Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ұстаз Арман Қуанышбаев Павлодар өңірінде болды (ФОТО)

09.03.2017 4358 0 пікір

Танымал исламтанушы ғалым Арман Қуанышбаев  3-8 наурыз күндері Павлодар облысында іс-сапармен болды. Арман Қуанышбаевтың бұл сапары ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкілдігінің жасаған жоспары бойынша  тығыз іс-шаралар және келелі кездесулер, кең көлемде айтылған көптеген уағыз-насихаттарға толы болды.

Әуелі, 3 наурыз-жұма күні облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде жұма намазына жиналған 3 мыңға жуық мешіт жамағатына «Ата-ананы сыйлауда - Алла Тағала тарапынан сый бар ма?» тақырыбында уағыз айтумен басталған оның іс-сапары келесі кезекте екінті-ақшам намазы арасында Павлодарский аулындағы «Әбу Бәкір Сыддық» медресесі шәкірттерімен болған кездесуге ұласты. Бұл медреседе бүгінде ұстаздар және тәрбиешілер, жұмысшыларымен  қоса 60-тан аса адам қызмет етеді. Осы күні уағызшы ұстаз Арман Баймағамбетұлы ақшам-құптан намазы аралығында Ақсу ауданы орталық мешіті жамағаттары, ауыл молдаларымен де кездесіп кең көлемде уағыз-насихаттар айтуға мүмкіндік алды.

Келесі күні Екібастұз ауданында болып, бесін намазы уақытында қалалық   «Екібастұз» мешіті жамағаттары, ауыл молдаларымен, ал ақшам-құптан намазы уақытында Баянауыл ауданы «Мұса-мырза» мешіті жамағаттары және ауыл молдаларына уағыз айтты. Ал 5-8 наурыз күндері ақшам-құптан намазы аралығында қалалық «Ақмешіт» мешіті жамағаттары және Павлодар ауданына қарасты ауыл молдаларымен, қалалық «Әбу Бәкір Сыддық», «Ғазиз» мешіттері жамағаттары, «Мәшһүр Жүсіп» Құран жаттау орталығының шәкірттері, студенттер жатақханаларында да ұйымдастырған кездесулерге қатысып, кең көлемде келелі уағыз-насихаттар айтты. Сонымен қатар, осы күндері таңертеңнен түске дейін  орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітіде Павлодар облысына қарасты барлық қала, аудан, ауыл мешіті имамдарына арнайы бағдарлама бойынша семинар-сабақтар жүргізді.  

Жалпы осы 5 күнде белгілі дінтанушы, ұстаз Арман Баймағамбетұлының уағыз-насихаттарына  7 мыңға жуық адам қамтылды. Кездесулер мен уағыз-насихаттар барысында жамағат тарапынан сұрақ қойғандардың саны да көп болды. Білікті ұстаз барлық сұрақтарға толыққанды жауап қайтарып, шариғат тұрғысынан жөн сілтеп отырды.

Осылайша ұстаз Арман Қуанышбаевтың павлодарлық діндарлар, мешіт жамағаттары, имам-молдалар, медресе шәкірттерімен кездескен 5 күндік іс-сапары  соңы қариялардың ақ батасымен байып, естелік суреттермен де толықты.

Жақсы істер жалғасын таба берсін, әмин!

 

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру