Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбеде әз-Наурыз мерекесі өтті

26.03.2017 3884 0 пікір

24 наурыз күні Ақтөбе қалалық орталық мешітінде Ақтөбе облысының өкіл имамы Төлеби Оспанның қолдауымен, қала имамы Амантай Садиевтің бастамасымен Наурыз мерекесі тойланды.

Мешіттің наиб имамы Асылхан Тұрлыбековтің ұйымдастыруымен өткен мерекелік шара кезінде мешіт алдына ақ шаңқан киіз үй тігіліп, қадірлі меймандарға арналып дастархан жайылды. Ұлттық тағамдарымыз – қазы-қарта, қымыз бен шұбат, тары-талқан, құрт-ірімшік қойылып, қазақтың қонақжайлылығына сай кең дастарханнан дәм ұсынылды. Жұма намазына жиылған жамағат наурыз көже ішіп, ыссы бауырсақтан ауыз тиді. Қаланың қария, ақсақалдары, одан өзге қадірлі меймандар киіз үйде бас қосып, мерекелік ізгі тілектерін арнады. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Нұрланұлы және  қала имамы Амантай Садиев барша жамағатты Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап сөз сөйледі, елге есендік, еңбегімізге берекет тіледі.

Жамағат арасында қазақтың ұлттық ойындарынан жарыс ұйымдастырылып, қазақтың қайратты жігіттері өзара білек күштерін теңестірді. Топ болып біріккен жігіттеріміз арқан тартысып жарысса, өзгелері гір көтеріп, қол күрестірді. Тағы бір ұлттық ойын түрі жаңғыртылып, жауырынды жігіттеріміз қой көтеруден жарысып, мықтылықтарын танытты.

Сайыста асығы алшысынан түсіп, күші басым түскен жеңімпаздар мен жүлдегерлерді қалалық орталық мешіттің бас имамы құттықтап, бағалы сыйлықтармен марапаттады. Гір көтеру сайысына қатысып, жеңімпаз атанған Самалбек бауырымызға және қол күрестен Ақылбек есімді бауырымыз 5000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар берілді. Сондай-ақ, осы аталған екі сайыстың түрінен білек күші алғашқы қарсыластарынан біршама кем түскен жігіттерге де ақшалай сыйлықтар үйлестірілді. Ал арқан тартыстан «Тоқтар» командасы І орынды иеленіп, үздік үштіктің қатарына іліккен үш командаға да сыйлықтар берілді.

50 келілік қошқарды 106 мәрте көтеріп, қара күш иесі екендігін танытқан білекті бауырымыз Ешжанов Мейрамбек бас жүлдеге ие болып, қошқарды қанжығасына байлады.

Мерекені өте жоғары денгейде өткізген Ақтөбе қалалық орталық мешітінің қызметкерлері халықтың алғысына бөленіп, үлкендердің батасын алды.

Ақтөбе қалалық орталық мешітінің

баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру