Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Әзірет Сұлтан» мешітінде 11 111-ші жұптың некесі қиылды (ФОТО/ВИДЕО)

16.01.2017 5185 0 пікір

Ару қала Астанамыздың ажарын арттырып, әсемдігін әрлей түскен «Әзірет Сұлтан» мешітінің көрген жанның көз тоятын қандырып, келген жанның көңілін асқақтатып жіберетін бір құдіреті бары сөзсіз. Қазақы нақышта қаланған мешіт қабырғалары мен алып күмбездің өзі не тұрады десеңізші! Ат шаптырым аумаққа жайылып жатқан жасыл жайнамаз үстінде алып бағандардың арасынан күмбезге әр қараған сайын сезіне түсетін сәттерді айтсаңызшы!

Картинки по запросу никах в хазрет султане

Ашылғанына бес жылдың жүзі енді болатын бұл мешіттің Астана жұртшылығының жүрегінен аяулы орын тепкелі қашан. Бірегей білім ордасына айналып, қайырымдылық шараларының қара шаңырағы атанған «Әзірет Сұлтан» мешітінің әсемдігі мен қонақжайлығы да қала халқының қалауына жағып, жиі бас сұғатын орынға айналған. Ауылдан ат терлетіп жеткен ағайынға Астананы таныстырып, аралатуға алып шыққандардың алғашқы қадамы да осы Алланың үйінен басталып жатады.

Бұдан бөлек, әсем мешіттің тағы бір «өз қонақтары» бар. Олар – отбасылық өмірге деген алғашқы қадамдарын осы мешіттен бастағысы келетін жас ғашықтар тобы. Құлшылық ордасының бүйір есіктерінен жүздері бал-бұл жанып кіріп-шығып жатқан бұл топ үшін «Әзірет Сұлтан» мешіті махаббат мекеніне айналған. Күн санап кісі құрғамайтын неке залының алды сенбі, жексенбі күндері тіптен қыза түседі. Алла Тағала алдындағы адал неке, қуаныштан төгілген көз жасы, қауышқан құдалар, имамның ақ батасы, жүректің үдей түскен дүрсілі... Айналаңның бәрі көркем, бәрі әсем, бәрі бақытты сияқты. Көптен күткен кезің көз алдыңда өтіп жатыр. Кенет некеңді қиып берген имам күлімдей келіп қолына арнайы «Әзірет Сұлтан» мешітінің «неке куәлігін» ұстатқанда, махаббаттың мөрін қолына алғандай боласың... 

Картинки по запросу молодожены в хазрет султане

Міне, бүгін осындай бақытты шақты «Әзірет Сұлтан» мешітінде некесін қидыруға келген 11 111-ші жұп сезініп қайтты. Алып құлшылық ордасындағы неке кітапшасына тіркелген алғашқы бес бірдей таңбалы неке қию рәсімі Астана қаласының тұрғындары Руслан Таженов пен Кәмшат Молдашқызына бұйырыпты. Жас жұбайлардың некесін «Әзірет Сұлтан» мешітінің бірінші наиб имамы Қуат Ерғалиұлы өзі қиып, ақ батасын арнады. Сондай-ақ, ерекше реттік нөмірдің иесі атанған жас жұбайларға «Әзірет Сұлтан» мешіті атынан арнайы ескерткіш сағат тарту етілді.

Бір-бірінен бақыт тауып, сүннет жаңғыртқан жастардың көбіне неке қию рәсімін өткізуге «Әзірет Сұлтан» мешітін таңдауының да бір ұшығы осы құлшылық ордасының әсемдігі мен қызмет сапасында жатқаны айқын. Сөзіміздің тұздығы ретінде  «Әзірет Сұлтан» мешітінде некесі қиылған жас жұбайлар санының жыл санап артып келе жатқанын айтуға болады.

Мысалға, мешіт ашылған күннен бастап, 2012 жылдың 30-желтоқсанына дейін 1452 жұптың некесі қиылса, 2013-жылдың 31-желтоқсанына дейінгі аралықта отбасылық өмірге алғашқы қадамдарын «Әзірет Сұлтан» мешітінен бастағандардың саны 2160-қа жеткен. Ал, 2014-жылы бұл көрсеткіш 2296-ға тұрақтайды.

2015 жылы «Әзірет Сұлтан» мешітінде неке қидырған жұбайлар саны 2591-ге артқан. Бір қызығы, былтырғы жылы қиылған некелер саны да осы төңіректе тұрақтайды – 2590! Ал, биылғы жыл басынан бері 22 жұп неке қидырған.

Картинки по запросу әзірет сұлтан мешітіндегі неке

«Үйлену оңай, үй болу қиын» деп жатады халқымыз. Данышпан бабаларымыз осы сөзі арқылы жастарды ерте кезден бастап отбасылық өмірдің маңызын ұғынып, салмағын сезіне түсуі айтқандай. Расында да, ақ некесін қидырып, бір-біріне адал жар атанған жастар мойнына артылатын міндеттер мен парыздардың салмағы оңай емес. Осы орайда, «Әзірет Сұлтан» мешіті имамдарының отбасы құруға өтініш білдірген жастарға арнап өткізіп келе жатқан «Жанұя жарасымы» атты семинар-тренингтің орны ерекше. Осыдан екі жыл бұрын мешіт бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлының бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылған семинар жұмысының жас жұбайлар үшін берері мол, үйретері көп. Отбасылық кикілжіңдерді шариғат шарттарына сай шешіп, сүйіспеншілікті арттыра түсу жолында таптырмайтын ақыл-кеңестерімен қатар, атақты психологтардың тәжірибелерімен таныстыратын семинар-тренинг жұмысы бүгінде тоқсан сайын бір рет өткізіліп келеді.

Картинки по запросу жанұя жарасымы

Muslim.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру