Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өкіл имам әйелдер намазханасының ашылу салтанатына қатысты

12.03.2017 3664 0 пікір

Бүгін Ақтөбе облысының өкіл имамы Төлеби Оспан Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласында өткен «Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы» атты кездесуге қатысты. Кездесуге М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік медицина университетінің профессоры, медицина ғылымдарының докторы Қуанғали Абдрахманов пен медицина саласының өзге де мамандары, аудан әкімі Ербол Данағұлов және «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының өкілдері де қатысты.

Облыстың өкіл имамы Төлеби Оспан теріс ағымның алдын алу және одан сақтанудың жолдары,  екпе алудың шариғаттағы үкімі жайында кеңірек мағлұмат беріп, баяндама жасады. Сондай-ақ, кездесуге қатысушыларға Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті әзірлегенқазақ және орыс тілдеріндегі «Екпе егу исламға қайшы ма?» атты брошюралар таратылды.

Сапардың жалғасында өкіл имам Төлеби Дәділұлы қасиетті жұма күнімен тұспа-тұс келген және бір игі істің куәсі болды. Ауданда жергілікті кәсіпкер Бақытжан Қадыралиннің демеушілігі және аудандық «Нұртай» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіповтің тікелей ұйытқы болуымен мешіт жанынан әйелдерге арналған намазхана ашылды. Қысқа ғана уақыттың ішінде мешіттің пайдаланусыз тұрған бөлігінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, игі мақсатта іске асырылды. Бұл алдағы уақытта әйел жамағаты бас қосатын үлкен ордаға айналмақ.

Намазхананың ашылу салтанатында облыстың өкіл имамы Төлеби Оспан мұндай игі іске демеуші болған жергілікті кәсіпкер Бақытжан Дүйсенұлына ерекше алғысын білдіріп, мешіт жамағаты алдында оған арнайы «Алғыс хат» табыстады, ісіне берекет, табыс тіледі. Сондай-ақ, тұсауы кесілген тәрбие ордасында әйелдерге арналған діни сауат ашу курсы ашылып, өзге де ағартушылық бағыттағы жұмыстары жүйелі жүргізілсе, бұл жамағаттың жат ағымнан жырақ болуына тікелей септігін тигізетіндігін айтты. Және әйелдер мен қыз-келіншектердің дін төңірегінде толғандырған сауалдары бойынша осында келіп жауап ала алатындығын жеткізді.

Сонымен қатар, өкіл имам ұлы күнгі құлшылықты атқаруға жиылған жамағатқа жұма уағызын жүргізді және жұма күнгі намазға имамдық етті.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін өкіл имам Төлеби Оспанның Мұғалжар ауданының Ембі және Жем қаларындағы іссапарын жариялаған болатынбыз. Сапар бүгін Жаңажол вахталық кентінде жалғасуда.

 

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру