Кеше Ақтөбе облысының имамдары 2017 жылы атқарылатын діни іс-шаралар жоспарын бекітті. Жиынға өкіл имам Төлеби Оспан, дін істері басқармасы басшысы Руслан Құлдыбаев және барлық облыс имамдары мен «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің қызметкерлері қатысты.
Жолдау жүктеген міндеттер
ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы Төлеби Оспанның төрағалығымен өткен кездесудің күн тәртібінде бірқатар мәселелер қаралды. Соның ішінде, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауында қамтылған діни экстремизммен күрес бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы талқыланып, бас имам Мемлекет басшысы міндеттеген тапсырмалар аясындағы шараларды жандандыру керектігін айтты. Осы ретте жергілікті дін саласы мамандарынан құрылған Жергілікті ақпараттық-насихат тобының (ЖАНТ) құрамы қайта жаңартылып, толықтырылды. Аталмыш топ мүшелеріне облыс аумағында және түзету мекемелерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, лаңкестік әрекеттері үшін сотталған азаматтармен сөйлесу, адасқан ағым өкілдерімен жеке кездесулер ұйымдастыру міндеттері жүктелді. Сондай-ақ, РАНТ мүшелері мен «Ақтөбе медресесі» колледжі ұстаздарының қала, аудан халқымен жүздесіп, жүргізіп жатқан түсіндіру жұмыстарына жіті көңіл бөлініп, кездесулердің жамағатпен қамтылуына баса мән берілді.
ҚМДБ БАҒЫТТАРЫНЫҢ БІРІ – Оқу-ағарту жұмыстары
Әр түрлі ағымдардың алдын алу бағытындағы жұмыстардың ең маңыздысы – оқу-ағарту жұмыстары екендігін баса айтқан бас имам Төлеби Оспан аудан және қала мешіттеріндегі сауат ашу курстары, скайп желісі арқылы жүргізіліп жатқан сабақтар мен өзге де уағыз-насихат жұмыстарына, кешкілік, жексенбілік сабақтардың жоспардан қалыс қалмай уақытылы өткізіліп отыруын қатаң ескертті. Сондай-ақ, алдағы уақытта сауат ашу курстарында тәлім алып жатқан шәкірттердің білімін шыңдау әрі сынау, курс жұмысын қорытындылау мақсатында мамыр айында көлемді сайыс ұйымдастыруды және оған шәкірттерді қазірден бастап дайындауды тапсырды.
Мешіттің сауат ашу курстарында тәлім алып, ілім үйренуге талпынып жүрген шәкірттерді «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университеті мен «Ақтөбе медресесі» колледжіне оқуға түсіріп, болашақ дін мамандарын дайындау ісін қолға алу мәселесі де сөз болды. Осы ретте айта кету керек, өткен жылы аталмыш оқу орнына 21 бала оқуға түсіп, оның 15-і бүгінде ақысыз негізде білім алып жатыр. Ал қазіргі таңда жоғары оқу орнында оқып жатқан жерлестеріміздің жалпы саны - 46 бала. Оның 11-і биыл оқуын бітіріп, туған жеріне келіп дін жолында қызмет ететіндігін айтқан өкіл имам Төлеби Дәділұлы бұл хабарды ерекше қуанышпен жеткізді. Осы ретте, жуырда ғана Мұғалжар аудандық «Нұртай» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіповтың бастамасымен қолға алынған игі істі өзге аудан, қала имамдарына үлгі етті. Университет және колледжде білім алып жатқан болашақ дін мамандарына мешіт тарапынан тағайындалған шәкіртақының оларды ілім үйренуге ынталандыру ғана емес, болашақ мамандарды даярлаудағы игі қадам екендігін тілге тиек етті.
БІРЛЕСКЕН ЖҰМЫС ЖЕМЕІСТІ БОЛМАҚ
Осылай деген облыстық дін істері басқармасы өкілі Руслан Құлдыбаев өз сөзінде имамдарға жергілікті мемлекеттік мекемелермен, облыстық дін істер басқармасы және «Аңсар» ақпараттық талдау орталығымен тығыз байланыс орнатып, ортақ мүддеде бірлесе отырып жұмыс жасау керектігін айтты. Сонымен қатар, әр түрлі жиын-кездесулерде, әсіресе білім беру ұйымдарында сөз сөйлеу, діни мазмұндағы сауалдарға жауап беру кезінде мейлінше ұстамдылық танытып, ҚМДБ-ның мәлімдемелерін басшылыққа ала отырып, жұмыс жасау керектігін сөз етті.
Имамдардың сәлделері бірізділенді
Өткен жылдың соңында ҚМДБ-ның төралқа жиынында республика имамдары сәлдесінің үлгісі бекітілген болатын. Осы ретте аталмыш бекітілген сәлде үлгісі ақтөбелік имамдарға таныстырылып, барлығының сәлделері мен оған оралатын қаптамалары бірізділенді.
Құжатсыз мешіт қалмасын
Өткен жылы облысымызда 3 бірдей мешіт, атап айтқанда, Ақтөбе қаласындағы Нокин ауылдық мешіті мен «Сүлеймен ата» мешіті және Мұғалжар ауданы, Сағашилі ауылындағы «Ерболат Кемалұлы» мешіттерінің жері мен ғимараты жекеден шығарылып, ҚМДБ-ның балансына өткізілген болатын. Осы бағыттағы жұмыстар да биыл да жалғасатын табуда. Жуырда ғана Қобда ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылындағы «Бақыт ана» мешітінің құжаттары ресми рәсімделіп, балансқа алынғандығын хабарлаған бас имам енді қалған өзге 18 мешіттің де құжаттарын реттеу керектігін айтты. Алғашқы жарты жылдықта осы бағыттағы жұмыстарды жіті қолға алып, мешіт құжаттарын рәсімдеп, тіркеу жұмыстарын жүргізуді әр имамға жекелей тапсырды.
Сайт жұмысын жандандыру керек
Облыстағы орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ресми сайтының (www.nurgasyr.kz) жұмысын жетілдіру, онда жарияланатын әр түрлі мазмұндағы мақалалардың, аудио және видеоматериалдардың оқылымын арттыру, сайттың таралымын кеңейту мақсатында имамдар тарапынан да белсенділік танытылу керектігі айтылды. Атап айтқанда, бірқатар аудан және қала имамдарына ислами мазмұнда немесе қоғамда өзекті талқыланып жатқан тақырыптарда көлемді мақалалар әзірлеп беру, сұхбаттар ұйымдастыру арқылы сайттың материалдық базасын кеңейтуге атсалысуға шақырды. Сондай-ақ, Вконтакте және фэйсбук сынды әлеуметтік желілерде белсенді болып, сайт материалдарымен бөлісіп отыруды міндеттеді. Жергілікті, облыстық БАҚ өкілдерімен байланыс орнатып, ұйымдастырылып жатқан іс-шаралардың ақпараттық сүйемелденуіне назар аудару керектігін айтты.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
09.02.2017
4453
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру