
Жақында Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің шәкірті Нұрсұлтан Жұмабек Францияның Ницца қаласында өткен күрестен халықаралық турнирде қола жүлде алып келді. 1924 жылғы Францияның грек-рим күресінен олимпиада чемпионы Жан Анри Дегланды еске алуға арналған бұл турнир – жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұрады.
«Турнирге Қазақстаннан үш спортшымыз қатысып, оның екеуі қола жүлдемен оралды. Оның бірі – мен. Әбдірашов Асқар деген бапкеріміздің жетекшілігімен бардық», - дейді Нұрсұлтан.
Жұмабек Нұрсұлтан Ерболұлы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында 1994 жылы туылған. Қаршадайынан спортты серік етіп, оның ішінде күреспен айналысып жүргеніне 15 жылдай болыпты. Бұған дейін де көптеген республикалық, халықаралық жарыстардың жүлдегері атанған. Тіпті Қазақстанның чемпионы атағын да алып үлгеріпті. 2011 жылға дейін Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мектеп-интернатында оқыған. 2011 жылы ол мектеп-интернатқа Республикалық маманыдырылған олимпиадалық резервтегі колледж деген мәртебе беріледі. Нұрсұлтан бұл колледжді 2014 жылы тәмамдайды.
Нұрсұлтан «Әзірет Сұлтан» мешітінің 2016-2017 жылғы сауат ашу курсына жазылып, дәстүрлі дінімізді дұрыс үйрену мақсатында діни сауатын ашып жүрген үлгілі жастардың бірі. Әйтпесе, қазір көптеген жастар радикалды ағымдардың жетегінде кетіп жатқаны жасырын емес. Нұрсұлтан өз сөзінде: «Бұл жердегі ұстазым Битенов Ерлан. Қазір біз Құранды бетінен оқи алатындай дәрежеге жеттік. Енді тәжуид (көркемдеп оқу) үйренудеміз», - дейді.
Арманы әлем чемпионы болу екен. Осылайша ел мәртебесін көтеруге үлес қоссам деген мақсаты басым. Біз де жас Нұрсұлтанға: «Жарыста жеңіс, оқуда озат бол!», - деген тілегімізді айттық.
"Әзірет Сұлтан" мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
02.02.2017
3432
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру