Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Нұр-Мүбарак» университетінде Тәуелсіздік мерекесі аталып өтті

15.12.2016 3607 0 пікір

Желтоқсанда Алматыда, ақ қарда,

Алма бақтар ақ қырауға батқанда,

Күңірене күн күркіреп тау жақтан,

Жайдың оты жалаң қақты шатқалдан.

Шайқалмасын ешкімнің шаңырағы,

Бақыт көрсін Отанның сан ұланы.

Енді ағайын, көгіңде қалықтасын,

Қазағымның қастерлі — Әнұраны! - деп басталған Тәуелсіздік мерекесінде оң қолдарын жүрек тұсына қойып, әнұранды тебірене орындаған студенттер мен ұстаздар, қызметкерлерді көргенде «кешегі ата-бабаларымыздың аңсаған арманы осы емес пе еді»,- деп, еріксіз жүрегің толқиды екен.

Тарихты сәл арыдан бастасақ, биыл 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісіне 100 жыл, әлемді дүр сілкіндірген Желтоқсанға 30, қазақтың ғасырлар бойы армандаған азат таңының атқанына 25 жыл толды. Сонымен бірге тәуелсіздіктің елімізге берген теңдессіз сыйы, ата дінімізді қайта жаңғыртып, ғылыми дамуына жол бастаған «Нұр-Мүбарак» университетіне 15 жыл. Осындай тоғысқан торқалы тойлардың құрметіне «Нұр-Мүбарак» университетінде өткен мерекелік шарада беташар сөз сөйлеген ректор, профессор Жуда Абдулғани Басюни:

- Мен қазақ елін бүкіл Мысыр халқы, «Әл-Азһар» қауымдастығы, «Әл-Азһар» университеті, отандастарымның атынан Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Шын мәнінде тыныштық пен бейбітшілік Алла Тағаланың қазақ еліне берген теңдессіз сыйы. Оны бағалай біліңіздер.  Байқағаным, сіздер басшыларыңызға бағыну арқылы бірлікпен алға жылжып келесіздер. Сіздерді тәуелсіздік мерекелеріңізбен құттықтап, оның баянды болуын тілейміз,-деп жүрекжарды лебізін білдірді.

Ал проректор, профессор Шамшәдин Керім мырза:

- Еліміз үшін тәуелсіздіктен артық мереке жоқ. Бұны әсіресе, кешегі Кеңес дәуірін көрген аға буын жақсы сезінеді. Биыл   Ұлт-азаттық көтерілісіне 100 жыл, Желтоқсанға 30, тәуелсіздігімізге 25 жыл толып отыр. Біз осы тәуелсіздігіміздің нағыз сыйы «Нұр-Мүбарак» университетінде білім алып, қызмет етіп жатырмыз. Сондықтан, баянды болашақ үшін білім алып, барлығымыз жан-жақты үлес қосуымыз керек,-деді.

Екі ел тарапынан аманат арқалаған  қос басшы құттықтау сөздерінен кейін жыл бойы университеттің дамуы мен өркендеуіне, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан оқытушы ғалымдардан бастап, шаруашылық бөлімінің қызметкерлеріне дейін «Алғыс хат» табыс етті. Сондай-ақ, Оңтүстік Астанадағы жоғары оқу орындары арасында үнемі үздік шығып, түрлі спорттық сайыстар мен өзге де жарыстарда жүлделі орындарды еншілеп жүрген университетіміздің Студенттік комитетіне Алматы қаласы әкімдігінің жолдаған марапаты табыс етілді.  

Салтанатты мерекенің ресми бөлімінен кейін студенттердің өздері әзірлеген еліміздің ғасырлық тарихын қамтыған шағын бейнебаян көрсетілді. Тарихи кадрлар көпшіліктің көзіне жас толтырды...

Сол күндер ғой жүректің аңсағаны,

Соған шөлдеп, шөліркеп тамсанады

Өкініш пе, білмеймін қуаныш па?

Өз-өзінен жүрегім ән салады…,-деп, көңілді тебіренткен тарихи жылнамадан кейін студенттер тәуелсіздіктің шаттық белгісіндей ән-жырдан шашу шашып, төгілтіп күмбірлеген күй орындады. Ал мысырлық ғалым, доцент Холид Ғоним мырза қос елдің алтын көпіріне айналған «Нұр-Мүбарак» пен тәуелсіз қазақ еліне арнап араб тілінде жүрегін жарып шыққан жыр жолдарын оқыды. Тәуелсіздік мерекесінің теңдессіз сый екенін расымен, «Нұр-Мүбарак» университетінде анық сезіліп, азаттық әуені әуеде қалықтағандай.

Айша КЕҢЕСБАЙ

«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру