Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Еркек – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі (ФОТО)

13.03.2017 6422 0 пікір

Исламда «Асыл аналар» тұрғысында көп айтылады. Хақ дін келместен бұрынғы адамдардың әрекеті жан шошытарлық болатын. Иман ұялаған жүректер бұл азғындықтан арылып, Исламның нұры талай шаңырақты шұғылаға бөледі. Мақтаулы әйелдердің қатарында  төрт әйел бар: Имранның қызы – Мәриям, перғауынның жары – Әсия, Хуайлидтің қызы – Хадиша, Мұхаммедтің қызы – Фатима.  Құран Кәрімде 176 аяттан тұратын «Ниса» («Әйелдер»), 98 аяттан тұратын «Мәриям» деп аталатын сүрелер тікелей әйелдерге арналған. Бұдан басқа, «Нұр», «Ахзаб», «Мұмтахина», «Тахрим», «Талақ» сүрелерінде де дініміздегі әйел адамның орны туралы кеңінен айтылған. Бұл аяттар арқылы Ислам дінінің әйелдерге қаншалықты көңіл бөлгенін түсінуге болады.

Бүгінде осындай ардақты аналардың өмірінен үлгі алып, дін мен дәстүрді ұштастырып, бір үйдің ұйытқысы болып отырған аналар аз емес. Абзал ананың тәрбиесі арқылы ар-ұятын қорғап, имандылық жолында жүрген биязы қыздарымыз да бар.

Жуырда ғана Төретам кентінде орналасқан Байқоңыр аймақтық Орталық «Жәрімбет» мешітінің әйелдер жамағаты арасында «Әжелер мектебі» құрылған болатын. Жақсылықты насихаттап, төл тәрбиені ұрпақ санасына сіңіруде ақ жаулықты аналардың алар орны ерекше.

Ал жексенбінің таңында мешітке жиналған жамағат тағы бір істің басында жұмыла бой көрсетті. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында «Дін және әйел» тақырыбында өткізілген іс-шарада ұлттық нақыштағы құндылықтарымыз дәріптелді. «Мәриям», «Хадиша», «Айша» аналарымыздың есімін иемденген топтар арасындағы «Дін және әйел»  атты тақырыптық сайыс 4 бөлімнен құралып: «Асыл аналар», «Мұсылман қыздардың киім үлгісі», «Дәстүрмен дәріптелген дін» және  «Еркек – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі» деген бөлімдерде неке мәселесі, дін және шариғат шеңберінде қыз бен жігіттің  танысуы, құда түсу, қыз ұзату дәстүрлері көріністер арқылы түсіндірілді.  

Әйел – әрқашанда отбасының шамшырағы. Оның іскерлігі, қонақжайлылығы, дәстүрлі тағамдарды  әзірлей білуі, қол өнер тұрғысынан шеберлігі барлық әйел үшін маңызды.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Салиқалы әйел – күйеуі жүзіне қарағанда оны сүйсіндіреді, күйеуінің шариғатқа сай қалауларын орындайды, ол болмаған кезде малы мен намысын қорғайды»,-деп сипаттап берген. Сол сипатқа ие болу, «болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, үлгілі ісімен сол үдеден көріне білу әйел-аналарға сын.

Бұл күні шебер қолдар әзірлеген дастархан ұлтымыздың бағалы тағамдарымен толықты. Қазы, құрт, ірімшік, айран, бауырсақ және дәмді әзірленген Наурыз көже «Ас үй Ханшайымдарының» сырын паш еткендей болды. 

Мешіт жамағатына және жақсы істің басында жүрген мешіт ұстазы Ләззат Сыдықоваға алғысымыз шексіз. Баршасына Алла разы болсын. Дүние деп көңіл кірлегенде рухани байып қайтатын ыстық ұяның болғаны үшін Аллаға мадақ! Әркімнің бойында бағалайтын қасиет болады. Сайысқа түскен үш топтың да қатысушылары ерекше белсенділік танытты. Барлығына мешіт тарапынан сыйлықтар таратылып, сауат ашу курсының шәкірттері алғыс хатпен марапатталды.

Гүлнұр Қаржаубайқызы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру