
Бүгін республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітін Малайзия елінен іс-сапармен келген бір топ мәртебелі меймандар зиярат етіп шықты. Энергия, Жасыл технологиялар және Су ресурстары министрлігінің бас хатшысы, доктор-инженер Дато Сери Зайни Уджанг бастаған делегация мүшелерін «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлының өзі қарсы алып, құлшылық ордасымен таныстырды.
Қасиетті жұма күні құлшылық ордасына ат басын бұрған малайзиялық қонақтар алып мешіттің көркем көріністерін ғана емес, Астана жұртшылығының асыл дінімізге деген терең құрметіне де куә болып қайтты. Иық тіресе сап түзеген бүгінгі жамағаттың саны 15 000-ға жуықтайтынын естігенде еріксіз таңданыстарын білдірді.
Сондай-ақ, құрметті қонақтар «Әзірет Сұлтан» мешітіне Н.Ә.Назарбаев сыйға тартқан көне Құран кітабы мен күмістен құйылған парақшаларды тамашалап, тарихына қанықты. Мешіт ғимаратындағы «Хикмет» телерадиостудиясы мен Muslim.kz сайтының жұмысымен танысып, дискке басылған аудио және бейне өнімдерді тамашалады.
Арнайы сапарларын жұма намазының уақытына икемдеген құрметті қонақтар жамағатпен бірге тізе бүгіп, Бас имам Серікбай қажы Сатыбалдыұлының келісті уағызын тыңдады. Бұдан кейін жамағатпен бірге Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының батасына қол жайып, еліміздің есендігі үшін дұға жасады.
Жұма намазынан кейін ақ дастархан басында жалғасқан келелі әңгіме қос ел арасындағы рухани-мәдени қарым-қатынас жайлы өрбіді. Көрсетілген құрметке ерекше ризалық білдірген Зайни Уджанг мырза өз алғысын білдіріп, арнайы әкелген сыйлығын тарту етті. Қазақ дәстүрімізге мәртебелі мейманға да жәдігер ескерткіш сыйланды.



















ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
03.02.2017
3431
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру