Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақжайық төріндегі Мәуліт кеші

27.01.2017 3576 0 пікір

2017 жылғы 26 қаңтар күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен Орал қаласындағы қазақ драма театрында ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге келген Мәуліт айының құрметіне арналған рухани кеш өтті.

Ұлық мерекеге келген жамағатқа медресе шәкірттері тәттілер сыйлап, жылы шыраймен қарсы алды.

Рухани кешке  Алланың қонағы болған қажы аталар мен әжелер, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, облыс, қала, аудан мешіттерінің имамдары мен қызметкерлері, медресе ұстаздары мен шәкірттері, қала тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, театрда ине шаншар жер болмады.  

Кеш барысында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан қажы Сұлтанов құттықтау сөз сөйледі.

Кеш қасиетті Құран Кәріммен басталып, оны Орал медресесінің шәкірті Баубек Бектұрғанов оқыды. Одан кейін медресе шәкірттері Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтып, кешті шырайландыра түсті.

Рухани кеште дін турасында әндер мен жырларға кезек берілді. Діни өлеңдер оқылып, термелер орындалды.

Рухан шараның арнайы қонағы ҚМДБ РАНТ мүшесі, исламтанушы Арман Қуанышбаев  Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өнегесі турасында уағыз айтып, қаумалаған әлеумет ұйып тыңдады.

Ақжайық жұрты Мәуліт айына деген ықылас-ниетінің жыл санап артып отырғанын тағылымды кеш тағы бір дәлелдеді. Жылдан-жылға мұсылман жамағатының көбейгені баршамыздың көңілімізге нұр сыйлады.

Шара соңында ҚМДБ-ның төрағасы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының "Алғыс " хатымен  Мұратбек Жахатов (Жаңақала аудандық мешітінің бас имамы), Есенболат Абдуғалиев (Жәнібек  аудандық мешітінің бас имамы ауданы), Әзілхан Бисенғалиев (Зеленов аудандық мешітінің бас имамы), Самат Алибаев (Орал орталық мешітінің найб имамы), Халықбек Сыдықов (Теректі ауданы, Подстепное ауылының молдасы) сынды азаматтар марапатталды.

Жиналған иісі мұсылман жамағаты жоғары деңгейде ұйымдастырылған кештен үлкен рухани ләззат алып, ризашылықтарын білдіріп тарасты.

 

ҚМДБ Батыс Қазақстан облысы бойынша

 баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру