Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Динара САЛАБЕКОВА: ОРАМАЛЫМДА N31 ДЕГЕН БЕЛГІ БАР

Әмина ҚАБЫЛБЕК "Мұнара" газеті 01.02.2021 15363 0 пікір
Динара САЛАБЕКОВА: ОРАМАЛЫМДА N31 ДЕГЕН БЕЛГІ БАР

Динара Салабекова – Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданының тумасы. Филолог мамандығын биыл ғана тәмамдаған жас маман. Спортшылар отбасында дүниеге келген Динара бала кезінен жүгіру, үстел теннисі, волейбол, баскетбол сынды спорт түрлерімен айналысып, облыстық құрамада болған.

Алайда анасы спортшы болуына қарсы болып әрі денсаулығына байланысты тіл маманы мамандығын таңдаған. 4-курста барлық жарақаттан жазылып, бразилиялық джиу-джитсупен айналыса бастайды. Бұған дейін командалық спорт түрлерімен шұғылданған ару бұл жолы жеке түрімен айналысып көрмекке ниеттенеді. «Бала кезден күреске қатысқым келетін. Дегенмен анам «Сен қыз баласың» деп рұқсат бермейтін. Бірақ джиу-джитсуға қатысқан қыздардың бойынан айтарлықтай кемшілік көрмедім. Қайта сымбатты болатын секілді. Сабағына да үлгеріп, жетістікке де жетіп жатады. Сол себепті бір жарым жыл бұрын таңдауым осы спортқа түсті. Одан бөлек бұрыннан жүгіруге қатысатыным бар. Түрлі марафондарда жүгіремін. Филолог болуды қаламайтынымды сезіп, өзімді дамытатын тренингтерге барып, әлеуметтік желіде имидж қалыптастырғым келді» деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.

Әу баста Динараның парақшасына ерекше бастамасы арқылы «қонақ болып» кіргенбіз. Спорттық үлгідегі хиджаб тігеді екен. Өзі де орамал тағады. «Ата-әжемнің намаз оқып, Құранды қолынан тастамайтынын көріп өстік. Атам имам болды. 5-сыныптан бастап ораза ұстадым, 8-сыныпқа келгенде орамал таққым келді. «Мектеп бітірген күні бірден орамалға көшем» дейтінмін. 10-сыныпта оқып жүргенде, анамның туған күнінде бес уақыт намаз бастадым. Ондағы ойым анамның да намазға келуін тілеу болған еді. 11-сыныпта мектепке барғанда орамалды шешіп, шыққан соң қайта тағып алатынмын. Себебі Шығыс Қазақстанда намаз, орамал мәселесі өте күрделі. Егер осында қалсам, орамалға рұқсат бермейтінін сезіп, ешкімге айтпай ҰБТ-да «Қазақ тілі мен әдебиетін» таңдадым. Себебі оған дейін үйдегілер Семейде қалатынымды, дәрігер болатынымды айтатын. Ал енді «Қазақ әдебиетін» таңдағанымды білгенде анам «Семейдегі университетке түсерсің, жарайды» деді. Бірақ мен мұнда қалмас үшін Алматыда қай оқу орнында орамалға рұқсат беретінін сұрастырдым. ҚазҰУ-да тағуға болады екен. Сөйтіп сол жаққа тапсырып, оқуға түстім. Бар ойым орамалды еркін тағу болатын. Сол арманыма жеттім» дейді парызы үшін тәуекел еткен Динара.

2-курстан бастап кейіпкеріміз инфобизнеске қызыға бастайды. Бизнес-парақшаларды жүргізіп, сатумен айналысады. Осылайша онлайн саудадан мол тәжірибе жинайды. «Спортшы орамалды қыздар ыңғайлы киім табудың қиын екенін біледі. Соның ішінде – қиыны орамал табу. Материалы келмейді, терлетеді, қысады, шаш көрініп қалады, мойын ашылып қалады. Шетелден арнайы киімдер алдыру қиын әрі қымбат. Осы мәселелер өз басымнан өткесін бізде де мұсылман қыздарға арналған киімдер болса деген арман пайда болды. Былтыр Дубайға оқуға барғанымда спорттық орамал сатып алдым. Өте ыңғайлы екен. Күрескенде ойың шашырамайды. Түсіп қалар деп уайымдамайсың. Содан «осыны неге мен жасап көрмеймін?» деп ойладым. Дереу ақпарат жинап, эскизін сыздым. Әлем бойынша неге табу қиын десем, мұның матасын табу оңай емес екен. Қытайдан не Түркиядан ғана табылады. Бүгінде спорттық орамалдарды бізден де табуға болады. Бірақ әлемдік спорт стандарттарына сай емес. Сай қылып тігу үшін Түркияға бардым. Алланың қалауымен спорт киімдерін тігетін фирма басшыларымен кездесіп, бас-аяғы бір ай ішінде дайындап шықтық. Жарысқа осы орамалымды тағып, чемпион болдым. Қуанышымда шек жоқ. Енді алдағы уақытта буркини, яғни мұсылман қыздарға жүзуге арналған киімнің эскизі сызылып жатыр. Одан бөлек, сөмке, спорттық өзге де киімдер тігеміз деген жоспарымыз бар» дейді жас кәсіпкер.

«Нұр» сүресінің 31-аятында: «Мүмін әйелдерге де айт: «(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өзіндігінен көрінгендері басқа (беті, қол-аяқтары). Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін керсетпесін. Бірақ ерлеріне, әкелеріне, қайын аталарына, өз ұлдарына, өгей ұлдарына, аға-бауырларына, олардың ұлдарына, әпке-сіңлілерінің ұлдарына, мұсылман әйелдерге, қолдарындағы күңдеріне, әйел керек қылмайтын қызметшілерге немесе әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін балаларға көрсетулеріне болады. Және көмескі зейнеттерін басқаларға білдіру үшін аяқтарын ұрып жүрмесін. Әй мүміндер, түгел Аллаға тәубе қылыңдар! Әрине құтыларсыңдар» дейді. Мұның бұл жерде қандай қатысы бар екенін кейіпкеріміз түсіндірді. «Орамалдарымда N31 деген жазу тұрады. Атауын Nur31 деп қойдым. Мұның астарында «Нұр» сүресінің 31-аяты жатыр. Көркем әрі құпия түрдегі дағуат болсын деген тілегім бар. Әлдекімге N31 жай бір символ болып көрінуі мүмкін. Ал меноны бекерден-бекер таңдамадым. Әрі марқұм әкемнің есімі Нұрлан еді. Бір жағы сонымен де байланыстырдым. Әр қыздың күйеуі ғана көруі тиіс сұлулығы болады демекші, мұсылман қыздардың нұрын сақтауға көмектессе деген де ойым болды. Атауының мағынасы – осы» деп ағынан жарылды Динара.

Қазіргі таңда «мұсылман қыздар тұйық, білімсіз, қараңғы» деген стереотипті бұзып, қайта екі дүниелік білімді бойына жиып жүргенін дәлелдеп жүрген қыздарымыз аз емес. Динараның ойынша да, мұсылман қыздар жан-жақты болғаны жөн. Өзі де үлгі болып отыр. Діндес бауырларының проблемасын шешу үшін кәсіп бастаған ниетінің өзіне қуаныштымыз. Бүгінде өзге елдердің спорт командаларынан орамалға тапсырыс түсіп жатыр екен. «Орамал тағуға, ол үшін күресуге батпай жүрген қыздарға соңына дейін баруға кеңес бергім келеді. Өйткені бұл – Алланың разылығы үшін жасалатын іс. Осы амалдың арқасында ризық-несібе молаяды. Мұсылман қыздардың мықтылығын көрсетуге себепкер болғым келеді». Динараның әр сөзінен дінге деген махаббат, ерекше сезім есіп тұр. Алған қойған мақсаттарының оң болуын тілейміз. Әлемге әйгілі брендке айналып, N31 орамалдары халықтың сүйіктісіне айналсын демекпіз.  

 

Дайындаған Әмина ҚАБЫЛБЕК

«Мұнара» газеті, №24, 2020 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру