Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

НАҒЫЗ ЕР – ОТБАСЫНЫҢ ҚОРҒАНЫ

Наурызбай қажы Тағанұлы muftyat.kz 06.02.2024 1131 0 пікір
НАҒЫЗ ЕР – ОТБАСЫНЫҢ ҚОРҒАНЫ

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Оның Пайғамбары Мұхаммедке салауаттар мен сәлемдер болғай.

Алла Тағала қасиетті Құранда отбасында ер адамның рөлі мен орнын ерекше атап өткен. «Ниса» сүресінің 34-аятында былай делінген: «(Әйелді нәпақамен қамтамасыз ету, қорғау және тәрбиелеу ер адамның міндеті болғандықтан) нағыз ерлер – әйелдерге басшы һәм қорған. Мұның себебі, Алланың кей адамдарды кейбіреуінен (басқару, қорған болу, қамқорлық жасау сынды мәселелерде) әлдеқайда артық (әрі қабілетті етіп) жаратқандығы, сондай-ақ ер адамдардың (әйелдеріне мәһір беру һәм отбасының нәпақасын табу сынды) маңызды жауапкершілік арқалағандығы...».

Мұхаммед Али ас-Сабунидің «Тәпсірлердің таңдаулысы» еңбегінде осы аятқа байланысты мынадай түсініктеме берілген: «Яғни ерлер – әйелдердің басқарушы және қорғаушылары. Оларға әмір береді, кейбір істерді жасаудан тыяды. Олар үшін қаражат жұмсап, мемлекет басшысының халықты басқарғаны тәрізді оларды басқарады. Өйткені Алла ерлерге керегінше мол ақыл, басқару қабілетін берді және нәпақа табуды жүктеді. Оларға әйелдерді қорғауға, бақылауға және солар үшін қаражат жұмсап, тәрбие беру міндетін берді».

Осы аят жайлы ғұлама Әбу Суғуд: «Ерлер ақылдарының толықтығы, салмақты және қуатты болу жағынан үстем етілген. Сондықтан пайғамбарлық, имамдық, куәлік және Алла жолындағы күрес тәрізді міндеттер ерлерге берілген», – деген екен. 

Расында Алла Тағала бұл аятта нағыз ер адам ғана әйелге әрқашан қорған болатынын ерекше меңзеп тұр. Сонымен қатар отбасын асырау, бала-шағаны жақсылыққа тәрбиелеу ер азаматтың асыл міндеті екенін баяндаған. Бұл аят ер адамға барлық істе үстем, биік болу керектігін үйретуде. Демек үлгі-өнеге көрсетуде ер азамат алдына жан салмауы тиіс. Ер адам ешқашан ұсақталмауы керек. Ұсақталу – жігіттің қасіреті. Әр нәрседе ұсақтала беру – әлсіз адамға тән сипат. Өзінің биік дәрежесінде қалған ер ғана отбасын, айналасын жақсылыққа жұмылдыра алады. Ғабит Мүсірепов: «Еркектің көркі ақылында...» – десе, Бауыржан Момышұлының: «Біздің жерімізде еркек – діңгек, әйел – гүл», – деген
сөзінде жан бар.

Ұсақталмауға итермелейтін жақсы қасиеттің бірі – әйелдің кейбір майда істерін елемеу және әрқашан кешірім жолын ұстану. Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын): «Мүминнің мінезінің ең абзалы – кешірімділік», – деген екен. Халық арасында «Отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген сөз бар. Алайда ыдыс-аяқ тек ас үйде сылдырлайтынын ұмытпаған абзал. Ас үйдегі әрбір сылдыр еткенге еркек араласа берсе, қадірі қашпай ма? 

Кейде ондай ұсақ-түйек нәрселерді елемеудің қайыры көп. Себебі әйелдің көңіл-күйі құбылмалы. Нәзік жандылар күніне қаншама эмоцияны бастан кешеді. Әйел эмоциясын шығару арқылы көңілі жай табады. Осы сәтте ер адам өткізіп жіберсе, әрқашан тәрбиелеуші тұлғаның дәрежесінде қалады. Ал керісінше әрекет жасап, әйелімен жарысып, ашуға берілсе оған үлгі-өнеге болу қасиетінен айырыла бастайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Мүмин ер кісі мүмин бір әйелге ренжімесін. Адам әйелінің бір мінезін ұнатпаса, басқа мінезіне риза болады», – деп өсиет еткен.

Халқымыз «Еңбегімен ер сыйлы» дейді. Еңбек ету – ер адамның абыройын арттыратын іс. Ер кісі үйленген сәттен бастап отбасының ас-суы, киім-кешегі, тұратын баспанасы, қысқасы үйдің барша шығыны мен қажеттіліктері оның мойнына жүктеледі. Өйткені отбасын асырау – әкенің міндеті. Алла Тағала Құранда: «Оларды жақсылап тамақтандырып, киіндіру – әкенің мойнында» («Бақара» сүресі, 233-аят) деп ескерткен. Тағы бір аятта: «Ризығы кең отбасын кеңдігімен асырасын. Кімнің ризығы тар болса, ол Алланың бергенімен отбасын асырасын. Алла әрбір жанға Өзі бергенінен артығын жүктемейді. Алла қиыншылықтан соң тез арада жеңілдікті береді» («Талақ» сүресі, 12-аят) делінген.

Сахаба Муғауия әл-Қушайри (Алла оған разы болсын) бір күні Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі! Біздің мойнымызда әйелдерімізге қатысты қандай міндеттер бар?» – деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ішкеніңнен ішкізесің, жегеніңнен жегізесің. Не кисең, соны кигізесің. Қатты сөкпейсің. Үйдің ішінен басқа жерде бөлек жатпайсың», – дейді. Расында ер адам өзіне қатысты міндеттерді дұрыс орындаса, отбасында абыройы артады.

Исламда ізгі әйелдің де Құдай қосқан жары алдында атқаратын міндеттері мен ақылары бар. Жоғарыда келтірілген «Ниса» сүресінің 34-аятының жалғасында Алла Тағала: «...Ал ізгі әйелдер – Аллаға толық бағынатын және ерлерінің алдындағы міндеттерін қалтқысыз орындайтын, сондай-ақ Алла олардың құқығын қалай қорғаған болса, олар да дәл солай ерлері қастарында болмаған кезде де ерлерінің ақысын аяқасты етпей (арын, отбасылық сырларды, отбасына тән абырой мен мал-дүниені) лайықты түрде сақтай білетін жандар...» деп баяндайды.

Бұл аятта ер азаматтың басқаруында болған әйелдердің хәлі кеңінен айтылған. Шынтуайтында салиқалы әйел Аллаға, күйеуіне бағынады. Ізгі әйел өзіне қатысты міндеттерді, жасауы тиіс амалдарды мұқият орындайды және өзін зинадан сақтайды. Күйеуінің дүниесіне қиянат жасап, таратып жібермейді. Сонымен қатар олар ерлеріне қатысты өз араларында болған сырларды құпия ұстайды.

Алла Тағала Құранда ер мен әйелді киімге теңеп, керемет насихат айтады. Бұл туралы «Бақара» сүресінің 187-аятында: «...Олар сендер үшін (сендерді бүркейтін, күнәдан тыятын, жан мен тән рахатына бөлейтін һәм көрікті қылатын) киім (іспетті), сендер де олар үшін дәл сондай киім (секілдісіңдер)...» делінген. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) осы аятты: «Олар сендер үшін жанға жайлылық, рақат, тыныштық, сендер де олар үшін дәл сондайсыңдар», – деп тәпсірлейді.

Алла Тағала бұл аятта ер мен әйелді киімге теңеу арқылы көп нәрсені астармен жеткізуде. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) айтқандай, Алла Тағала жомарт, халим, астарлап айтады. Халқымызда «Адам көркі – шүберек» деген сөз бар. Жақсы киім адамға қалай көрік берсе, жақсы әйел ерге, жақсы ер де әйелге солай көрік береді. Демек ер мен әйел – бір-бірін көрікті ететін жандар.

Киім адам денесіне ең жақын нәрсе болғандықтан, ер мен әйел бір-біріне ең жақын жандар болуы тиіс. Киім денедегі кемшілікті немесе айыпты жасырып тұратыны секілді, ер мен әйел бір-бірінің айыбын, кемшілігін өзгелерден барынша жасыруы қажет. Киім ыстық пен суықтан қалай қорғаса, ер мен әйел бір-бірін өмірдің түрлі сынақтарынан қорғап, қорғаныш болуы керек. 

Алла Тағала сіз бен біздің отбасымызға бақыт пен береке нәсіп етіп, мойнымыздағы міндеттерді абыроймен атқаруға күш-қуат пен даналық бергей. Әмин!

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

«Иман» журналы, №1, 2024 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру