Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ауыл мешіті қайта жаңарды

14.11.2016 4244 0 пікір


Әлі есімде, сонау 90-шы жылдардың басында ел тәуелсіздігін алысымен жер-жерде дінімен қайта қауышқан халық жапа-тармағай ауылдарында мешіт салуға кіріскен еді. Солардың бірі өзімнің туып-өскен Ынталы ауылының бас көтерген азаматтары Жолдыбай Ендібаев, Әбдеш Мәдиев, Имамбай Исламов, Камал Өмірбеков, Төлепберген Әділбеков және тағы басқалары да ағайындардың басын қосып, қолайлы жер таңдап мешіт салуды қолға алды. Бірер жылда көптің күшімен мектептің қарсы бетінен сол имандылық үйі де бой көтеріп, оған діни басқарманың рұқсатымен Төрегелді қалпе аты берілген. Төрегелді қалпе болса ертеректе Мир-араб медресесін бітірген, осы ауылдан шыққан тұңғыш діни қызмет атқарған діндар болған. Алғашқы азан үні де естілді. Бұл күн ауыл тұрғындары үшін ерекше қуанышты күн болғаны сөзсіз.

Содан бері де 20 жылдан аса уақыт өтіпті. Уақыт өз дегенін істейді. Ғимарат ескіре бастады. Енді оны бүгінгі уақыт талабына сай қайта жаңарту қажеттігі туындады. Көпшілік ойлана бастады. Осы сәтті күтіп жүргендей ауылдың перзенті, Шымкент қаласында тұратын Қарабек қажы Төлбасиев бұған дейін Ордабасы ауданының Бас имамы Бастарбек Кенжеұлымен және белгілі кәсіпкер ұлдары Серік, Бауыржанмен ақылдасып мешіт ғимаратын қайта жаңартуға бел буды. Ескі ғимарат сүріліп, оның орнына жаңа көрікті де зәулім қос мұнаралы тамаша мешіт тұрғызылды. Бұрынғысынан тағы бір ерекшелігі аумағы недәуір кеңейтілді. 150 кісіге арналған әрі жергілікті балалардың діни сауатын ашатын кең бөлме мен имамның қызметтік бөлмесі қосылды. Ғимараттың алдына тас кірпіштер төселді. Ауыл мектебі түлектерінің бір тобы темірден аспалы жүзім бағаналарын тұрғызып мешіттің көркіне көрік қоса түсті. Күзетші үшін де екі бөлмелі тұрғын үй тұрғызылған. Жылу жүйесі іске қосылған. Мешіттің іші де көрікті. Намаз оқылатын залға кілем төселген. Расында да мешіттің сыртқы көрінісіне ішкі көркі сай.


Мешіттің ашылу салтанатына қатысушылардың қарасы көп. Алыс-жақыннан келген қонақтар аз емес. Темірлан-Арыс күре жолының мешіт алдындағы екі жағы да иін тірескен шетелдік қымбат бағалы жеңіл көліктер. Көпшіліктің жүзі қуаныштан бал-бұл жанады. Келушілер мешіт ғимаратын Алла разылығы үшін тұрғызған Қаракеңе сәлем беріп, құтты болсын айтысып жатты. Іле мешіттің ашылу рәсімі де басталып оңтүстікке белгілі қари Кәмілжан Садықов қасиетті Құран Кәрімнен аят, сүрелер оқыды.  ҚМДБ-ның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі Ахметжан Керімбеков, ауданның Бас имамы Бастарбек Кенжеұлы мен осы жолдардың авторына алғашқы құттықтау үшін сөз берілді.

Жаңа мешіт пен оны салдырушы Қарабек қажыға қасиетті Құран Кәрімнің соңғы шыққан Сәбит Ибадулла мен Ермек Мұқатайдың қазақша тәржімалары және т.б. да діни уағыздық кітаптар тапсырылды. Ауыл тұрғындары ұлттық дәстүрімізге сай Қарекеңе тұлпар мінгізіп, иығына шапан жауып жатты. Бұл салтанатта облыс пен ауданның белгілі еңбек ардагерлері Жолдыбай Ендібаев, Ісмәт Тұрсынқұлов, Төлепберген Әділбеков, Нұралы Исабеков өздерінің жүрек жарды лебіздерін білдірсе, «Ай» мейрамханасында жайылған дастархан басында да жалғасты: «Қайта жаңарған мешіттің іші ілім мен білімге, шуақты нұрға толып, жамағаты көбейе бергей! Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кім жер бетінде Алланың үйін салса, Жаратушымыз оған жәннатта сарай салып береді», - деген хадисіне орай мол сауаптарды нәсіп еткей!».

 

Оңғар Өмірбек,

Қазақстанның құрметті журналисі.

 

Суретте: жаңартылған мешіттің ашылу  рәсімінен көріністер.

 

 


Суретте: жаңартылған мешіттің ашылуынан көріністер.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру