Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Аналар, арулар мерекесі — жаңа үміттің бастауы!

09.03.2017 4637 0 пікір

"Қыз бала — халықтың ұяты, ұлттың болашағы",-деген халқымыз.

8 03 2017 1

— "Ең бірінші жақсылықты кімге жасау керек?" деген сұрақ қайта-қайта қойылғанда Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) "Анаңа" деп қатарынан үш рет жауап беруі — бұл ислам дініндегі әйел адамның дәрежесі. Яғни әйел адамның жаратушы Алла мен Оның ақырғы елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алдындағы ғана емес, бүкіл адамзат тіршілігіндегі мәртебесін білдіреді…

Осындай салиқалы да мәйекті дәйектермен сөздерін бастаған "Нұр-Мүбарак" университетінің ректоры, профессор Жуда Абдулғани Басюни ислам дініндегі нәзік жандарға деген құрметке ерекше тоқталып өтті. Адамзаттың жалғастырушысы, отбасының берекесі әйелдер қауымымен тікелей байланысты екенін айтқан ғалым, келешек ұрпақтың білімді де білікті болуы тәрбиелі аналарға байланысты екеніне ерекше тоқталды. Сондықтан еліміздегі иманды ұрпақтың тәрбиешісі болар шәкірттер тәрбиелеп отырған жоғары оқу орнындағы барлық ұстаздар мен қызметкерлерге асыл сөздерін арнаған "Нұр-Мүбарак" ректоры Жуда Басюни мырза ыстық ықыласқа толы ақсақалдық батасын жаудырды.

Ал университет проректоры, профессор Шамшәдин Керім мырза:

— Қазақ халқының басына түскен небір нәубет жылдарында ерлермен бірге толарсақтан саз кешіп, қара қазан, сары бала қамы үшін жанын шүберекке түйіп, бүгінгі күнге жетуімізге асыл аналарымыздың, ер жүрек аруларымыздың бейнеті де, ерлігі де өлшеусіз. Қазіргі қоғамды айтпағанда, осы университеттің өзінде жұмыстың алға жылжып, тыңғылықты болуында әйел ұстаздар мен қызметкерлердің еңбегі зор. Тіпті мемлекеттің қай саласын алсақ та әйелдердің үлесі басым болып жатқаны шындық. Дегенмен, қыздарымыз, қарындастарымыз ел игілігімен қатар уақытылы тұрмысқа шығып, ана атанып, халқымыздың демографиялық дамуына үлес қосса деген ағалық тілегіміз бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Жәннат — ананың табанының астында"-деген. Сондықтан, сіздерге деген құрмет пен үміт қашанда жоғары,-деді.

8 03 2017 2

Әлбетте, ислам дінінде ананың, қыз бала, әйел затының мәртебесінің биіктігі сонша, шынайы иман келтірген мұсылман баласы оларға құрмет-қошеметін күн сайын көрсететіні рас. Сондықтан, жыл сайын ресми түрде аталып өтетін халықаралық мерекеге қатысты әсіресе, мұсылман жамағаттары арасында түрлі пікірлер кездеседі. Дегенмен, мемлекеттік демалыс алдында арнайы құттықтауларды салтанатты түрде жариялау ұжым арасындағы өзара сыйластық, құрметті арттыра түсетінін ешкім жоққа шығара алмайды. Мінеки, көктемнің алғашқы лебін сездіретін аналар, арулар мерекесінде университет басшылығы мен ер азаматтар қауымы нәзік жанды ұстаздар мен қызметкерлерге гүл шоқтарын ұсынып, арнайы сыйақымен бірге сыйлықтар табыс етті.

Мерекенің жалғасын Гүлдана Қаңлыбаеваның эдвайзерлік жетекшілігіндегі "Исламтану" бөлімінің 1 курс қыздар тобы жалғастырды. Ананың қадірін, әйелдің мәртебесін, қыз баланың орнын білдіретін жырдан шашу шашылып, әсем ән әуеледі. Университеттің нәзік жанды қызметкерлеріне арналған шағын бейнеролік көрсетілді. 

"Қыз бала — халықтың ұяты, ұлттың болашағы",-деген халқымыз. Сондықтан, ислам дініндегі әйел затына деген құрметті ерекше ұстанатын жоғары білім шаңырағы еліміздегі әрбір шаңырақта иманды қыз, ибалы келін, салиқалы ана, батагөй әже болуы үшін тек ізгі тілекпен шектелмей, барынша өз үлестерін қосуда.

Айша КЕҢЕСБАЙ,

«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі  


8 03 2017 3

8 03 2017 4

8 03 2017 5

8 03 2017 6

8 03 2017 7

8 03 2017 8

8 03 2017 9

8 03 2017 10

8 03 2017 12

8 03 2017 11

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру