Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Ұлттық сана – ел тәуелсіздігінің кепілі» атты конференция өтті

02.12.2016 3512 0 пікір

«Орталық мемлекеттік аппарат өздеріңізге мәлім мүдделерді қорғап әбден қалыптасып қалған. Енді оны сол қалыптасып қалған бағыттан басқа жаққа бұру жеңілге түспес. Аппарат ұлттық аймақтардағы ерекшеліктерді есепке алуға бейімделмеген. Керек десеңіз, оның жетекшілері қандай ұлттардың қайда тұратынын да білмейді. Онда жұмыс істейтін шенеуніктер ұлтшылдық пиғылмен уланған, ұлы державалық шовинизм тура осы орталық мекемелерден тарап отыр…»  - Бұл Алаш арысы Тұрар Рысқұловтың 1926 жылы Мәскеуде өткен ұлт мәселелері кеңесіндегі сөйлеген сөзі. Тұрар Рысқұловтың мұрағаттағы осындай тарихи сөздерімен  «Нұр-Мүбарак» универсиеттінің алғашқы курс студенттері жіті танысып, тағылым алғандай. Нақтырақ айтсақ, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы, Еліміздің тұңғыш Президенті күні, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Нұр-Мүбарак» университетінде «Ұлттық сана — ел тәуелсіздігінің кепілі» атты VII ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл  студенттерді ғылымға баулитын  университет ішіндегі негізгі шара болғанымен, оның жастарға беретін тәлім-тәрбиесі өте жоғары.


«Бабалар ерлігі — ұрпаққа үлгі», «XX ғасырдың алғашқы ширегі — Қазақстанның саяси және рухани жаңғыру кезеңі», «Қазақстанда Кеңес өкіметінің мұсылман дініне қарсы жүргізген саясаты», «Тәуелсіз Қазақстан Республикасындағы ислам діні» атты 4 бөлім бойынша өтті. Бірінші курс арасынан 13 студент ел тарихы мен дамуында маңызы бар тақырыптарды таңдай білген. 

Биыл сонау бір ғасыр бұрын қазақ даласын дүр сілкіндірген ұлт-азаттық қозғалысына 100 жыл толса, сол көтерілістің басында тұрған бабаларымыз  Амангелді Иманов, сондай-ақ халқымыздың тарихында жарқын із қалдырған Әліби Жангелдин,  Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, қазақ журналистикасының атасы- Мұхамеджан Сералин, Шәкәрім жайлы студенттер жан-жақты мәліметтер мен слайдтық көріністер әзірлепті. Әсіресе Тұрар Рысқұлов жайлы Айкен Ықыластың әзірлеген деректері өте әсерлі болды. Себебі Айкен Тұрар Рысқұловтың 1926 жылы Мәскеуде өткен ұлт мәселелері кеңесіне, Сталинге, ВКП (б) Орталық Комитетіне жазған хаттарының көшірмесімен көпшілікті таныстырды. Хаттарға қарасаңыз Тұрар Рысқұловтың халқымызға деген жанашырлығы, ешқандай соқыр саясаттан тайсалмай, сауатылықпен қатар тектілікті тұғыр еткен тағдыры сайрап тұрғандай…

«...Қазақтар 1931 жылдың аяқ кезінен бастап қонысынан ауып, бір ауданнан екінші ауданға және Қазақстаннан тыс жерлерге көшіп, көктемге қарай бұл көшу күшейе түскен еді де, 1932 жылдың жазында қонысынан ауғандардың бір бөлігі (қолданылған шара нәтижесінде) мекендеріне қайтып оралған болатын, осы қонысынан ауа көшу қазір қайтадан белең алып барады. Аштық пен індеттің салдарынан бірқатар қазақ аудандарындажәне қонысынан ауғандар арасында адамдардың қырылып жатқаны сонша, бұл мәселе орталық орындардың шұғыл араласуын қажет етіп отыр.

Қазақстанда қазақ халқының белгілі бір бөлігі душар болған мұндай мүшкіл жағдай өзге өлкелердің не өзге республикалардың ешқайсысында жоқ…» (РСФР Халық комиссарлары Советі Төрағасының Орынбасары Т.Р.Рысқұлов, 11 наурыз, 1933 ж./ ВКП (б) Орталық Комитетіне Сталин жолдасқа ВКП (б) Құпия.) 

Осындай мәтіндегі хат жолдарында халқымыздың басынан кешкен нәубеті мен тартқан азабы сайрап жатыр. Тарихи деректер   студенттермен қатар ұйымдастырушы ұстаздарға да өте әсер етті.

Тарихты таразылаған студенттерден кейін орыс бөлімінің қос студенті Ш.Садуов пен К.Амирхановтар  ислам дінінің Қазақстанның әлеуметтік өміріне әсері жайлы болашақты асыл дініміздің дамуымен байланыстырып, жаңаша көзқарастарымен бөлісті. 

Сондықтан тарих пен болашақты таразылап, бір-біріне байланыстырған,   ұлттық рухты ұлықтаған ғылыми-тәжірибелік конференцияның ұйымдастырушы-сарапшылары Жалпыгуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., профессор м.а. Шолпан Бәйнеш, т.ғ.к. Досымбек Хатран, т.ғ.к., доцент Элмира Қырықбаевалар ақылдаса келе, барлық қатысушы студенттерді жеңімпаз деп тапты. Жоғары деңгейде өткен конференция баяндамашыларына бағалы сыйлықтармен қатар мақтау қағаздарымен марапаттады.       

 

Айша КЕҢЕСБАЙ

«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру