Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Павлодардағы Мәуліт кеші

26.01.2017 3884 0 пікір

Керекуліктер жыл сайын Мәуліт мейрамын асыға күтеді. Биылғы Мәуліт мерекесіне арналған рухани шара 25 қаңтар, кешкі сағат 18.00–де Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында басталды. ҚМДБ-ның  Павлодар облысы бойынша өкілдігі, орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің ұйымдастыруымен ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туған айына  арналған рухани-сазды  кешке  облыс, қала басшылары, аудан, қала имамдары, жамағаттар, ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, студенттер, жастар келіп тамашалады.

Сәрсенбінің сәтті күніне орайластырылған іс-шара аясында  жиылған жамағатқа, адамзаттың ардақты тұлғасы, сүйікті Пайғамбарымыздың өмір жолын етене таныстырып, өн бойындағы маржандай көркем мінез-құлқынан, өнегелі өмірінен үлгі, Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) асыл қасиетін жамағаттың бойына сіңіру мақсатында жүргізілетін Мәуліт мерекесіне келген көрермендер саны жылдан-жылға көбейіп, биылғы жылы мәдениет сарйының мың кісілік залы лық толды.

Кеш Құранның теңдесіз аяттарымен басталды.

Келесі кезекте танымал айтыс ақыны Қуаныш Шарманов:

«Уа!, Ғаламдардың ғашығы,

Адамзаттың асылы

Алланың соңғы Расулы

Қош келдің мынау дүниеге!..», -деп кеш мазмұнын  әсерлі де сіңімді салауат сөздерімен бастап, ғибратты да тәлімді қысқа әңгімелермен жиылған қауымның құлақ құрышын қандыра отырып, республикамызға танымал «Өнер қырандары» әзіл-сықақ театрының  «Аллаға шүкіршілік», «Адал ырыздық», «Жаңа жылдың зардабы» қатарлы сахналық қойылымдарына, әнші Сержан Әлі Әлібектің «Аллаға мадақ, Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат», «Жаралғаныңа қуан», әнші Асылбек Сапарбекұлының  «Ойламаңдар жігіттер...»,  10 жасар бүлдіршін Шыңғыс Асығатұлының «Әкешім-анашым» әндеріне кезек берді.


Рухани іс-шараны жергілікті өнер таланттары белсене қатысып, ақын-жыршылар мен әншілер Алла және Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), имандылық пен бес парыз жайында термелер мен әндер айтты. Олардың шырқаған  өсиет термелері мен тағылымдық мәні зор көріністері жүрекке нұр, көзге жас үйірді.

Бұл кешке  республикамызға танымал «Өнер қырандары» әзіл-сықақ театры әртістері және танымал әнші Сержанәлі Әлібектердің арнайы шақыртумен келіп қатысқаны кештің мәні мен сәнін келтіріп, дәрежесін көтерді. Олардың орындауныда  Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) деген сағыныш сезіміне толы иләһи әндер, күмбірлеген күйлер шертілді.

ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойыншы өкіл имамы, «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің бас имамы Нариман Ермекұлы жамағатты айтулы меркемен құттықтап, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  туған күні оның өнегелі өмірі, көркем мінезі жайында уағыз айтты.

Жиналған қала жұртшылығы рухани кештен үлкен ғибрат алып, ризашылықтарын білдіріп тарқасты. Рухани шара соңында мешіт жанашырларына дастархан жайылып ас беріліп, еліміздің амандығына, дініміз исламның көркеюуіне дұға жасалып, «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің бас имамы келген қонақтарға ізгі тілегін айтып, жиылған көпшілік ризашылықпен тарқасты.

 

«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің

 баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру