«Нұрдәулет» мешіті
«Нұрдәулет» мешіті Ақтөбе қаласы Әбілқайыр хан даңғылында орналасқан. 1999 жылы маусымда хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың туылған күні мен Ақтөбе қаласының 130 жылдық торқалы тойы қарсаңында пайдалануға берілді. Мешітті салуға сол кездегі Ақтөбе облысының әкімі Аслан Мусин, қала әкімі Елеусін Сағындықов мұрындық болған.
Көлемі 1730 шаршы метр намазханада бір мезгілде 1 мың 500 адам иық тірестіріп құлшылық ете алады, іші араб елдерінен әкелінген кафельдермен көмкерілген. Ең үлкен бөлмесі 360 шаршы метр, биіктігі 13 метр, бірде-бір тағансыз радиусы 17 метрлік күмбезі көз тартады.
Барлығы 7 бөлмеден тұратын мешітте үлкен залдан басқа, кіші намаз оқитын әрқайсысы 90-100 шаршы метр екі бөлме, 90 шаршы метр әйелдер бөлмесі, 75 шаршы метр неке бөлмесі, басқа да шаруашылық, асхана, азаншы бөлмелері бар.
Ғимарат екі қабатты. Бірінші қабатында қасиетті Құран оқитын бөлме, неке, имамдар бөлмесі, асхана мен намазхана, екінші қабатында қосымша намазхана, әйелдердің намаз бөлмесі, бас имам мен діни қызметкерлердің бөлмесі, дәрісхана орналасқан. Тек қана намазханасының жалпы көлемі 1200 шаршы метр, михрабының ұзындығы 5, биіктігі 6,5, мінбердің биіктігі 9 метр. Осы залға ілінген аспалы хрусталь шамның биіктігі 7 метр. Намазхана қабырғалары және михраб қасиетті Құран аяттары жазылған кафельдермен безендірілген. Бұдан басқа, намазхана қабырғаларына төрт халифаның (хазреті Әбу Бәкір, хазреті Омар, хазреті Осман, хазреті Әлидің) есімдері және Құран аяттары шеңбер ішіне жазылған. Мешіттің көгілдір түсті төрт күмбезі бар. Олардың ішкі күмбезі 18, сыртқы үлкен күмбезі 16,5, орташа күмбезі 14, мешітке кірер есік үстіндегі күмбезі 6 метр, мұнарасының биіктігі 51 метр. Алла үйінде бес уақыт, жұма және айт намаздары оқылады. Шариғат шарттарына сәйкес барлық діни рәсімдер орындалады. 1999 жылдан мешіт жанында діни сауат ашу курсы тұрақты жұмыс істейді.
Ғимарат сырты ақ мәрмар таспен қапталған, алдыңғы баспалдақ алаңына да мәрмәр төселінген. Ерекше әсем салынған азан шақыратын мұнарасының биіктігі 57 метр, табаны 36,5 шаршы метр. Төбесінде жеті көк күмбезі түнде жарық беріп тұрады, Алла сөзі жазылған айшықтары бар.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР

05.06.2019







+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3