2012 жылдың 6-маусымы! Дәл осы күні Сарыарқаның төсінен орын тепкен еңселі Елордамыздың мерейтойында қазақ елінің қуанышын тасытқан тағы бір тарихи оқиға орын алған еді. Қазақ елінің тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев әйгілі «Әзірет Сұлтан» мешітінің тұсауын кесіп, келбеті көздің жауын алған алып құлшылық ордасы Астана жұртшылығына есігін айқара ашқан болатын. Алыс-жақын көршілеріміздің өңі түгілі, түсіне кірмеген зәулім мешіттің ашылу салтанатында Елбасымыз: «Әзірет Сұлтан» мешіті тек қана құлшылық орны емес. Бұл мешітте кітапханалар мен дәрісханалар бар. Ендеше, Бас мешіт ірі рухани және мәдени-ағарту орталығы болады», – деп құлшылық ордасына үлкен үмітін артқан еді.

Содан бері халық игілігіне қалтқысыз қызмет жасап келе жатқан «Әзірет Сұлтан» мешіті міндеттеген межені бағындырып, артылған сенімді артығымен орындады десе де болғандай. Астана аспанын азанымен әлдилеп, тұрғындарын тура жолға жетелеген «Әзірет Сұлтан» мешітінің даңқы бұл күнде дархан дала төсінде кеңінен жайылды. Астанамызға ат басын тіреген еліміздің тұрғындары мен алыс-жақын шетелдерден келген қонақтардың Республикалық мәртебеге ие Бас мешітке бас сұқпай кететіні кемде-кем.
Ашылғанына төрт жарым жылдың жүзі болған «Әзірет Сұлтан» мешіті көз тартар көркі мен көлемі жағынан ғана емес, көпке ұсынған көмегі мен көптеген игі шаралардың ұйытқысы болуымен де еліміздегі құлшылық ордаларының көшін бастап келеді. Халық аузында қайырымдылық шараларының қара шаңырағы атанған алып мешітке жыл сайын Елбасымыздың өзі келіп, діни мерекелерді атап өтуі де көп жайтты аңғартса керек.

Қабырғалары қазақи нақышпен өріліп, ұлттық ою-өрнектермен безендірілген Бас мешіттің іші-сырты түгедей заманауи технологиялармен жабдықталған. Содан да болар, ТМД көлемінде теңдесі жоқ құлшылық ордасынан кісі аяғы үзілген емес. Еліміздің түкпір-түкпірінен ағылған ағайындарды айтпағанның күннің өзінде, өзге елдерден ат терлетіп жеткен қонақтардың да қарасы қалың. Атап айтар болсақ, «Әзірет Сұлтан» мешіті ашылғалы бері әлемнің 170 елінен ресми делегация келген. Ал, Қазақстанның түрлі аймақтарынан 137 ресми делегация зиярат жасаған.

Солардың ішінде ел тізгінін ұстаған лауазымды тұлғалар тізімі де күн санап жалғаса түсуде. Алғашқы жылдары алып құлшылық ордасына Финляндия президенті Саули Ниннисте, Венгрия астанасы Будапешт қаласының мэрі Иштван Тарлош мырзалар арнайы келіп, ізгі ниет-тілектерін білдірген болатын.
Ал, 2013-жылы көршілес өзбек елінің жақында ғана жер қойнына тапсырылған президенті Ислам Каримов бастаған делегация құлшылық ордасына арнайы келіп, тарту-таралғысын табыстаған болатын. Діні мен ділі бір бауырлас елдің басшысы сол кезде өз таңданысын жасыра алмай, «Әзірет Сұлтан» мешітін қазақтың маңдайын біткен бағына теңеген еді.
Елбасымыз салдыртқан еңселі мешіттің сұлулығына еріксіз сүйініп, ерекше таңданыстарын білдіргендердің бірі – Бахрейн королі шейх Хамад ибн Иса әл-Халифа болатын. 2014-жылдың сәуір айында ресми іссапармен келген Бахрейн королі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевпен өткен кездесуден кейін бірден еліміздің Бас мешітіне зиярат еткен болатын. Алып мешіттің атағына сырттай қанық Хамад ибн Иса әл-Халифа өзінің осы құлшылық ордасында намаз оқығанына бақытты екенін айтып, өзіне көрсетілген құрметке ризалығын білдірген болатын.


Ұзақ жылдар бойы мемлекет басқарып, ел тізгінін ұстаған лауазымды тұлғалардың «Әзірет Сұлтан» мешіті жайында айтқан жүрекжарды лебіздері құлшылық ордасына берілген шынайы баға десек, артық айтқандық болмас. Елбасымыздың өзі қабылдауына келген ресми делегация мүшелеріне «Әзірет Сұлтан» мешітін көріп шығуға кеңес бергенін қонақтардың өздері де айтып жатады.
Сондай құрметті қонақтар ретінде Түркия мемлекетінің президенті Абдулла Гүл, АҚШ-ның Мемлекеттік хатшысы Джон Керри, Украинаның президенті Леонид Кучма, Қырғызстан Республикасының премьер-министрі Жомарт Оторбаев, Сауд Арабиясы Корольдігінің Консультативтік кеңесінің төрағасы Абдалла әл аш-Шейх, Канада мемлекетінің Китченер-Ватерлоо қаласының мэрі Брэнда Хэллоран, Ислам Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы Абдолла Әл-Мәдани, Польша мемлекеті Сенатының төрағасы Станислав Карчевский, АҚШ Мемлекеттік хатшы орынбасары Сара Сьюэлл, Ұлыбританияның Бас прокуроры, баронесса Патриция Скотланд секілді лауазымды тұлғаларды айтсақ болады.



Сонымен қатар, «Әзірет Сұлтан» мешітіне жыл сайын шетелдерден түрлі сала мамандары, мемлекеттік лауазымды тұлғалар, Еуропа, Орталық Азия мен ТМД елдерінің Сот төрағалары мен Бас прокурорлары, түрлі сала министрлері, Парламент Сенаты мен Мәжіліс спикерлері, БАҚ өкілдері, түрлі өнер, бизнес саласының өкілдері келіп, еңселі ордамыздың тыныс-тіршілігімен танысып қайтуда.
Сондай-ақ, әлемдік деңгейдегі телеарналар мен ақпараттық агенттік тілшілері де еліміздің Бас мешіті жайлы түрлі түсірілімдер жүргізіп, арнайы хабарлар жасап келеді. Тарихи оқиғаларға толы төрт жыл ішінде «Әзірет сұлтан» мешітін Қытай Халық Республикасы «Синьхуа» ақпараттық агенттігі, Испанияның «Nexus» және «El Camino Productions SL» түсірілім компаниясы, Түркия мемлекеттік «ТРТ» телерадиокомпаниясы, Малайзия мемлекетінің «Harian Metro» газеті, испандық EFE ақпараттық агенттігі, Италияның мемлекеттік арнасы, әйгілі «Әл-Арабия» және «әл-Жазира» телеарналары дәріптеп, деректі түсірілімдер таратты.



ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
23.12.2016
3820
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру