Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бас мүфтилер бас қосқан «Әзірет Сұлтан» мешіті

26.12.2016 4263 0 пікір

Осыдан төрт жарым жыл бұрын Елорда жұртшылығына есігін айқара ашқан «Әзірет Сұлтан» мешіті бұл күнде еліміздегі құлшылық ордаларының көшбасшысына айналғанын айтып жатудың өзі артық. Жақында ғана ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен «Әзірет Сұлтан» мешітіне «Республикалық маңызы бар Бас мешіт» мәртебесінің берілуі де осы айтқанымызды айғақтай түсетіндей. Төрт жыл ішінде төрт бағыт бойынша (қайырымдылық шаралары, уағыз-насихат және оқу-ағарту салалары, теріс ағым өкілдерімен жұмыс) атқарылған ауқымды шаралардың басында тұрған «Әзірет Сұлтан» мешітіне берілген бұл мәртебені әділ тарихи бағасы деп бағамдауымыз қажет.

Аз ғана уақыт ішінде атақ-даңқы еліміздің шеңберінен асып түсіп, алыс-жақын шетелдерге кеңінен жайылған «Әзірет Сұлтан» мешіті мұрындық болған көптеген іс-шараларды басқа құлшылық ордаларының қайталап ұйымдастырып, республика көлеміндегі дәстүрлі акцияларға айналып жатуы да көп жайтты аңғартады. Осы айтылған төрт жарым жыл ішінде мешіт мінберінен еліміздегі ең білікті дін қызметкерлері дәріс өткізіп, тұрақты түрде уағыз айтып келеді. Төрт жыл бойы тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл үрдіс «Әзірет Сұлтан» мешітінің республикамыздағы «мәртебелі мінберге» айналғанының айқын дәлелі емес пе?!

Осы орайда «Әзірет Сұлтан» мешітінің тек еліміздегі дін мамандарының ғана емес, әлемдік деңгейдегі дін басшыларының бас қосқан рухани орда екеніне айрықша назар аударғанымыз жөн. Алып құлшылық ордасының төр жарым жылдық тарихына үңілер болсақ, көптеген мұсылман мемлекеттерінің мүфтилері мен ғұламаларының да «мәртебелі мінберден» уағыз айтып, жамағатпен бірге дұға жасағанына куә боласыз.

«Әзірет Сұлтан» мешітіне арнайы келген әлемдік дінбасылардың алғашқысы – Гонконг мүфтиі Мұхаммед Аршад. 2012-жылдың қазан айында Елордамызға ресми іссапармен жолы түскен Мұхаммед Аршад алғашқы қадамын Алла үйінен бастаған жөн көрген еді. Гонконг мүфтиі «Әзірет Сұлтан» мешітінің әдемілігіне қайран қалып, «бізде де осындай мешіт болса ғой» деген арманын да жасыра алмай кеткен болатын.

«Әзірет Сұлтан» мешітіне келіп, уағыз жүргізген әлемдік дінбасылардың ішіндегі шоқтығы биік тағы бір тұлға – Мысыр елінің мүфтиі болған атақты Әли Жұма. 2013-жылдың қыркүйегінде Астана қаласында өткен «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезді хатшылығының ХІІ отырысына» келген Мысыр мүфтиі келесі күні арнайы «Әзірет Сұлтан» мешітін зиярат етіп шықты. Атақты ғұлама осы сапары барысында жаңадан ашылған «Хикмет» телерадиостудиясында қонақта болып, өзекті тақырыптар бойынша сұхбат берген еді.

Өзінің арнайы сапарымен мешіт ұжымын ғана емес, жамағатты да қоса қуантқан дінбасылардың бірі ауған елінің астанасы «Кабул» мешітінің бас имамы Мұхаммед Аяз Ниязи болды. Құлшылық ордасын аралап, тыныс-тіршілігімен танысқан дін білгірі ақшам намазынан кейін жамағатпен кездесу өткізіп, мұсылмандардың бірлігі жайында уағыз жүргізген болатын.

«Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезді хатшылығының ХІІ отырысына» қатысуға келген мұсылман мемлекеттерінің дінбасылары бұл күндері «Әзірет Сұлтан» мешітінде жамағат болып намаз болып, жұртпен бірге дұға жасады. ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы да құрметті қонақтарды «Әзірет Сұлтан» мешітінде қарсы алып, арнайы кездесу өткізген еді.

Олардың қатарында Ресей мүфтилері кеңесі және Ресейдің еуропалық бөлігі мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Равиль Ғайнутдин, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Аллашүкір Паше-Заде мен Иран Ислам Республикасының білім және философия кеңесінің төрағасы Абдулхұсейін Хосропанах, Түркия Дін істері басқармасы төрағасының орынбасары Мехмет Емин Озафшар, Ресейдің азиялық бөлігі мұсылмандары діни басқармасының Сібір федералдық округінің мүфтиі, Омбы облысы қазақтарының аймақтық ұлттық-мәдени автономиясының президенті Анарбек Жүнісов, Ресей мүфтилері кеңесінің тең төрағасы, Ресейдің азиялық бөлігі мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Нафигулла Әшіров, Қырғыз мұсылмандарының Бас мүфтиі Рахматулла Егембердиев, Монғол ислам діндарларының мүфтилер Одағының төраға орынбасары Дәулетбек Хұрманханұлы, т.б. дін жанашырлары болды.

Ресейдің еуропалық бөлігі мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Равиль Ғайнутдин Бас мүфтидің тартуын қабыл алуда.

Бас мүфти Түркия Дін істері басқармасы төрағасының орынбасары Мехмет Емин Озафшарды қабылдауда.

Қырғыз мұсылмандарының Бас мүфтиі Рахматулла Егембердиев.

Қырғыз Бас мүфтиі Ержан Малғажыұлына шапан жауып, тамаша табиғаттың суретін сыйлаған сәті.

Монғол ислам діндарларының мүфтилер Одағының төраға орынбасары Дәулетбек Хұрманханұлы.

Ресейдің азиялық бөлігі мұсылмандары діни басқармасының Сібір федералдық округінің мүфтиі, Омбы облысы қазақтарының аймақтық ұлттық-мәдени автономиясының президенті Анарбек Жүнісовтің ақ батасы...

Ресей мүфтилері кеңесінің тең төрағасы, Ресейдің азиялық бөлігі мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Нафигулла Әшіров.

Көз қарықтырған көркі мен қонақжай дәстүрінің арқасында болар,  Астанамызға жолы түскен жандарды өзіне қарай тартып тұратын «Әзірет Сұлтан» мешітінде мұндай келелі кездесулер көптеп өтіп тұрады. ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының құрметті қонақтарды басқа емес, дәл осы «Әзірет Сұлтан» мешітінде күтіп алып, қос тарап арасындағы келісімдер де еліміздің Бас мешітінде жасалып келеді. Солардың бірі – Ержан қажы Малғажыұлының Омбы қаласының Бас имамы, наиб мүфти Бота Бақулинмен өткізген кездесуі. 2015-жылы еліміз бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылған І Республикалық имамдар форумына құрметпен шақырылған Бота Бақулин осы кездесу барысында бірқатар мәселелер бойынша өз өтініш-ұсыныстарын жеткізген болатын. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Омбы облысында тұратын қазақ бауырларға Діни басқармадан шығып жатқан газет-журнал, кітаптарды жүйелі жеткізіп тұруға уәде берді. Сондай-ақ, екі жақты тәжірибе алмасу, имамдардың білімін жетілдіру бағытында арнайы келісімдер жасалды.

Екі жақты келісімдер жасалып, тараптар арасындағы татулықты арттыра түскен бұндай кездесулер «Әзірет Сұлтан» мешітінде үнемі өткізіліп келеді. Сондай кездесулердің бірегейі ретінде «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы, ҚМДБ-ның төраға орынбасары Серікбай қажы Сатыбалдыұлының Мысыр елінің Уақыптар және Дін істері министрі Мұхаммед Мұхтар Жұма, Хорватия мемлекетінің Ислам қауымы және Мешихатының төрағасы доктор Азиз Хасанович, Құран Кәрім кітабын орысша тәржімалаған Валерия Порохованың жұбайы әрі еңбектерінің редакторы Саид Мухаммад әл-Рошдпен өткізген қабылдауларын атап өтсек болады.

Мысыр елінің министрі мешіт мінберінен жұма уағызын айтып, қазақстандық діндес бауырларымен бірге қол жайып, қазақ елі үшін дұға жасады.

Хорватиялық қонақ әдейілеп келіп «Әзірет Сұлтан» мешітінің тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

Саид Мухаммад әл-Рошд Серікбай қажы Сатыбалдыұлына өз еңбектерін таныстыру үстінде.

Естеріңізде болса, 2015-жылдың 19-ақпанында өткен еліміз бойынша І Республикалық имамдар форумы өткен болатын. Алқалы жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ге жуық дін қызметкерлері, ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің мүшелері, елімізге танымал дін ғалымдары, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, бірнеше шет мемлекеттердің исламдық діни ұйымдарының басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан Православ шіркеуі, Рим-Католиктік шіркеуі өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты. Форум жұмысы аяқталысымен қатысушылардың бірі қалмастан «Әзірет Сұлтан» мешітіне келіп, жамағат болып құлшылық жасауы еліміздің Бас мешітіне көрсеткен құрметі болатын.

Muslim.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру