Арапа сөзі тілімізге арабтың «ъарафа» етістігінен енген. Мағынасы білу, түсіну дегенге саяды. Бұл күннің «арапа» деп аталуының себебі, зүл-хиджа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар түсінде құрбандыққа баласын Исмайылды шалғанын көреді. Алғашқыда көрген түсін «жәй түс пе, әлде аян ба» деп ойлаған ол ертесіне (айдың тоғызына) тағы көреді. Осыдан кейін оның Алладан келген аян екенін біледі. Осы себепті бұл күнді «арафа (арапа)» деп атап кеткен деседі.
Биылғы 23 қыркүйек Ислам дінінде арапа күні болып саналады. Арапа дініміздегі қадір-қасиеті мол күндердің бірі. Осы күні жасаған амалдарымыздың сауабы мол болатыны көптеген хадистерде дәлел келтірілген:
Ардақты Пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) білдіруінше, арапа – артықшылығы мол күн. Ол артықшылығы жағынан жұма күніне ұқсас. Ол жұмадан басқа күні жасалған жетпіс қажылықтан артық. Дұғалардың ең жақсысы да – арапа күні жасалған дұға (Байхақи). Ендеше, арапа күні барынша көбірек және шын ықыласпен дұға жасаған жөн. Әсіресе, дұғаларымызда тек өзіміздің бақытымызды тілеумен шектелмей, елдің амандығын, жұрттың тыныштығын, жастардың иманды болып өсуін, т.б. бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің де оң шешімін тілеп, жалбарынған жөн дер едік.
Арапа күні Алладан көбірек кешірім тілеп, біліп және білмей жасап қойған күнә-қателіктеріміз үшін тәубе етудің де маңызы зор. Өйткені, әзірет Әли: «Алла тағала дәл арапа күніндегідей еш уақытта көп адамды тозақ отынан азат етпейді», – деп жеткізгені мәлім. Сондай-ақ, тағы бір хадисінде сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.у): «Арапа күнін құрметтеңдер. Өйткені, арапа – Алла қадірлі еткен күн» деген. Алланың өзі қадірлі еткен болса, ол күні қандай құлшылық немесе жақсылық жасасақ та, қарымтасыз қалмайтыны анық. Осы мүмкіндікті пайдаланып елдегі жетім-жесірлерге қол ұшын созып, ауру-сырқаулардың көңілін сұрап, көршілермен, туыстармен қарым-қатынас жасап, мол сауапқа кенелуімізге болады.
Арапа күні жасалатын ең ізгі істердің бірі - ораза ұстау. Бұл күні ораза тұту, бір жағынан, нәпсі тәрбиесі үшін маңызды болса, екінші жағынан, сауабы да ұшан-теңіз. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) бұл туралы былай деген: «Арапа күні ораза тұтушыға Адам пайғамбардан (яғни алғашқы адамнан) Қиямет сырнайы үрленгенге дейін өмір сүрген бүкіл адамдар санының екі есесіндей сауап жазылады».
Әзірет Омар ибн Хаттаб (р.а.) өз заманындағы йаһудилердің (еврейлердің) бірімен әңгімелесу барысында Арапа күнінің маңызын білдіреді. Йаһудий оған: «Уа, Омар! Сендер бір аят оқисыңдар. Егер сол аят бізге түскенде, біз оның түскен күнін мереке етер едік» дейді. Ол аят «Мәйда» сүресінің үшінші аяты еді. Онда былай делінеді: «Міне, бүгін сендердің діндеріңді кемеліне жеткіздім және өздеріңе арнаған нығметімді тұтас етіп толықтырдым. Сондай-ақ, Исламның сендерге дін болуына разы болдым». Бұл аят һижраның 10-жылы ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.у.) қоштасу құтбасы кезінде, қасиетті жұма әрі осы арапа күні түсірілді. Аят түсіп жатқанда Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Адба дейтін түйесінің үстінде Арафа тауында тұрған болатын. Алладан түскен уахидың салмағына шыдай алмай түйе шөгіп кетті.
Міне, осының бәрін білетін әзірет Омар: «Біз ол күнді және сол күні осы аяттың Пайғамбарымызға (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) түсірілген жерін де білеміз» деп жауап қайырды. Бұл сөздің астарында арапа күнінің қадір-қасиетін де анық аңғарамыз.
Арапа күні таң намазынан бастап, Құрбан айтынынан кейінгі төртінші күні екінті намазы біткенге дейін оқылатын 23 намаздың парыздарынан кейін «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар. Лә иләһа иллаллаһ, уаллаһу әкбар. Аллаһу әкбар уә лилләһи хамд» деп тәкбир тәшриқ айтылады. Ханафи мәзһабы бойынша басы азат, тұрғылықты және ер адамдар үшін бұл күні тәкбір тәшриқ айтудың үкімі – уәжіп («Әл-ихтияру ли таълилиль мухтар». 1том.). Күнделікті дағды болмағандықтан, мешіт имамы тәкбір айтуды ұмытып кеткен жағдайда да жамағат өздері бастап айта береді.
Бауырсақ – қазақ халқының ұлттық тағамдарының бірі. Қонақ күтуге дайындық жасалғанда, бауырсақ, шелпек пісіру, ең алдымен, аталады. Әрине, бұл шариғатымызда тыйым салынбаған тамаша үрдіс. Ардақты Пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Кім де кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, қонағын қадірлесін» деген хадисі белгілі. Ендеше, әр ұлт немесе халық өз қонағын әр түрлі қадірлейді. Ал, қонақжайлығы және меймандостығымен әлемге танылып үлгерген қазақ елінің бұл жағынан ешкімге ұқсай бермейтін өзіндік салты болуы заңды. Келген қонақтың астына мамық көрпеше төсеп, қолтығына жастық беріп, алдына кең дастархан жайып, оған еттен, төрт түлік мал сүтінен, ұннан жасалатын алуан түрлі тағамдарды қою, келген қонаққа ас-ауқаттан бұрын пейілімізді беру - біздің ұлттық дәстүріміз. Бұдан ешқашан айырылуға болмайды. Мұндай ерекшеліктерден ажырай бастасақ, бірте-бірте іргелі ұлт болудан да қаламыз. Алла тағаланың адамдарды ұлттарға бөліп жаратуының да мәні осындай ұлттық ерекшеліктерімізбен байланысты болса керек.
Міне, арапа күні бауырсақ пісірудің, өзге де дайындық жасаудың бір себебі осында. Сөз соңында тілеріміз, шариғаттан қылдай ауытқымайтын ұлтымызға тән небір адал астарымыз дастарханымыздан үзілмегей. Келе жатқан Құрбан айт мерекесі барша мұсылмандарға құтты, берекелі, ырысты болғай!
Асылбек Әуезханұлы
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру