Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қазір

08 Мамыр 2026

21 Зулқағда 1447 Хижра

  ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР

"Нұр-Мүбарак" университетіне Мысырдың Конституциялық Жоғарғы Сотының Төрағасы арнайы сапармен келді

17.03.2017 3405 0 пікір

- Мен қазақ еліне келіп өздеріңізбен жүздескеніме, екі елдің алтын көпірі Нұр-Мүбарак университетіне келіп, мұндағы білім жолындағы шәкірттер мен ұстаздар, сонау алыстан елін, отбасынан жырақтап ілім үйретсек деп келген ғалымдарымызды көріп қуанып отырмын. Әлемге әйгілі "әл-Азһар" университетінің шалғай қазақ жеріндегі бауырлас шаңырағын көргендеймін. Менің ата-бабаларым "әл-Азһар" университетінің дамуына үлес қосқан ғұламалардан болғаны әрдайым маған жауапкершілік жүктеп тұратындай, - деп Египет Араб Республикасының Конституциялық Жоғарғы Сотының Төрағасы Абделуахаб Абделразиқ мырза ағынан жарылды.

Ол шәкірттерге білім алудың артықшылықтарымен қатар, Мысырдағы Конституциялық Сот жүйесінің қыр-сырына қысқаша тоқталып, таныстырып өтті. Ал, Төрағаның сөзін жалғастырған орынбасары Адил Омар Шариф те жоғары білім шаңырағына барлық ақ тілегін жаудырып, мысырлық заң шығару жүйесінің шариғатқа сүйену қағидаларына тоқталды. Сөз соңында жастардың жүздерінен болашаққа деген үміттің айқын сезілетінін және университет басшылығына сенімі зор екендігін айтып, Ислам дінінің шынайы құндылықтарын насихаттау сіздерге жүктеледі, - деп шәкірттерге зор сенімін білдірді.


Мысырлық мәртебелі қос мейман Қазақстанға 17-18 наурызда Ақбұлақта өтетін қылмыстық сот ісін жүргізуді дамыту мәселелеріне қатысты халықаралық конференцияға қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісу үшін келген. Осындай ауқымды шара алдында шетелдік әріптестерімен бірге “Нұр-Мүбарак” университетіне келген  Алматы қалалық сотының Төрағасы Ештай Жайлауханұлына сөз берілді:

- Осыдан 10 күн бұрын, яғни наурыз айының 6-шы жұлдызында Қазақстан мен Мысыр арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толды. Сол жемісті байланыстың нәтижесі осы “Нұр-Мүбарак” университеті. Қазір тек әлемде ғана емес, елімізде діни теріс түсініктер етек алып жатқан кезеңде бұл білім шаңырағының орны ерекше. Сондықтан университет ұстаздарына табыс, шәкірттерге Исламның дұрыс жолын насихаттай беріңіздер деп тілек айтқым келеді, - деді.

Өз кезегінде ЕАР-ның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хайсам Салах Камел қонақтарға жылы лебізін білдіре келе, университетке сәттілік тіледі. “Нұр-Мүбарак”  университетінің ректоры, профессор Жуда Абдулғани Басюни мырза  осындай мәртебелі һәм лауазымды қонақтардың қолынан  жақында ғана докторлық диссертацияларын араб тілінде өте жоғары қорғаған Қайрат Жолдыбай, Асқар Әкімханов, Нұрлан Анарбаев мырзаларға куәлік-құжаттарын табыс ету жағдайын да орайластырғаны өте сәтті болғанын айта кетейік. 

Сондай-ақ, қонақтарға қазақтың қолөнер туындыларынан кәдесый табыс етіліп, естелік суреттерге түсті. Құқық пен заң саласындағы мәртебелі қонақтармен өзара сұхбат барысында “Нұр-Мүбарак” университетін дамытуға қатысты ақыл-кеңестер мен пікірлерге де уақыт бөлінді.

Айша КЕҢЕСБАЙ,

“Нұр-Мүбарак” университетінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру