсақ, наурыз көже, ет, ұлттық тағамдар ұсынылды. Бұл дастархан басына Павлодар қаласының бірқатар мемлекеттік қызметшілері, еңбек ардагерлері арнайы қатысып, көпшілікпен бірге болды. Ал қариялар елдің тыныштығын, ауызбірлігін тілеп, қазақы салтпен бата берді.
Сонымен қатар, ҚМДБ-ның Павлодар өңірі өкілдігінің «Барыңмен бөліс!» қайырымдылық қызметінің ұйымдастыруымен Ұлыстың ұлы күні мұқтаж отбасыларға қайырымдылық жасалды. Бұл шараға тұрмысы төмен, мүгедек жандары бар 25 отбасы қамтылып оларға ұн, шай, сұйық май, макарон өнімдері, қант, күріш қатарлы тағамдар салынған азық-түлік пакеттері таратылды.
Ал өкілдіктің «Жастар ісі» бөлімі наурыз тойында мешіт имамдары, медресе ұстаздары мен шәкірттер арасына және арнайы келген жамағаттарды қатыстырып гір тасын көтеру, қол күрестіру, арқан тарту қатарлы ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырып, озып шыққандар алғыс хатпен қоса ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, Ақсу қалалық мешітінің ұйымдастырумен облыс көлеміндегі барлық мешіт жамағаттары арасында шағын футболдан турнир өткзілді. 8 командадан құралған сайыстың қортындысы бойынша Ақсу қалалық мешітінің жамағаттарынан құралған команда 1-орын иеленсе, келесі орындарды «Майқайың» және «Ғазиз» мешітінің мешітінің командалары иеленді. Жеңімпаздарға алғыс хат және ақшалай сыйлықтар табысталды.
«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің Бас имамы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкілі Нариман қажы Исенов бұл іс-шаралар жастарымыздың ұлттық салт-дәстүрге деген құрметін арттыру үшін ұйымдастырылып отырғанын айта келе, наурыз мейрамы дін мен дәстүрді сабақтастырған рухани мереке, ел бірлігі үшін де игілікті екенін жеткізді. «Жастарымыз әз Наурызды жан-жүрегімен түйсініп, табиғаттың ерекше сипатқа еніп, жаңарып-көгеретін алғашқы күнін сауапты амалдармен қарсы алып үйренуіне жол ашу, бағыт сілтеу басты мақсатымыз болмақ», -дейді Нариман Ермекұлы.
«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
27.03.2017
3875
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру