Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жаңаөзенде жаңа мешіт ашылды (ФОТО)

27.12.2016 7709 0 пікір

Ел іргесі бекіген, Тәуелсіздігіміздің туы желбіреген шақта қуаныш пен берекенің айғағындай Маңғыстаудың төрінде тағы бір мешіт бой көтерді.  Ол - Жаңаөзен қаласындағы Әбіш қожа мешіті.  25 жыл болған егемендігімізге еңселі сый - Маңғыстауда 25-ші мешіттің ашылуы болды. Аумағы 4 гектар жерге тұрғызылған имандылық ордасының ашылу салтанатына облыс әкімі Алик Айдарбаев қатысты. Ел қуанышына ортақтасқан өңір басшысы жиналған қауымды құттықтап, сөз сөйледі. «Жаңа мешіт қалада рухани және мәдени ағартушылық орталығының рөлін атқаруға үлес қосады деп сенемін. Жаңаөзенде өзінің орталық мешітінің болмауынан осы жаңа мешітті салуға мұрындық болып, құрылыс жұмысының басында жүріп, игілікті істі атқарған, жұмыс барысында материалдық және техникалық қолдау көрсеткен әр азаматқа, үлкен қолдау білдірген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына алғыс айтамын», - деді облыс басшысы.



Ізгілік пен мейірімділіктің ұясы, Алласына сыйынар мұсылман қауымының  құлшылық үйінің қадір қасиетін айтып, өзінің келелі сөзін кемеңгер ойымен жеткізген республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбай жұртшылықты жаңа мешіттің ел игілігіне берілуімен құттықтады.

Өкіл имам Смайыл Сейітбеков өңір мешіттерінің атқарып жатқан шараларына тоқталып, мешіт санының артуы - қуанышты жайт екенін, мешіттердің ашылуынан емес, дін атын жамылған ағымдардан сақтануды, ол үшін арнайы ҚМДБ тарапынан бекітілген имам  - молдалардан келіп сабақ алуға шақырды.

Заманында дін ұстанған тақуа, бала оқытып, Исламды жайған діндар Әбіш қожаның ұлы Смағұл Әбішұлы әке есімінің жаңа мешітке берілуін жақсылықтың нышанына балап, қазақ халқының өткенін құрметтеп, ата-бабасын ардақтаған ұлт екенін айтты. Халыққа  өзінің ризашылығын білдіріп, бұл мешіттің ынтымақ пен берекенің, тәрбие мен имандылықтың ордасына айналуына тілектестік білдірді.



Мұнан соң жаңа мешіттің бас имамы таныстырылып, өкіл имам ҚМДБ тарапынан шығарылған бұйрықты жиналған көпшілікке оқып, жаңа мешіттің жаңа имамы Құрманбек Абдалиевті өңір тұрғындарына таныстырды.

Лента қию рәсімінен соң мешіт ішінде құран оқылды. Облыс басшысы өкіл имаммен бірге жаңа ғимараттың ішін аралады.

Бір мезгілде 1500 адам келіп құлшылығын жасай алатын зәулім ғимарат Қазақстандағы ең үлкен 10 мешіттің қатарына еніп отыр. Құрылыс жұмыстары 3 жылға созылған құлшылық үйінің бой тіктеуіне өңірдегі кәсіпкер азаматтар, қарапайым халық қол ұшын созған. Сметалық жобасы әзірленіп, арнайы қайырымдылық қор құрылған. Ел ауызбіршілігінің жарқын үлгісіндей, ынтымақтаса атқарылған істің нәтижесінде Жаңаөзен қаласынан осылайша зәулім мешіт жарқырай бой көтерді.

Маңғыстау облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру