Алланың соңғы Елшісі Мұхаммедтің(оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туылған айы кірісімен жер жерде Мәуліт мерекесі аталып өтуде. Алматы облысы Талдықорған өңірі Алакөл ауданы бойынша да әр ауылда Мәуліт оқылып, салауаттар айтылуда. 14 қаңтар аудан орталығындағы З. Қойшыбаева атындағы аудандық мәдениет үйінде "ҰЛЫ ТҰЛҒА" атты рухани Мәуліт кеші өтті.
Биылғы Мәуліт кеші жылдағыдан әсерлі де ерекше болды. Алакөл ауданының бас имамы Әнет Омарханұлының арнайы шақыртуымен Мәуліт мерекесін Талдықорған өңірінің өкіл имамы Серікхан Рымханұлы басқарып, өкіл имамның бірінші орынбасары Ардақ Нүсіпханұлының ұйымдастыруымен бір топ имамдар мен «Самға» театрының өнерпаздары, белгілі әнші, композитор Данияр Құрамысов, Алғысбек Дәуенұлы келді. Алланың каләмі болған Құран оқумен басталған рухани кеште мағыналы қойылымдар қойылып, діни әндер мен термелер айтылды. Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) деген сағынышпен келген көпшілік залға толып, ине шаншар жер қалмады.
Тағылымы мол рухани кештен әсер алған көпшілік көз жастарына ерік берді. Мерекеден кейін Белгібай ата хатымханасында 300 адамға арналған дастархан жайылып, Мәулітке келген халыққа ас берілді.
Өкіл имам Серікхан Рымханұлы аудандық мешітте уағыз айтып, жұма намазын өткізді. Жұма намаздан соң Бұлақты ауылы «Әз ана Нұрғұлқасыл» мешітінде де мәуліт мерекесі өтіп, Серікхан Рымханұлы Пайғамбарлар мөрі болған Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаянынан уағыз-насихат айтты.
ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі өкілдігінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
17.01.2017
3603
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру