Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақмолада өнегелі Мәуліт мерекесі өтті

27.01.2017 3659 0 пікір

«Көкшетау» мәдениет сарайында он сегіз мың ғаламның рақымы, шапағатшысы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)   тағылымға толы өмірі мен Алланың ақиқат дінін бүкіл адамзат әлеміне таратудағы өнегелі істері жайлы сыр шертетін Мәуліт мерекесіне арналған кеш өтті. Көкшетаудың қақ төріндегі еңселі сарайда халықтың көптігінен ине шаншар орын болмағаны, тағылымды кештің мән-маңызын арттырғандай болды. Қарапайым мұсылман үмметінің өз Пайғамбарына деген сағынышы осы кештің барысында анық сезіліп тұрды.

Ал, осы шараға арнайы келген  Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Жаңбыршыұлы, "Нұр-Мүбәрак" ислам университетінің ұстазы Ризабек Батталұлы мен Қостанай облысының бас имамы Бақытбек Нұрғабылұлы барша жамағатты осынау ұлық мерекемен шын жүректен құттықтап, Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өнегелі өмірінен сыр шертетін тағылымды әңгімелер айтып, Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) деген сағыныш сезімін көремен қауымның жүрегіне сыр қылып құйды.

Астана қаласындағы жастар театрының әртістері қойған қойылымды  қазақ даласындағы діндарларды қудалап, намаз оқығандарды темір торға қамаған зар заманның елесін көз алдыңа әкеледі. Әке мен бала бейнесі арқылы  берілген бұл көріністе отызыншы жылдардағы қаскөй саясат паш етілді.


Тағы да елордадан келіп, өнер көрсеткен  «Тағылым тамшылары» ұлттық-рухани театрының өнерпаздары да рухымызды көтеретін әсерлі көріністерімен  есімізде қалды. Кішкентай бүлдіршіндердің  қазақтың ары мен намысын қайраған жыр жолдары жанымызғы жылылықтың шуағын шашқандай болды.

Рухани азығы мол кеште дәстүрлі ән өнерінің майталмандары Ерлан Құжиман Шортанбайдың термесін орындаса, күйші Сәкен Біржанов Сүгірдің «Қосбасар» күйі, Сәрсенбай Хасеновтың орындауындағы «Қапездің әні» күмбірледі. Бұл туындылардың астарында қазақтың аласапыран замандарында халықтың бастан өткерген тар жол, тайғақ кешулер көз алдыңда көлбеңдейді. Аштықтың ащы запыранын жұтқан қаймана қазақтың «жарлының малын, жалғыздың жанын алған»  кезеңі қайғының бұлты болып тұмшаланғанын сезінесің.

Алаштың бір ұланы Қапездің ұсталып кетіп бара жатып:

«Әзәзілге сендің бе,

Айтқанына көндің бе,

Халқым деген Қапезді 

Жау деп ұстап бердің бе?!»  деген шумақтары алаш қайраткерлерінің елі үшін бастарын бәйгеге тігіп,  құрбан болған азалы тарих беттерін бір ақтарады.

Мәуліт мерекесінің толғанысқа толы бір сәті облыс имамы Қыдырмин Қанат Қоянбекұлының марапаттаулар жасауы барысында өрбіді десе болады.  Алдымен, осы шара аясында өткізілген  «Отанға қызмет – ұрпаққа міндет» шығармалар  және жамбы ату спорты бойынша жарыстардың қорытындылары шығарылып, шығармашылық байқау бойынша  Дана Айыпхан, Назерке Қуанышбай және  Әділет Серік, жамбы атудан Кенжебек Исламов пен Рахман Дәулетке  арнайы сыйлықтар үлестірілді.

Мәуліт күні дүниеге келген Мұхаммед есімді сәбидің ата-анасына ер жігітке тән сипатта ержетсін деген тілекпен қазақы ер және ат-тұрман саймандары табыс етілді.


Өткен жылы елімізде «Үздік ұстаз» атағын және гран при жүлдесін иеленген, №18 қазақ орта мектебінің ұстазы Айгүл Қадырқызына ноутбук, ұстаздардың ұстазы Үміт Есімсейітқызы мен қазақтың келіні Ольга Иосифқызы, азан шақырып қойған аты Мәриям апамызға да сый-сияпат жасалып, құрмет көрсетілді.

Мешіттің алты жасар және сексен алты жастағы шәкірттеріне де марапат жасалуы ұрпақтар сабақтастығының бір көрінісі болып есте қалды.

Осыдан аз ғана уақыт бұрын елорданың күре тамыр жолындағы көлік апаты кезінде өзінің емес, өзгенің өмірін ойлап, екі бейкүнә сәбиді құтқарып, өзі құрбан болған Құмарбек Жәкетайдың отбасына құрмет көрсетіліп, арнайы сый-сыйапаттар табыс етілді.

Ал, Зеренді ауданының Бірлестік ауылының тұрғыны, жиырма екі жасар Айнаш есімді  қазақтың қызына ерекше құрмет көрсетілді. Ол ата-анасынан айрылып, жеті бірдей бауырын жетімдер үйіне жібермей, өз тәрбилеп отырғаны ерлікке пара-пар іс. Қазақтың қайсар мінезді қыздарының бірі екендігін паш етеді. Оған мешіт жанашырларының қолдауы арқасында түрлі-түсті теледидар және отбасы байырларымен Бурабайдағы «Балдәурен» балалар сауықтыру орталығынан жолдама берілді. Кейін өз аты-жөндерін атамауды жөн көрген кәсіпкер азаматтар аталған отбасыға бір жылқы сыйға тартты.

Мешітпен жүрегі байлану – шариғаттағы ең асыл арналардың бірі саналады. Өзі мүгедектер арбасына таңылса да, өмірден түңілмей, білім алып, бүгінде елордадағы жоғары оқу орындарының біріне түскен және мешітіміздің тұрақты жамағатының бірі – Алтынбек Ақниетке  үлкен қажылыққа жолдама берілді.

 

Бақыт СМАҒҰЛ.

Ақмола облысы.


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру