Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Талдықорғанда 3 күндік семинар өтті

22.11.2016 3417 0 пікір

Талдықорған қаласында Алматы облыстық дін істер басқармасының тапсырысы бойынша Талдықорған өңірінің қалалық, аудандық және ауылдық мешіттерінің имамдары қатысқан білім жетілдіру семинары болып өтті. Үш күнге созылған семинарда имам-молдалар діни басқармадан арнайы келген ғалымдардан дәріс алды. Атап айтсақ, бірінші күні имамдарға ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Абдуәліұлы имамның тақуалығы, кішіпейілдігі, мінез-құлқы және уағыз айту өнері туралы дәріс оқыса, «Нұр-Мүбарак» университетінің исламтану кафедрасының аға оқытушысы, философия докторы Қайрат Құрманбаев «Ильмур-руая уад-дирая» атты хадис іліміне қатысты кең ауқымды дәрісін жүргізді.

Семинарда қазіргі заман көшінен тыс қалмау мәселелері де айтылды. «Иман» мешітінің бас имамы, Талдықорған өңірінің өкіл имамы Серікхан қажы Рымханұлы интернет және әлеуметтік желілерді Ислам насихатына пайдалы түрде қолдану туралы дәрісін жүргізді.

Семинардың екінші күні ҚМДБ-ның Республикалық ақпарат насихат тобының мүшесі Бауыржан Әбдуалі «Имамның келбеті» атты дәрісінде имамның тақуалығы, кішіпейілдігі, мінез-құлқы және уағыз айту өнері туралы айтып берді. Серікхан Рымханұлы «Имамның қоғамдағы рөлі» атты дәрісінде қазіргі қоғамдағы имамның деңгейі мен абыройы, көпшіліктің тәрбиесіндегі имамның ықпалы туралы айтып берді.

Имамдар ғалымдардың дәрістерінен білімдерін сусындап, рухтарын нәрлендірді. ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы семинар қорытындысы бойынша имамдарға сертификаттар табыстады.

Талдықорған өңірлік өкілдіктің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру