Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе мешіттерінде дәстүрді дәріптейтін 5 мектеп ашылды

14.02.2017 3772 0 пікір

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша "Әйелдер-қыздар" секторының ұйымдастыруымен қалалық орталық мешітте тағылымдық кеш өтті. Кимешекті, кең көйлекті асыл әжелер, әпке-сіңлілер мен қылықты қыздардың бәрінің бірдей басын қосқан шара «Қазақ халқындағы әйел мәртебесі» тақырыбына арналды.

Шараға қатысқан «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің наиб имамы Нұрлыбек Күзенбаев исламға дейінгі дәуірде туыла салысымен жер астына тірідей көмілген, құқығы шектеліп, абыройы тапталған әйел затының ислам келгеннен кейінгі мәртебесі жайлы сөз етті. Табанының астына Жәннат төселінген, ерінің иманын толықтырушы әйелді исламмен үндес өмір сүрген қазақ халқы да қатты қастерлегенін, қызының қылығын қырық үйден тыйып, тұла бойына тектілікті сіңіре өсіргендігін айтты. Сөз соңында шараны ұйымдастырушы әйел ұстаздардың игі бастамаларына сәттілік  тіледі.

Кеште қазақ халқындағы қыз баланың тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлер мен әр түрлі әдет-ғұрыптардың бірі бейнероликтер, енді бірі тамаша көрініс, қойылым ретінде көрсетілді. Баланың ана құрсағына біткен кезінен бастап жасалатын жоралғысы - құрсақ шашу, бала дүниеге келгеннен кейінгі сүйінші сұрау, бауы берік болуын тілеп құттықтау рәсімдері жайлы айтылды. Сектор меңгерушісі Диляром Бектаева баланы бесікке бөлеуден бастап балиғат жасына толғанға дейін жасалатын көптеген қазақы салт-жоралғыларды ретімен баяндап өтті. Соның ішінде, тышты ма рәсімі, баланы қырық күнге толғанда суға түсіріп, шашын, тырнағын алу,  қой сойып, құрбан шалу, ала жіппен тұсауын кесу, екі жасқа дейін омырау сүтімен емізу, т.б. Балаға жастайынан жыр-дастандар жаттатып, әжесі немесе анасының ертегілер, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өнегелі өмірінен үзінділер  айтып өсірудің артықшылықтары сөз етілді. Сондай-ақ, жеті жасқа толған балаға обал мен ұятты, жақсы мен жаманды ажырата білуді үйретумен қатар оны намазға баулу, діни үкімдерді түсіндіру, әсіресе, қыз баласына ас әзірлеуді үйрету, ұршық иіру, ою қию сынды өнерге икемдеу, тазалық жұмыстарын ептеп үйрету – ананың ең әуелгі міндеттерінен екендігі айтылды.


Мешіт жанынан ашылған әйелдерге арналған діни сауат ашу орталығының жетекшісі Талшын Қожахметованың айтуынша, бұл табиғатынан талдырмаш келетін қазақ қызының бойына тектілікті сіңіру, ибалы, инабатты, ұяң мінезді етіп өсіріп, ұят қылықтардан жиретуге, болашақ ана қылып тәрбиелеуге  бағытталған шаралардың шымылдығы ғана. Орталықтың алдағы уақыттағы жұмыстары әйел жамағаты ішінде құрылған бес мектептің негізінде жалғасатын болады. Атап айтқанда, «Асыл әжелер», «Ардақты енелер», «Аяулы аналар», «Салиқалы келіндер», «Инабатты бойжеткендер» мектебі. Әр мектептің құрылудағы мақсатын егжей-тегжейлі түсіндіріп өткен «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің ұстазы Кенжегүл Кошқарова әрқайсысының аясында жүргізілетін жұмыстардың да түрлі  бағытта, мазмұнда өтетіндігін атап кетті.

Қазақ халқының күнделікті тұрмысқа қатысты әдет-ғұрыптарының шариғатпен астасатындығын ерекше атап өтіп, сөзіне дәйекті мысалдар келтірген мешіт ұстазы Бақыт Жансүгірова адыраспанды түтету, үйде қасқырдың байлаулы азу тісінің болуы сынды амалдардың әрқайсысының астарында баланың амандық-саулығымен байланысты нақты себеп жатқандығын түсірді.

Шара соңында көрсетілген жетім балалар жайындағы әлеуметтік бейнеролик көпшіліктің көкейіне ой салды. Бүгінде бала тәрбиесінің, әсіресе, қырық үйден тыйылып, түзде жат қылығын көрсетуден жасқануы тиіс қыз баланың тәрбиесінің ақсағандығы, соның салдарынан туыла салысымен тастанды атанған жәудіркөз жетімдердің күннен-күнге көбейіп келе жатқандығы айтылды.  Бала тәрбиесіндегі осы тектес олқылықтардың алдын алу,  тәрбиені бесіктен түзеп, текті ұрпақ өсіруде мұндай тағылымды мазмұндағы шаралардың  тигізер әсері зор болады деп сенеміз.

 

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру