Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өскемендегі №1 мектепке дін қайраткерінің есімі берілді

01.03.2017 4062 0 пікір

Бүгін Өскемен қаласындағы №1 мектепке қазақтың ұлы ақыны, философ, ғұлама ғалым Шәкәрім Құдайбердіұлының есімі ресми түрде беріліп, білім ордасында осы қуанышқа орай тұсаукесер рәсімі өтті.

Мектеп директоры Райхан Жанғазықызы құттықтау сөзінде тәрбие ошағына ойшыл ақынның есімін беру оңайға түспегенін, осы сәтті 12 жыл бойы асыға күткендерін айтты.

-Көптен бері көкейде жүрген арманымыз орындалып отыр. Мектебіміздің Шыңғыстаудың үш шыңының бірі, ғұлама ғалым Шәкәрімнің есімімен аталып отырғаны біз үшін үлкен мақтаныш, зор қуаныш. Білім ордасында шәкәрімтану курсы оқытылады. Оқушыларымыз ақынның өлеңдері мен философиялық ойларын жатқа біледі десек те болады. Бұл тарапта мектеп ішінде көптеген жұмыстар жүргізіледі, — деді мектеп директоры.

Тұсаукесер рәсіміне қатысқан Өскемен қалалық білім бөлімінің басшысы Мәдениет Ахметова мұғалімдер мен оқушыларды мерейлі мезетпен құттықтап, шаһардағы қазақ мектептерінің санының жылдан жылға артып келе жатқанын атап өтті.

-Өскемендегі 34 мыңға жуық оқушылардың 15 мыңдайы қазақ мектептерінде оқиды. Құдайға шүкір, Тәуелсіздіктің арқасында қазақ тілінде білім беретін оқу орындары көбейіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады. Оқушылар, сіздерге айтарым, Шәкәрім аталарыңның «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» деген тамаша сөзі бар. Ойшылдың осындай сөздерін саналарыңызға сіңіріп, келешекте халыққа адал еңбек ететіндеріңізге кәміл сенеміз, — деді ол.

Сонымен қатар бұл күні мектепте Шәкәрім атындағы кабинеттің тұсаукесер рәсімі өтті.

 Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Суреттерді түсірген – Есімхан ОРЫНБАЕВ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру