Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ӘРБІР ІСКЕ ТИЯНАҚТЫ БОЛУ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 15.03.2024 2042 0 пікір
ӘРБІР ІСКЕ ТИЯНАҚТЫ БОЛУ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

 

Асыл дініміз мұсылмандарды әрбір істе тиянақты, ұқыпты болуға және әрбір ізгі істі ең көркем түрде орындауға шақырады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мүлік» сүресі, 2-аятында:

الَّذِي خَلَقَ الْمَوْتَ وَالْحَيَاةَ لِيَبْلُوَكُمْ أَيُّكُمْ أَحْسَنُ عَمَلً

«Ол сондай (Алла) сендердің қайсыларың ең көркем түрде жақсы іс жасайтындарыңды сынау үшін өлім мен өмірді жаратты», – деп айтқан.

«Тиянақтылық» ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «әл-итқану» деп аталған. Мұсылманның бұл сипаты оның көркем мінезі мен әдебінің кемелдігін көрсетеді. Тиянақтылық кісінің өзге адамдар алдындағы қадір-қасиетін арттырып қана қоймай, Жаратушыға да ең ұнамды іс. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ إِذَا عَمِلَ أَحَدُكُمْ عَمَلا أَنْ يُتْقِنَهُ

«Расында Алла сендердің бір жұмыс істегенде оны толыққанды орындағанды жақсы көреді», – деген (имам Табарани).

Тиянақтылықты ғалымдарымыз екіге бөліп қарастырған. Олар:
  1. Дүниелік істерге қатысты тиянақтылық;
  2. Діни істердегі тиянақтылық.

Дүнияуи істердегі тиянақтылық адам баласы өзіне тапсырылған міндетті ең кемел түрде атқаруы, талапқа сай орындауымен өлшенеді.

Ал діни істердегі тиянақтылық Алла Тағала бұйырған істерді ең кемел әрі көркем түрде орындаумен жүзеге асырылады. Бүгінгі жұма уағызымызда құлшылықтағы тиянақтылықтың кейбір көріністеріне тоқталатын боламыз:

 

Бірінші: құлшылықты ихсан дәрежесінде (мақамында) орындау

«Ихсан» сөзінің тілдік мағынасы «жақсылық», «игілік» деген ұғымды білдірсе, шариғаттағы мағынасы бір істі қолға алғанда оны «ең әдемі, ең кемел түрде жасау» дегенді білдіреді. Алла Тағала қасиетті Құранда:

إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالإحْسَانِ وَإِيتَاءِ ذِي الْقُرْبَى وَيَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنْكَرِ وَالْبَغْيِ يَعِظُكُمْ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُون

«Негізінде Алла әділдікті, игілікті (ихсанды) және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ арсыздықтан, жамандықтан және зорлық-зомбылықтан тыяды. Түсінерсіңдер деп сендерге (осылайша) насихат береді», – деп айтқан («Нахл» сүресі, 90-аят).  

Жәбірейіл періште ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған ихсан жөнінде хабар бер», – деген кезде Алла Елшісі:

أَنْ تَعْبُدَ اللَّهَ كَأَنَّكَ تَرَاهُ، فَإِنْ لَمْ تَكُنْ تَرَاهُ، فَإِنَّهُ يَرَاكَ

«Алланы көріп тұрғаныңдай Оған кұлшылық етуің. Сен Оны көрмесең де, Ол сені күмәнсыз көруде», – деген.

Бұрынғы өткен ізгі адамдар құлшылықтарын ең кемел дәрежеде, көркем түрде орындауға тырысқан. Мысалы, Әли ибн Хусайн (Алла оған разы болсын) дәрет алғанда жүздері сап-сары болып өзгеріп кететін болған. Сонда: «Сізге не болды?» – деп сұрағандарға: «Кімнің алдында тұрғалы жатқанымызды білесіңдер ме?» – дейді екен.

 

Екінші: тазалыққа мән беру

Тиянақты адам денесінің, киімінің, айналасының тазалығына мән береді. Тазалық – иманның жартысы. Алла Тағала әркез таза жүрген құлдарын жақсы көріп, оларға риза болады. Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 222-аятында:

إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ التَّوَّابِينَ وَيُحِبُّ الْمُتَطَهِّرِين

«Шүбәсіз, Алла (пендешілікпен істелген күнәның артынша қатты өкініп) тәубе ететін тәубешіл құлдарын және үнемі тазаланушыларды (бойын таза ұстаушыларды) жақсы көреді», – деп айтылған.

Сондықтан ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

السِّوَاكُ مَطْهَرَةٌ لِلْفَمِ مَرْضَاةٌ لِلرَّبِّ

«Тіс тазалағыш ауызды тазалайды әрі Алланың ризалығын алып келеді», – деп, ауыз қуысының тазалығына мән беріп жүрудің өзі Жаратушының разылығына жетелейтін іс екендігін айтқан (имам Ахмад).

Осыны ескерген мұсылман әркез денесінің, киімінің, айналасының тазалығына үлкен мән беруі тиіс. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:  «Алла Тағала – жомарт, жомарт құлдарын жақсы көреді. Алла Тағала – таза, тазаланғандарды жақсы көреді. Сондықтан, үйлеріңіздің маңайын таза ұстаңыздар», – деп біздерге Алла Тағаланың жақсы көретін құлдарының қатарынан көріну үшін тазалыққа мән беруіміз керек екенін білдіреді (имам Термизи).

Ендеше, асыл дініміз исламда тазалық жолында жасалған әрбір әрекет жоғары бағаланады және оны іске асырған пендеге мол сауап пен Жаратушының разылығы уәде етілген. Мұсылман адамның ғибадат-құлшылығының қабыл болуы тазалығына байланысты. Таза емес пендеге намаз оқуға, қасиетті Кағбаны тауаф етуге және Құран кітабын қолмен ұстауына болмайды.

 

Үшінші: намазды өз уақытында, ұқыптылықпен оқу

Намаз – исламның бес парызының бірі әрі құлшылықтың ең абзалы. Жаратушымыз Алла Тағала қасиетті Құраның 87 жерінде намаз оқуды бұйырған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намазды «Діннің тірегі», «Мүминнің миғражы», «Жұмақтың кілті», «Көзімнің нұры» деп түрлі атаулармен атаған. Мұның барлығы намаз оқудың қаншалықты маңызды екендігінің көрінісі. Абдулла ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте:

سَأَلْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ : أَيُّ الْعَمَلِ أَحَبُّ إِلَى اللَّهِ عَزَّ وَجَلَّ ؟ قَالَ :الصَّلاةُ عَلَى وَقْتِهَا

«Бірде мен Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың, бәрінен де жақсы көретін ісі қайсы?» – деп сұрадым. Ол кісі: «Өз уақытында оқылған намаз», – деп жауап берді», – деген (имам Мүслим).

Қазақ халқы: «Халыққа жағам десең қазанды бол, Құдайға жағам десең азанды бол» деу арқылы, намаз оқу Жаратушының разылығына жетелейтін үлкен іс екендігін айтқан. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ أَوَّلَ مَا يُحَاسَبُ بِهِ الْعَبْدُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ مِنْ عَمَلِهِ صَلَاتُهُ فَإِنْ صَلُحَتْ فَقَدْ أَفْلَحَ وَأَنْجَحَ وَإِنْ فَسَدَتْ فَقَدْ خَابَ وَخَسِرَ

«Қиямет күні пенденің жасаған істерінен ең әуелі сұралатыны – намаз. Егер намазы дұрыс болса, онда пенде қуанышқа бөленіп, игілікке қол жеткізеді. Егер намазы дұрыс болмаса, онда апатқа ұшырап, қайғыға түседі», – деген.

Осы себепті адам баласы әрбір намазына ерекше мән беріп, оны өз уақытында, тиянақты түрде, шынайы ықыласымен оқуға барынша тырысуы қажет. Қиямет қайымда ұлы Раббымыз пендесінің барлық істерінен хабардар бола тұра періштелеріне: «Құлымның парыз намазына қараңдар. Оны толық орындап па, кемістігі бар ма»? – дейді. Егер оның парыз намаздары толық болса, намаз сауабы толықтай жазылады. Егер парыз намаздарында нұқсандық болса, Алла Тағала: «Құлым нәпіл намаздарын толық оқыған ба екен?» – дейді. Егер ол нәпіл намаздарын толық оқыған болса, Алла Тағала: «Құлымның нұқсан болған парыз намаздарын нәпілдерімен толтырыңдар», – дейді. Одан кейін парыз болған басқа да істері осылайша есепке тартылады» (имам Термизи).

Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітке кіргенінде, оның артынша бір кісі де кірді. Ол намазын оқып болды да, Пайғамбарымызбен амандасты. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның сәлеміне жауап берді де: «Намазыңды қайтадан оқы», – деді. Әлгі кісі барып әуелгідей намазын қайта оқыды. Келіп Пайғамбарымызға сәлем беріп еді: «Барып намазыңды қайта оқы», – деді пайғамбарымыз. Осылайша ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны үш рет қайта намаз оқытты. Сонда әлгі адам: «Сізді ақиқатпен жіберген Алламен ант етемін! Бұдан артық қалай намаз оқу керек білмедім, маған үйретіңіз», – деді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған намазды қалай оқу керектігін егжей-тегжейлі баяндады. Осылайша ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намазды асықпай, тиянақтылықпен, көркем түрде оқу керектігін үйретті.

 

Төртінші: аманатқа берік болу, ұқыпты қарау

Аманатқа беріктік мүминнің адамдармен қарым-қатынасындағы тиянақтылығының көрінісі. Иман сөзі мен аманат сөзі араб тілінде «әмәна» деген бір түбірден тарайды. Яғни мүминнің бойындағы аманатшылдық қасиеті сол иманының жемісі. Басқа қырынан талдайтын болсақ, екеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Иманы толық адам аманатшыл келеді, ал аманатқа берік мүмин кісінің иманы толық деп айта аламыз. Аманатқа қиянат – иманға, өзінің сеніміне қиянат деген сөз.

Аманат сөзі уақытша берілген нәрсеге иелік етіп, қызғыштай қорып, өзінің негізгі иесіне қайтаруды білдіреді. Аманат – адамның бойындағы ең асыл қасиет. Халқымыз «Аманат – молшылық әкеледі, қиянат – кедейлік әкеледі» деген. Яғни аманат бұзылған жерде қиянат қанат жаяды. Ондай ортада ынтымақтың іргесі сөгіледі, берекенің қамалы бұзылады.

Шариғатта аманат деп сенімді адамға өзгенің уақытша сақтауға берген бағалы заттары мен қалдырған мүлікке айтылады. Аманатқа ешқандай зиян тигізбей, дәл сол күйінде иесіне қайтару – міндет һәм сауапты іс. Алла Тағала қасиетті Құранда: 

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لاَ تَخُونُوا اللهَ وَالرَّسُولَ وَتَخُونُوا أَمَانَاتِكُمْ وَأَنْتُمْ تَعْلَمُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Аллаға және Пайғамбарға опасыздық жасамаңдар. Егер олай істесеңдер, араларыңдағы аманаттарыңа да біліп тұрып қиянат жасайтын боласыңдар», – деп айтқан («Әнфал» сүресі, 27-аят).

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біздерді әрбір істі аманат деп біліп, тиянақтылықтпен атқаруды өсиет етіп:

كُلُّكُمْ رَاعٍ ومَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، فَالْإِمامُ رَاعٍ ومَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، وَالرَّجُلُ فِي أَهْلِهِ رَاعٍ وَهُوَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، وَالمَرْأَةُ فِي بَيْتِ زَوْجِهَا رَاعِيَةٌ وَهِيَ مَسْئُولَةٌ عَنْ رَعِيَّتِهَا، وَالْخَادِمُ فِي مَالِ سَيِّدِهِ رَاعٍ وَهُوَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ،

«Барлықтарың бақташысыңдар және барлықтарың қол астыларыңдағы кісілерге жауап бересіңдер. Басшы қол астындағыларға жауапты, ер кісі отбасына жауапты, әйелі күйеуінің үйіне жауапты, қызметші қожайынның малына жауапты», – деген (Бұхари).

 

Бесінші: уәдені орындау

Тиянақты жанның бойынан табылуы керек қасиеттің бірі – уәдеге берік болу. Қандай қоғам болмасын, қандай адам болмасын уәдеге беріктікті қашанда құптап, сөзінде тұратын жанды құрметтеп, сыйлап өткен. Дініміз ислам мұсылманнан уәдесіне берік болуды талап етеді.  Алла Тағала қасиетті Құранда:

 وَأَوْفُواْ بِالْعَهْدِ إِنَّ الْعَهْدَ كَانَ مَسْؤُولاً

«Сертті орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады», – деп айтқан («Исра» сүресі, 34-аят).

Ат-бабаларымыз «Екі сөйлеу – ерге сын», «Айтылған сөз – атылған оқ», «Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені» деп  уәдеге беріктік, сөзінде тұру үлкен маңызға ие екенін айтқан. Қазіргідей құжатқа (нотариус) жүгінбейтін заманда бабаларымыз айтылған сөзге сенген, берілген уәдеге сай алыс-беріс жасаған. Екі сөйлегенді, уәдесінде тұрмағанды қатты сынға алып, өлімнен бетер қорлық санаған.

Кез келген жағдайда берілген уәдені орындау мұсылмандық міндеттердің ең абзалы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тиянақтылық пен уәдеге беріктіктің тамаша үлгісін көрсете білді.

Бірде Пайғамбарымыз әлдебір кісімен әлдеқандай шаруа қамымен уәделеседі. Ертесінде айтылған жерге Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) баруын барғанымен, сөз байласқан кісі келмейді. Уәдеге сай Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны сол айтылған жерде тапжылмай күтеді. Арада үш күн өткенде әлгі адамның Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) берген уәдесі есіне түсіп, екі өкпесін қолына алып құстай ұшады. Уағдаласқан жерде Пайғамбардың тапжылмай күтіп тұрғанын көріп, бетінен оты шыға ұялып, Пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кешірім сұрайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған ақырын ескертіп: «Бұдан кейін бұлай істеуші болма», – дейді.

 

Қадірменді жамағат!

Ізгі амалдар атқаруда тиянақты болу пенденің терең ықыласын, Алла Тағаланың бұйрықтарына деген сүйіспеншілігін көрсетеді. Мұндай істі тиянақты, әрбір құлшылықты ерекше ықыласпен, көркем түрде орындаған пенделеріне Алла Тағаланың да берер сауабы өте үлкен. Алла Тағала қасиетті Құранның «Кәһф»  сүресі, 30-аятында: 

إِنَّ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ إِنَّا لَا نُضِيعُ أَجْرَ مَنْ أَحْسَنَ عَمَلًا

«Ал енді иман келтіріп, игі іс істейтіндерге келсек, Біз көркем түрде игі іс істейтіндердің сауабын әсте зая етпейміз», – деп айтқан.

Жаратушымыз қасиетті Рамазан айындағы ізгі амалдарымызды шынайы ықыласпен, көркем түрде орындауымызды жазып, ұстаған оразамызды, оқып жатқан тарауық намазымызды, беретін зекет-садақаларымызды қабыл еткей!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру