
Адамзаттың асылы, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге келген Мәуліт айының құрметіне орай «Иманғали» орталық мешітінде біраз игі шаралар қолға алынды. Әсіресе, жастарға Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір тарихын жақын таныту мақсатында ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, Бас имам Батыржан Берденұлының қолдауымен іске асқан жас жамағатты кітап оқуға жұмылдыру бастамасы қайырлы бастамалардың бірі болды.
Нақты айтқанда, осыдан бір ай бұрын, 13-желтоқсан күні, жас жамағатқа арналған басқосу өтіп, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаянын толық баян ететін «Адамзаттың асыл тәжі» атты еңбекті бір ай ішінде оқып бітіру туралы тапсырма берілген еді. Қорытынды сынақ шығарма түрінде өтетіні де ескертілген-ді.
Міне, бүгін 18-қаңтарда аталған курс өз мәресіне жетіп, шығармашылық емтихан өтті. Шараны өкіл имам Батыржан Берденұлы ашып, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір тарихынан тағылым ала білудің артықшылықтарына тоқталды. «Екі дүние сардары, асыл Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) – Алла Тағаланың сүйікті Елшісі. Адамзатқа рақым Пайғамбары ретінде жіберіліп, күллі дүниені қасиетті Құранмен сүйіншілеген теңдессіз тұлға. Олай болса, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өміріне тереңірек үңіліп, оны тереңірек тану – Ислам дінін, Құранды танумен тең игі амал. Демек, Ислам дінінің хикметін ұғынуда Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаянын білудің маңызы ерекше», – деді.
Б.Берденұлы, Ө.Аманбайұлы және наиб имам А.Жұмабекұлы әділқазылық еткен бақылау жұмысында шәкірттер билет сұрақтары бойынша шығарма (эссе) жазып, өзара бақ сынасты. Сайысқа 20-дан аса шәкірт қатысты. Емтихан қорытындысы, яғни 3 орын, 2 ынталандыру сыйлығына үміткер жастардың есімі 27-қаңтар күні М.Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрында өтетін «Пайғамбарым – ардақтым» атты Мәуліт кешінде жарияланады.
Айта кету керек, «Иманғали» орталық мешіті алдағы уақытта жас жамағатты кітап оқуға жұмылдыру, кітап іліміне қызығушылығын арттыру мақсатында кітап оқу акциясын дәстүрлі түрде өткізіп тұруды жоспарлап отыр. Алла қаласа, жастардың ендігі жарыса оқып, сынақ тапсыратын кітабы ай соңында өткізілетін басқосуда белгілі болады.
Гүлбану Нұрымқызы,
«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
18.01.2017
4376
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру