Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Медресе шәкірттері өлке тарихымен танысты

11.11.2016 4402 0 пікір

Болашақ имамдарға ислам дінінің негіздерін оқытып, имандылыққа жетелейтін  оқу орындарының бірі - 2008 жылы Павлодар облысының Павлодарское ауылында ашылған «Әу Бәкір Сыддық» медресесі.

Орта арнаулы оқу орны ретінде жұмыс істейтін медреседе еліміздің әр түкпірінен жиналған жастар Ислам негіздері, Ақида, Фикқ, Құран, Араб тілі сияқты негізгі пәндермен қатар, жалпыға міндетті Қазақстан тарихы, Саясаттану, Кәсіптік орыс тілі, Ағылшын тілі пәндерін де зерттейді.

Медресе ұстаздары болашақта Алла үйінде қызмет етіп, халыққа ислам дінінің артықшылықтарын уағыздайтын шәкірттерге түрлі танымдық шараларды да жиі өткізіп тұрады.

Медресеге Қазақстанның әр өңірінен білім қуып келген жастарды киелі Ертіс-Баян өңірінің тарихымен жете таныстыруды мақсат тұтқан шаралардың бірі – қаламыздағы Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану мұражайына саяхат болды. Жуырда шәкірттер тарих пәні ұстазының бастамасымен мұражайда болып қайтты.

Алғашқы экспозициялық бөлімде шәкірттер елімізге ғана емес, бүкіл Еуразия құрлығына белгілі «Қаз қонақ» палеонтологиялық ескерткішінен табылған зілдің, солтүстік бұғысының алып сүйектерінен жаңғыртылған жәдгіерлерді тамашаласа, «Павлодар облысындағы жануарлар мен құстар әлемі» бөлімінде олар өңірімізде мекен ететін орман мен дала қасқырлары, түлкі, қоян, аққу, қырғауыл және т.б. хайуанаттарды көрді.

Өңір тарихынан сыр шертетін, тарих кезеңдеріне бөлінген келесі залдарда шәкірттер Қимақ қағанатынан бастап Тәуелсіз Қазақстанға дейінгі аралықтағы Павлодар облысының тарихымен танысып шықты. Мұражай қызметкері Айзада Бектемісова саяхатшыларға әр экспонат туралы егжей-тегжейлі сыр шертіп, өлкеміздің тарихы туралы айтып берді.

Тарихтың терең қойнауына үңіліп, тылсымына қаныққан шәкірттер ерекше әсерге бөленіп қайтты.

Ышық  Мұхаметжұма

«Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің

 1-ші курс шәкірті

 

           

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру