Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жетімкөңіл сәбилерді жұбатқан иманды арулар

02.02.2017 4987 0 пікір

Жетім мен жесір, қараусыз қария бүгінгі қоғамның ең нәзік те қамқорлыққа мұқтаж саласы. Сондықтан “Нұр-Мүбарак” университетінің студенттері арасындағы “Қыз Жібек” қыз-келіншектер клубының бастамасымен №1 “Кәусар” балалар интернатындағы сәбилерге қайырымдылық жасалды.

Алматы облысы Қапшағай қаласында орналасқан  "Кəусар" интернатында ата-ана қамқорлығынан шет қалған балалар тәрбиеленеді. Барлық жағдай жасалса да әркез ата-анасыз балалық шақтың сәні бар ма? Сондықтан қайырымды жандар тобы қолдан түрлі тәтті пісіріп, балаларға дастархан жайып, арнайы ойындар ойнатып, түрлі сый-сыяпаттар жасады.

Университетіміздің “Дін және тәрбие” бөлімінің жас маманы, студент қыздарға бағыт-бағдар, тәлім-тәрбие жағынан жетекшілік жасайтын Гүлдана Қаңлыбаева: 

- “Кәусар” корпоративтік қорының қамқорлығындағы бұл шаңырақ жас ұрпаққа тəлім- тəрбие мен ел болашығы үшін қызмет етер пайдалы білім беруде. Сондай-ақ, ата дініміздің аясында имандылықпен, ислам құндылықтарымен сусындап өсуіне ерекше мəн беретін тəрбиешілер мен ұжым қызметкерлерінің қарқынды жұмыстарын көріп қуанып қалдық. Соның дәлелі балалардың өнер көрсетуімен қатар қасиетті Құранның соңғы парасын жəне Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерін арабша-қазақша жатқа айтудан жарысып, бізді тәнті етті, - деп балалардың білімге құштарлығына ризашылықтарын жасырмады.


Ер балаларға арналған “Кәусар” интернаты директорының Оқу ісі жөніндегі орынбасары Ардақ Бақтымбетова ханым: "Бұл қыз балаларға жəне ұл балаларға арналған қайырымдылық шаңырақтарына 2006 жылдан бастап "Кəусар корпаративтік қоры" атауы берілген. Сол кезден бастап еліміздің əр облысынан ата-анасы жоқ немесе жалғызбасты аналар мен әкелердің өте ауыр халдегі отбасы жағдайларының балалары тәрбиеленеді. Қапшағай қаласындағы интернат ер балаларға арналған”, - деп қысқаша таныстырып өтті.

Әр аймақтан, әр отбасынан, әртүрлі жағдайда келген балалар бір шаңырақтың астында бір-біріне өте бауырмал екені бірден аңғарылады. Тәрбиеленіп жатқан 59 баланың əрқайсысы өз қызығушылығына сәйкес таңдаған пəнін ерекше ықыласпен оқып, терең зерттеуге жағдай жасалған. Сондықтан тәрбиешілер де балалардың жан-жақты болуы олар білім алатын мектептегі өзге балалардан ерекшелендіріп тұратынын айтып, “Бұл Алланың бізге берген нығметі” деп бағалауда. Тіпті  биылғы мектеп бітіруші болашақ екі түлектің  бірі "Алтын белгіге" үміткер екен. Бұл жағдай бүкіл кәусарлықтардың білімге деген ынтасын арттырып, бауырмалдылықтарын күшейтіп, тәрбиеші ұжым мен балалар арасын жақындата түскендей.

Әрине, мұндай мекемелердің қазақ елінде болуы өкінішті жағдай болса да иыққа түскен  жауапты жүкті арқалап келе жатқан “Кәусар” интернатының əлі де алар асуы мен жетістіктері, бағындырар белестері алда деп “Нұр-Мүбарак” студенттері сенім білдіруде. Сондықтан қоғамымыздағы келеңсіздіктердің бірден бір емі —  игі шараларды көбейтіп, ата дініміз үндегендей жақсылықта жарысу болмақ.

 

 "Нұр-Мүбарак" университетінің баспасөз қызметі

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру