Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Әзірет Сұлтан» мешіті – бірегей білім ордасы (ФОТО)

30.12.2016 6515 0 пікір

Арқа төсінде бой түзеген Астанамыздың ажарын арттыра түскен көрікті ғимараттардың бірі – еліміздің Бас мешіті «Әзірет Сұлтан» құлшылық ордасы. ТМД көлемінде теңдесі жоқ алып мешіттің жалпы аумағы 18 мың шаршы метрді құрайды. Дегенмен, еліміздің бас мешіті атанған алып құлшылық ордасы өзінің атшаптырым аумағымен ғана емес, еліміздегі ең іргелі білім ордасы екендігімен де ерекшеленіп тұрады.

Похожее изображение

Құлшылық ордасы, негізінен, үш қабаттан тұрады. Бірінші қабатында неке қию және Құран бағыштау орындары, конференц залдар мен мейрамхана, дәрет алатын бөлмелер орналасқан. Екінші қабатындағы ер адамдардың намаз оқитын орны үлкен және кіші залға бөлінген. Мешіттің үшінші қабаты әйелдердің намаз оқитын бөлмесіне арналған.

Сонымен қатар, бұл қабатта мешіт имамының, наиб имамдар және қызметкерлер кабинеттері, кітапхана және дәріс сыныптары бар. Дәріс сыныптарының барлығы интерактивті тақтамен жабдықталған. Ашылу салтанатында Елбасымыздың өзі «білім-ғылым ордасына айналуы тиіс» үміт артқан «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі бұл дәрісханалардың бүгінге күнге бос тұрған кезі болған емес. Тіпті, мешіт ұстаздары дәрісхана жетіспегендіктен, құлшылық ордасының кез келген бұрышын оқу алаңына айналдырып, сабақ өткізуге үйреніп алған. Еліміздегі ең білікті мамандардың басы қосылған Бас мешіттегі бұл дәрісханалардан діни сауатын ашып, білімін арттырған шәкірттердің жылдан-жылға көбейіп келе жатқаны – бұл жердегі білім сапасының биік айғағы. Мешіт имамдары мен ұстаздарының қажырлы еңбектері арқасында бүгінде «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі діни сауат курсының жұмыстары жолға қойылып, арнайы І және ІІ дәрежелі оқу деңгейлері қалыптасқан.

«Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлының бастамасымен 2014-жылдан бастап діни сауат ашу курсын тәмамдаған шәкірттерге арнайы сертификат табысталып, бітіру кеші ұйымдастырылып келеді. Шәкірттердің ынтасын арттырып, ілім жолындағы ізденістерін шыңдай түсуге бағытталған бұл шара аясында алғашқы жолы «Әзірет Сұлтан мешітінің діни сауат ашу курсының сертификатына» 200-ден астам жамағат ие болған еді.

Арабша хат танып, әрбір әрпі сауапқа тұнған қасиетті Құран Кәрімді тұпнұсқасынан оқуды ниет еткендердің саны келесі 2015-жылы бұрынғысынан да көбейе түсті.  «Әзірет Сұлтан» мешітінің діни сауат ашу курсына 2015-жылы жаңадан тіркелген ерлер саны 189 болса, ақжаулықтылардан 142 жан жазылды. Бұдан бөлек, діни сауат ашу курсының жалғастырушы тобындағы 103 ер кісі мен 72 әйел шәкірт дәрістерін ары қарай шыңдай түсті. Осылайша, 2015 жылы «Әзірет Сұлтан» мешітінің діни сауат ашу курсында білім алып шыққан шәкірттердің жалпы саны 508-ді құрады.

Бұл жылы «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі оқу жылының аяқталу шарасына ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өзі қатысып, білім саласында бірегей қызмет атқарып келе жатқан мешіт имамдары мен ұстаздарына арнайы «Алғыс хат» табыстап, өз ризашылығын білдірді. 2015-жылы «Әзірет Сұлтан» мешітінде алғаш рет ІІ дәрежелі оқу сертификатымен былтырғы білімдерін жалғастырған 93 шәкірт марапатталды.  Бұған қоса, діни сауат ашу курсының біржылдық оқу бағдарламасын аяқтаған 219 ер адам мен 98 әйел адамға І дәрежелі сертификат берілді.

Құлшылық ордасындағы қос тілде қатар жүргізілетін дін сауат ашу курсына қатысушылардың саны биылғы оқу жылында 600-ден асып жығылды. Алма-кезек ауысып жататын әр ұстаздың сабағы күн сайын таң намазынан кейін басталып, кеш батқанға дейін дәрісхана ішін босатпайды. Арабша хат танып, діни білімін жетілдіре түсуге бағытталған сауат ашу курсына қатысуға биылғы жылы 406 ер және 216 әйел ынта білдірген.

Білдей бір оқу орнының миссиясын атқарып отырған келе жатқан «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі қалыптасқан білім жүйесіне қоса, шәкірттер арасындағы бір үйдің балаларына тән бауырмашылдық, адал достық пен сыйластықтың да жыл санап жаңа деңгейге көтерілгені байқалады. Бұған мешіт ұжымының ұйымдастыруымен өтетін түрлі спорттық сайыстар мен білім байқаулары, кездесулер мен тағылымды демалыс кештерінің тигізген үлесі мол екені сөзсіз.

Атап айтар болсақ, шәкірттер арасында бүгінгі таңда арнайы футбол, волейбол біріншіліктері өткізіліп, ауыспалы мешіт кубогы сарапқа салынып келеді. Бұған қоса, «Салауатты жамағат»«Теңбіл доп»«Шынықсаң, шымыр боласың» секілді сайыстар үнемі өткізіліп тұрады. Бір-бірімен жақын танысып, аралас-құраласып кетуге жол ашқан дүбірлі додалар, расында да, жамағат бірлігін нығайтып, бір үйдің балаларына айналдырып жібергендей.

Бұған қоса, шәкірттердің білім деңгейлерін бақылап, жігерлерін жани түсу мақсатында Құран жарыстары мен білім байқаулары да тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мысалға, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлының бастамасымен былтырғы жылдан бастап шәкірттер арасында екі рет діни олимпиада өткізілді. Алғашқы жолы ақида саласы бойынша «Сеніміңе берік бол!» тақырыбында өткен діни олимпиадаға 68 шәкірт қатысқан болатын. Ал, биылғы жылы «Пайғамбар (с.ғ.с.) үйреткен намаз» тақырыбында өткен білім байқауында 112 шәкірт бақ сынады. Қалыптасқан дәстүр бойынша екі сайыстың да ақтық айналымы жұма намазынан кейін жамағат алдында өтті.

Еліміздің бас мешітінде бұдан бөлек жыл сайын оқушыларға арналған жазғы діни сауат ашу курсы ашылып, маусым айы бойы балдырғандардың рухани нәр алып жетілуіне жағдай жасап келеді. «Хикмет» телерадиостудиясының баспасында әзірленген «Құран әліппесі», «Имандылық әліппесі», «Құлшылық қағидалары», «Әдеп сабақтары» секілді кітапшалар осы саладағы алғашқы тәрбие құралдары екені даусыз. Балдырғандардың жазғы демалыстарын тиімді өткізуге таптырмайтын мешіттегі жазғы лагерь жұмысы да жыл сайын жаңа деңгейге көтеріліп келеді. мешіт имамдарының бастамасымен бала шәкірттерге де «Әзірет Сұлтан» мешітінің сертификаты табысталып, жазғы лагерь жұмысы аяталу құрметіне мерекелік дастархан жайылып келеді.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, мешіт шәкірттері арасындағы адал достық пен сыйластықты арттырып, ұйымшылдықты ұлықтай түсу жолында түрлі кездесулер мен уағыз-насихат жұмыстары үнемі өткізіліп тұрады. Бас мешіт мінберіне еліміздегі білікті теолог ғалымдар шақырылып, жамағат үшін жағдай жасалу үстінде. Осындай игі шаралардың бірі ретінде жаз айларында мешіт қызметкерлері мен шәкірттерінің бірлесе табиғат аясына шығып, тағылымды демалыс өткізіп қайтатынын айтса болады.

Muslim.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру