Бұл кештен көңіл сарайымыз айқара ашылып, рухани серпіліп қайттық. Жүректе тұнған сағыныш жанарлардан жас болып ақты...
Әлемдердің Раббысы Рахман Алла,
Жалғыз өзі лайық мақтағанға.
Сәлем менен салауат Расулуллаһ,
Саллаллаһу ъалейһи уә сәлләмға!-деген ізгі үнмен Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Төретам кентінде орналасқан «Жәрімбет ата» мешітінің медресесінде білім алушы шәкірттер арасында «Мәуліт мүбәрәк болсын!» атты рухани кеш өтті.
Жүрек сарайын «иман бақшасына» айқара ашқан бұл күні мешіт ұстазы Ләззат Сыдықова «Абдул Муталибтің көрген түсі», «Ұлы Ибраһим» және «Мұхаммед – ең көркем мінез иесі» тақырыптарында баяндама жасады. Қазақ халқында: «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген мағыналы сөз бар. Арамыздағы ақ жаулықты анамыз Меңдібаева Ұмыттырған апа кеш барысында сөз алып, ақ тілегін жеткізді. Мешіт шәкірттері «Бір ерекше жұлдыз туды» тақырыбында сахналық көрініс қойды. Мұнан әрі «Хазіреті Мұхаммед» бейнебаяны назарға ұсынылып, Алла елшісінің ﷺ өнегелі өмірі насихатталды.
Пайғамбарға махаббат, иманның асыл тірегі,
Есіл дертің сол үшін, бекісін нық боп жүрегің.
Жақсы көру белгісі – салауат айту әр мезгіл,
Құрметті затты ұлықтап, байлансын нық боп шын көңіл, - дегендей әрдайым салауат оқып жүру Мұхаммедті ﷺ жақсы көргендіктің белгісі екенін білдіреді. Өйткені, Пайғамбарымыз ﷺ: «Кім бір нәрсені көп жақсы көрсе, оны көп айтатын болады»,-деген. Алла Тағала «Ахзаб» сүресінің 56-аятында: «Әлбете Алла да, Оның періштелері де пайғамбарға (Мұхаммедке) салауат (дұғасын) айтады. Ей, мүминдер! Сендер де Оған (Алла Елшісі Мұхаммедке) салауат және сәлем жолдаңдар», - деп бұйырады. Осыны негізге алған мешіт шәкірттері «Салауат» көрінісі арқылы айтылуға тиісті терең ойды түсіндіргендей болды.
Исламның бес парызының бірі – қажылыққа бару. Бұл – әр мүсылманның арманы, мақсат-мұраты. Жақында Төретам кентінен қасиетті сапарға бару бақыты Аманкүл апайға да бұйырған-ды. Кеш барысында Ұлы сапардағы әсерімен бөлісу үшін Аманкүл Назароваға сөз берілді.
Мешітіміздің шәкірттері Арай Меңдібаева мен Гүлсара Әжібекова қасиетті Құран аяттарын оқып, жиналғандардың көңілін серпілтті. Рухани кеш соңында шәкірттерге сыйлықтар таратылды. Құранға түсіп, білімге талпынғандарға мешіт тарапынан Қасиетті Құран Кәрім сыйға берілді.
Гүлнұр Қаржаубайқызы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
21.12.2016
4394
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру