Бүгін Астанада Құрбан айт мерекесіне байланысты өткен баспасөз мәслихатында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге үндеу жасады.
«Мен жыл басында еліміздегі барша дін қызметкерлеріне жолдаған Бағдарлық баяндамамда қос ұлық мейрамдарымыз – Құрбан айт пен Ораза айтты дәстүрімізге сай қоғамдық деңгейде атап өту қажеттігін жеткіздім. Алла қаласа, айт күндері «Құрбан айт – ұлық мереке» тақырыбында республикалық деңгейде игі іс-шаралар ұйымдастырылады.
Облыстық, қалалық және аудандық мешіттердің ауласында киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен арнайы сайыстар ұйымдастырылады. Жер-жерде мәдени-рухани кештер өткізіледі. Осы ретте еліміздегі барша жамағатты ұлттық киімдерімізді киіп, айт мерекесін дәстүрімізге сай ұлттық нақыштармен өткізуге, игі бастамаларымызға белсенді түрде атсалысуға шақырамын.
Құрбан айт тек діни мереке ғана емес, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтатын, қайырымдылықты паш ететін рухани мейрам. Осы орайда еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды Құрбан айтта мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұртымыз күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін» деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.




ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyatkz
18.05.2026
399
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру