Павлодар облысы, Ақсу ауданы орталығында Сәбит Дөнентаев атындағы мәдениет үйінде жылдағы дәстүр бойынша адамзаттың ардақтысы, көркем мінездің өшпес үлгісі, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туылған күніне орай Мәуліт мерекесі аталып өтті.
Рухани кешке қала мен ауыл-аймақ мешіттерінің имамдары мен қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Кешті облысқа, республикаға белгілі ақын Қуаныш Шорманов жүргізді.
Бірнеше ғасырлардан бері тойланып келе жатқан бұл мерекенің басты мақсаты — Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) іс-әрекеттерін насихаттау, салауаттар айту, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру болып табылады. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұрпақтан-ұрпаққа жеткен рухани өнегелі өмірі, тәлім-тәрбиесі мол ұлағатты сөздерін жас өрендердің санасына сіңіру, жастардың дұрыс, тура жолмен жүріп-тұруына септігі тиетін хадистерді насихаттау болып табылады. "Мәуліт" — араб сөзі, қазақша «туған күн» деген мағынаны білдреді. Бұл атау Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі әрі сардары Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге келуінің құрметіне берілген.
Мәулітке келушілерді Ақсу қаласының бас имамы Әбдімүтәліп Омаров құттықтап, адамзаттың абзалы болған, екі дүниенің сардары Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туған айы – Мәуліт мерекесі тәлім мен тәрбиеге толы рухани басқосуларда атап өтіліп жатқанын, мешіттерімізде Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтылып, тәуелсіз еліміздің рухани тұтастығы мен халықтар бірлігі үшін дұға жасалуда екенін айтып өтті. Бұдан соң бас имам мешітке үнемі қол-ұшын беріп, көп көмек көрсеткен қаламыздың екі үлкен кәсіпорынының басшылары «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ Президенті Валерий Гриненко мен Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Сергей Прокопьевке Алғыс хат табыс етті.
Бұл күні кешті жүргізуші Қуаныш Шорманов Құран сүрелерін, оның ішінде Исламның бастапқы қалыптасу кезеңіндегі оқиғаларға, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге келуіне байланысты түскен аяттар жайында айтты. Әсіресе, имандылық жолында сан мыңдаған қиындықтардан жол тауып шығатын, жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін сырлы монологтар, бейнероликтер, діни ән-термелер тыңдаушының рухани тынығып, ой топшылауына ықпал етті. Мәуліт мерекесін тойлауды қазақтың ұлттық дәстүріне жақындату үрдісі осы күні еркін байқалып тұрды.
Рухани кеште Мұса Құтыманов «Дүние керуен» әнін, «Желдірме» ақындар үйірмесін жетекшісі Асхат Тұрғанбеков «Жарқыраған дүние-ай» әндерін орындады. Жас ақындар Алтынбек Мақсатхан мен Оразбек Саяхат айтысқа шығып, өздерінің салмақты да салиқалы сөз өнері айтыста дінімізді тақырыптарына тұздық етті. Сондай-ақ бұл күні «Пайғамбарымызға арнау» термесі, «Жетімнің зары» монологы, «Жаратушы Алла» әндері көрермендерге ой салғандай болды. Ризашылықтарын ду қол шапалақтаумен білдіріп жатты.
Мәуліт мерекесіне барлығымыз біржақты қарап, жастарымыздың, жалпы, халқымыздың имандылығының артуына, Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншілігіміздің нығаюына пайдалана білсек, «нұр үстіне нұр» болар еді.
Жиын соңында мұсылман қауым бір-бірін құттықтап, аман-саулық тілесіп тарқасып жатты.
Павлодар облысы «Мәшһүр Жүсіп»
мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
13.01.2017
4116
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру