Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ИСЛАМДАҒЫ АДАМ ӨМІРІНІҢ МАҢЫЗЫ МЕН ҚҰҚЫҒЫ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 09.02.2024 1663 0 пікір
ИСЛАМДАҒЫ АДАМ ӨМІРІНІҢ МАҢЫЗЫ МЕН ҚҰҚЫҒЫ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Өмір – адам баласына берілген басты құндылық. Адам баласы Алла Тағаланың сыйлаған ғұмырының әр сәтін бағалап, оны өзіне ізгі амалдар жасауға берілген мүмкіндік деп түсінуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мүлік» сүресі, 2-аятында:

الَّذِي خَلَقَ الْمَوْتَ وَ الْحَيَاةَ لِيَبْلُوَكُمْ أَيُّكُمْ أَحْسَنُ عَمَلَا

«Ол сондай Алла, сендердің қайсыларың жақсырақ іс-амал жасайтындарыңды сынау үшін өлім мен өмірді жаратты», – деп айтқан.

Адамның пәни дүниедегі тіршілігін қазақ халқы ғұмыр деп атайды. Тілек тілегенде халқымыз: «Ғұмыр жасың ұзақ болсын», «Жағың түспей жамандық көрме» немесе «Ғұмыр берсін!», «Ғұмырлы бол!» деген сөздерді жиі қолданады. Бұл ата-бабаларымыздың адам өміріне, оның ғұмырының ұзақ та берекелі, ізгі болуына үлкен маңыз бергенін көрсетеді. Расымен де адам ғұмыры ұзақ әрі ізгілікті болғаны жақсы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

خَيْرُ النَّاسِ مَنْ طَالَ عُمْرُهُ وَ حَسُنَ عَمَلُهُ

«Адамдардың жақсысы өмір жасы ұзақ әрі іс-амалы ізгі болғандары», – деген (имам Термизи).

Асыл дінімізде бес нәрсе құрметті саналады. Ол адамның діні, өмірі, ақылы, ар-намысы және мал-дүниесі. Оған қол сұғуға, зиян беруге болмайды. Бүгінгі уағызымыз осы бесеуінің ішіндегі өмірге қатысты болмақ.

Әр адам өмір нығметінің қадірін түсініп, оны тиісті дәрежеде бағалауы үшін мынадай істерге мән беруі қажет:

 

Бірінші: денсаулықтың қадірін білу

Асыл дініміз денсаулықты адам баласына берілген аманат деп қарауға, оны күтуге шақырады. Денсаулықсыз адам қоғамға пайда келтіруі былай тұрсын, құлшылық-ғибадатын да, дүние тіршілігіне қажетті істерін де істей алмайды. Осыны ескерген әрбір адам денсаулығына мән беріп, оны күтіп, денсаулыққа зиян келтіретін қандай да бір іс-әрекеттерден сақтануы тиіс. Бұл өмір атты үлкен құндылыққа шүкірлік етіп, қадірін білудің белгісі. Ал денсаулығын тиісті дәрежеде күтпеген адам ауруға өзі себепші болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Юнус» сүресі, 44-аятында:

إِنَّ اللَّهَ لاَ يَظْلِمُ النَّاسَ شَيْئًا وَلَكِنَّ النَّاسَ أَنفُسَهُمْ يَظْلِمُونَ

«Расында Алла адамдарға ешқандай зұлымдық жасамайды. Бірақ адамдар өз-өздеріне зұлымдық етеді», – деп айтқан.

Халқымызда: «Денсаулық – зор байлық», «Бірінші байлық – денсаулық», «Байлық – байлық емес, денсаулық – байлық» деген нақыл сөздер өте көп. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

نِعْمَتَانِ مَغْبُونٌ فِيهِمَا كَثِيرٌ مِنَ النَّاسِ: الصِّحَّةُ وَالْفَرَاغُ

«Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт», – деген (имам Бұхари).

Адам баласы ауруға душар болса, бұл өмірде тамақтану, сусын ішу, ойнап-күлу сияқты барлық зат өзінің маңызын жоғалтады. Сол себепті де даналардан: «Денсаулық – сау адамның басындағы тәж. Оны сырқат адам ғана көре алады», – деген сөз қалған.

Әл-Фараби бабамыз: «Адам денесінің жетілуі – оның денсаулығы. Егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал егер сау болмаса, онда денді сауықтыру керек», – дейді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

يَا عِبَادَ اللَّهِ تَدَاوَوْا، فَإِنَّ اللَّهَ لَمْ يَضَعْ دَاءً إِلاَّ وَضَعَ لَهُ شِفَاءً

«Уа, Алланың құлдары, емделіңдер! Расында Алла қандай да бір дерт жаратқанда оның шипасын да қоса жаратқан», – деген (имам Әбу Дәуід).

Бір Алладан шипасын үміт ете отырып, қазіргі таңдағы дамып жатқан медицинаның қызметтерін пайдалану, сондай-ақ ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткен емдік амалдарды орындау, қасиетті Құран мен хадистерде келген шипалық дұғаларды пайдалана отырып емделу сауапты әрі міндетті іс екенін білуіміз керек.

 

Қисса

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәрбиесін көрген саңлақ сахабалар денсаулықтарын барынша күтіп, оған зиян келтіретін істерден сақтанған. Бірде хазірет Омар (Алла оған разы болсын) іс-сапармен бара жатқан Шам өлкесінде жұқпалы індеттің, яғни оба ауруының шыққаны белгілі болады. Бұл хабарды жолда естіген Омар (Алла оған разы болсын) жанындағы үзеңгілестерімен ақылдаса келе, Шамға бармастан кері қайтуға шешім қабылдайды. Сонда сахаба Әбу Үбәйда ибн Жәррах (Алла оған разы болсын): «Уа, Омар! Алланың тағдырынан қашып барасың ба?» – деп сұрайды. Сонда хазірет Омар (Алла оған разы болсын) «Иә, Алланың тағдырынан Алланың тағдырына қарай бара жатырмын», – деп жауап берген екен.

 

Екінші: тағдыр тауқыметіне сабыр етіп, өзіне қол жұмсаудан сақтану

Адам өмірі өте қымбат, аса бағалы зат. Адам баласы өзінің және өзгелердің өміріне қатер төндіретін бүкіл істерден сақтануы қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәидә» сүресі, 32-аятында:

مَن قَتَلَ نَفْسًا بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الأَرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعًا وَمَنْ أَحْيَاهَا فَكَأَنَّمَا أَحْيَا النَّاسَ جَمِيعًا

«Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық істемеген біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең. Ал кім оны тірілтсе, (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең», – деп айтқан.     

Пендеге Жаратушы тарапынан берілген ғұмырды, уақыт мерзімі жеткенде Алла Тағаланың Өзі ғана алуға хақылы. Сол себепті дінімізде адамдардың бір-бірін өлтіруі немесе адамның өз-өзіне қол жұмсауы үлкен күнә болады.

Өз-өзіне қол жұмсау туралы тікелей аят болмаса да, қасиетті Құран аяттарынан суицидтің ислам рухына жат екендігі айқын көрінеді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 195-аятындағы:

وَلاَ تُلْقُوا بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ

«Өз қолдарыңмен өздеріңе қауіп төндірмеңдер», – деп, адам баласына өзінің өліміне әкелетін іс-әрекеттерден аулақ болуы керектігін айтқан.

Қасиетті Құранда адамның өзіне қол жұмсауына қатысты тікелей тыйым жоқ дегендерге, Фахриддин әр-Рази (Алла оны рақымына алсын): «Иман келтірген мұсылмандарда (өзіне қол жұмсау туралы) жаман ойдың болмайтынын, сол себептен де (қасиетті Құранда) тікелей тыйым салудың ешқандай да бір мағынасы жоқ», – ­деп айтқан.

Өмір құндылығын түсінбей, ол нығметті бағаламай, өз өмірін өзі қиған жандар үшін берілетін ақыреттік жаза да ауыр. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім өзін-өзі қандай да бір темірмен өлтірсе, жәһаннамда қолына темір алып мәңгі-бақи өзін-өзі түйреумен болады. Ал, кімде-кім у ішіп өлсе, жәһаннам отында мәңгілік у ішумен қалады. Ал, кім өзін таудан тастап өлтірсе, жәһаннамда да өзін мәңгі отқа лақтырып тұрады», – деп ескерткен.

Ислам тарихында орын алған Хайбар соғысы кезінде бір адам үлкен қаһармандық көрсетіп, бірақ алған ауыр жарақатқа төзе алмай, өз қылышына құлап өлген адам жайында Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хабар жетеді. Мұны естіген ардақты Пайғамбарымыз  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдардың арасында сырттай қарағанда жәннат иелеріне тән қайырлы істерді жасап жүргендей көрінетіндер бар. Алайда олар тозақтық...», – дейді (имам Бұхари).

 

Үшінші: адамдарға пайдалы іс жасау

Мұсылман адамның өміріндегі басты мақсаттарының бірі – қоғамға пайда тиігізетін, ізгі іс атқару. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ғафыр» сүресі, 40-аятында:

مَنْ عَمِلَ سَيِّئَةً فَلَا يُجْزى اِلَّا مِثْلَهَا وَمَنْ عَمِلَ صَالِحًا مِنْ ذَكَرٍ اَوْ اُنْثى وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَاُولئِكَ يَدْخُلُونَ الْجَنَّةَ يُرْزَقُونَ فيهَا بِغَيْرِ حِسَابٍ

«Әлде кім бір жамандық істесе, онда ол, соның өзіндей ғана жазасын көреді. Ал қандай да ер және әйел кісі иман келтірген түрде ізгі іс істесе, міне солар жәннатқа кіреді. Сондай-ақ олар онда есепсіз ризыққа бөленеді», – деп айтқан. 

Асыл дінімізде Алланың ризалығын көздеп, өзгелерге жәрдемдесу, адамдардың қажеттілігін өтеу – үлкен құлшылық деп саналады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

خَيْرُ النَّاسِ أَنْفَعُهُمْ لِلنَّاسِ

«Адамдардың жақсысы (өзге) адамдарға көбірек пайда тигізгендері», деп айтқан (имам Табарани).

Халқымызда: «Өзін ғана ойлаған жамандықтың белгісі, өзгені де ойлаған адамдықтың белгісі» немесе «Атадан жақсы ұл туса, елінің қамын жейді, атадан жаман ұл туса, елінің малын жейді», – деп айтылған нақыл сөздер әр адамға елдің, қоғамның қамын ойлауға шақырып, оның дамуы мен өркендеуі үшін бар қолдан келер жақсылығын аянбауға үндейді.

Ардақты  Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Ағаштардың ішінде мұсылманға ұқсайтын ағаш бар», – деді. Сонда Абдулла ибн Омардың жас бозбала кезі болатын. «Ол – құрма ағашы», – деп айтқым келді дейді ибн Омар. Алайда сол жерде отырғандардың ішінде ең кішкентайы, яғни жасым кіші болғандықтан (әдеп сақтап) үндемедім дейді. Сол кезде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі: «Ол – құрма ағашы, ал құрма ағашының барлық жері хайырлы», – дейді.   Бұл хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрма ағашын мысал ету арқылы, құрма ағашы жеміс берумен қоса айналасына ыстық күнде көлеңке түсіреді. Нағыз мұсылманның да өмірі басқаға көптеген пайдалы іспен айналысатындығын меңзеген.

Хакім Абай: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», – деген. Ендеше, мұсылман адам Жаратушысының алдында парыз болған намаз, ораза және т.б. құлшылықтарды орындаумен қатар, шамасы келгенше өзгелерге жәрдемдесіп, жанашыр болып, қоғамға пайдалы іс жасауды ұмытпағаны жөн.

 

Төртінші: уақыттың қадірін білу

Адам өмірі уақыттан тұратындықтан, өмірінің қадірін түсінген адам оған берілген әрбір уақытты, сәтті бағалайды. Халқымызда «Бір күнім өтті дегенше, өмірімнің бір сәті өтті десейші» деген сөз бар. Имам Шафиғи (Алла оны рақымына алсын): «Уақыт бейне бір жүзі лыпылдаған өткір қылыш секілді, егер оны дұрыс қолданбасаң, өзіңді кесіп түседі», – деген.

Мұсылман адам Алла Тағала берген өмірдің әрбір сәтін бағалап, оны бос жіберіп алмауға, дүние-ақыретіне пайда тигізетін істермен айналысуға тырысады. Ал уақыттың құнын білмеген, есіл өмірді есіркеусіз өткізген адамдар ақтық сәтінде орны толмас өкінішке душар болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Муминун» сүресі, 99-аятында:

حَتَّى إِذَا جَاءَ أَحَدَهُمُ الْمَوْتُ قَالَ رَبِّ ارْجِعُونِ لَعَلِّي أَعْمَلُ صَالِحاً فِيمَا تَرَكْتُ

«Олардың біріне өлім келе қалса: «Раббым (дүниеге) кері қайтара көр! Бәлкім мен қалдырған дүниемде жақсылық істер істермін!» – дейді», – деп дүниеден өтер алдында уақытты жақсылық амалдарсыз текке өткізіп алған жандардың өкініш сәтін баяндаған.

Өмірде қандай да бір нәтижеге қол жеткізген адамдардың жетістікке жетуінің басты себебі – уақытты тиімді пайдаланудан тұрады. Сол себепті көптеген ғалымдар, даналар уақытты тиімді пайдалану жайында өсиеттер қалдырған. Мысалы, хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Төрт нәрсе кері қайтарылмайды. Олар: атылған оқ, жұмсалған ақша, қолға түскен мүмкіндік, өткен уақыт», – деген.

Халқымыздың ақиық ақыны Мұқғали Мақатаев:

Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?

Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.

Менің жаным ашиды мына өмірді,

Өтпейтіндей көретін адамдарға! – деген.

Құнды, бағалы затты адам баласы қастерлеп, құрметтеп, сақтайтыны белгілі. Біздер үшін аса құнды болған уақытты да әр адам бағалай білуі тиіс. Оны бос, пайдасыз істермен өткізуден сақтанып, әсіресе, уақыттың жауы болған бос сөз, орынсыз қалжың, ұялы телефонға үңілумен күнімізді өткізу, пайдасыз істермен айналысу сияқты істерден аса сақ болған жөн.

 

Қисса

Бірде халифа Харун Рашидтің құзырында бір жігіт иненің тесігінен жіпті қадап өткізетін өнерін көрсетеді. Сонда Харун Рашид: «Мына адамға жүз динар беріңдер және жүз дүре соғыңдар», – дейді. Уәзірлері түсінбей: «Не үшін?» – деп таңырқайды. Харун Рашид: «Көрсеткен өнері үшін жүз динар беріңдер. Ақылы мен уақытын босқа жұмсағаны үшін жүз дүре соғыңдар», –  деген екен.

 

Бесінші: зиянды әдеттерден аулақ болу

Адам өмірін талқандап, мәнсіз де мағынасыз ететін іс – зиянды әдеттер. Зиянды әдеттерге тәуелді болу арқылы адам өз өміріне ғана емес, өзге адамдардың өміріне де зиян келтіреді. Себебі отбасының ыдырауы, балалардың жетім қалуы, өзгеге қол жұмсау, арақ, нашақорлық, құмар ойыны сияқты зиянды әдеттердің кесірінен қоғамда түрлі келеңсіз жағдайлар орын алып отыр. Асыл дініміз адам өміріне, денсаулығына зиян әкелетін мұндай зиянды әдеттерден сақтандырған. Қасиетті Құранның «Мәйда» сүресі, 90-аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالأَنصَابُ وَالأَزْلاَمُ رِجْسٌ مِّنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Шындығында арақ, құмар ойын, пұттар, көріпкелдік жасайтын жебелер – шайтанның істерінен. Сондықтан да олардан сақтаныңдар, сонда құтыласыңдар!» – деп айтқан.

Шал ақын бабамыз:

Жігіттер, жаман істі кәсіп етпе,

Досыңды бірге жүрген басып өтпе, – деп, біздерді жаман, зиян істерден сақтануды өсиет еткен.

Шариғатымыз адам баласына өзінің пайдасы үшін жаман әдеттерден тыйған. Өйткені «зиянды әдет» деп аталғанындай, бұл істерді істеу адам баласының дүние және ақыретіне үлкен зиян алып келеді.

 

Қисса

Бір жас жігіт жаман әдеттерінен арылудың жолын сұрап бір данышпанға барыпты. Данышпан кісі: «Сен ана бір жас шыбықты жерден суыршы», – дейді. Ол қиналмай-ақ суырып алады. Енді одан жуанын суыруын тапсырады. Ол өзі суыра алмай досын көмекке шақырып, әрең дегенде орнынан қозғапты. Данышпан одан да жуан ағашты көрсеткенде, тағы да көптеген адам жиналып қозғалтса да орнынан суыра алмапты. Сонда данышпан: «Көрдің бе? Жаман әдеттен бастапқы кезде құтылу жеңіл. Ол кезде оған өзіңнің де шамаң жетеді. Ал, нашар қылығың көбейген сайын, ол қанға әбден сіңіп кетеді. Ол кезде көмекке қанша адамды шақырсаң да, бәрі кеш болады», – деген екен.

 

Қадірменді жамағат!

Өмір – әрбір адам баласы үшін бір рет берілетін мүмкіндік. «Өмірге адам болып келу – Алладан, ал өмірден адам болып өту – адамнан» деген даналық сөз бар. Сондықтан да адам өмірінің мәнді болуы өзіне байланысты. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لاَ يَتَمَنَّيَنَّ أَحَدُكُمُ الْمَوْتَ إِمَّا مُحْسِنًا فَلَعَلَّهُ أَنْ يَعِيشَ وَيَزْدَادَ خَيْرًا وَهُوَ خَيْرٌ لَهُ وَإِمَّا مُسِيئًا فَلَعَلَّهُ أَنْ يُسْتَعْتَبَ

«Сендердің біреулерің өзіне өлім тілемесін. Бәлкім ол жақсы адам болса, ұзақ өмір сүріп, жақсылығы көбейе түсер, сөйтіп, (өмір) ол үшін жақсы болар. Бәлкім, жаман адам болса, жамандығынан қайтарылар», – деген (имам Нәсәи).

Алла Тағала біздерге ұзақ та салиқалы ғұмыр нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл етсін!

 

 ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру