Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАЛА ТӘРБИЕСІ ҺӘМ БАЛАБАҚША САЛУДЫҢ САУАБЫ

Еркінбек ШОҚАЙ, ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкіл имамы 18.06.2019 6037 1 пікір

 

Атам қазақтың: «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», – деген сөзін өмірлік ұран еткен халқымыз қашан да ұрпақ тәрбиесі мен ұлт болашағына үлкен жауапкершілікпен қараған. Әсіресе, жас жеткіншектеріміздің ерте бастан, тіпті жөргегінде-ақ үлкен азамат болып қалыптасуына қам жасап, жол көрсете білген. Осы ретте Хәкім Абайдың: «Баланың жақсы болмағы бірінші – ата-анасынан, екінші – ұстазынан, үшінші – құрбысынан», – дегенін ескерсек, еркін ойлы, асқақ рухты, білімді де тәрбиелі, бәсекеге қабілетті, ұлтжанды ұрпақ тәрбилеуде аталған үш негіздің маңыздылығын көреміз.               

Әрине, ең алдымен, баланың тәрбие бесігі – отбасы мен ата-анасы екені мәлім. Бала үшін ата-ананың тәрбиесін еш нәрсе алмастыра алмайды. Мұны дана халқымыздың: «Алты аға бірігіп, әке болмас, жеті жеңге жиылып, шеше болмас», – деген ұлағатты сөзінен аңғарамыз. Ал, екінші кезектегі тәрбие бесігі – мектепке дейінгі тәрбие мекемелері мен орта және жоғары білім беру  ошақтары, сондай-ақ ұстаздар. Ал, Абай айтқан «баланы жақсы қылатын құрбы» болса, ол өмір сүру кезеңінде ауадай қажетті фактор екені рас. Сондықтан баланы жастайынан жан-жақты дамытып, жақсы қасиеттерге баулу – мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты мен әлеуметтік құрылымның ең маңызды міндеттеріне жатады.

Осы орайда біз мектепке дейінгі тәрбие бесігі болған балабақшалардың баланы тұлға ретінде қалыптасуына, ақыл-ойы мен интелектуалдық қабілетін дамытуға, ерік пен сезім белсенділігін қалыптастыруға үлкен әсері барын айтсақ болады.

Хәкім Абай өзінің жетінші қара сөзінде баланың өмірге екі түрлі болып келіп, екі түрлі мақсатта өмір сүретіндігін айтады. Яғни, бір бала тек ішсем-жесем деп, нәпсі мен тән қажеттіліктерін ғана өтеп, «жүректе қайрат болмай, ұйықтаған ойын оятпай, ақылына сәуле қонбай, хайуанша жүріп күнелтетінін» тілге тиек етеді. Бұл – тән құмары. Ал екінші бала білсем екен, танысам екен деп тұрады дейді. Ал мұны ол жан құмары деп атайды. 

Сонымен баланың жан құмарын қанағаттандырып, толық адам, кемел азамат, жан-жақты толысқан тұлға етіп қалыптастыруда отбасы мен ата-ананың тәрбиесінен бөлек, мектепке дейінгі мекемелер мен бала-бақшалардың орны ерекше. Өйткені, қазіргі таңда балалар тез жетілу үстінде. Сондықтан балалардың заман талабына сай, бәсекеге қабілетті болып өсулері үшін үздіксіз даму үдерісі қажет. Ал мұндай қызметті қазіргі таңда, белгілі бір мөлшерде, соңғы үлгідегі білім инновацияларымен жабдықталған, баланы жастайынан қоршаған ортамен қарым-қатынасын реттейтін, еңбек пен жасампаздыққа үндейтін,  қоғамда өз ойын ашық айтуға үйреніп, жан-жақты дамытатын бала-бақшалар атқарып келеді. Ал енді елімізде осындай бала-бақшалардың көптеп салынуы, әрине, құптарлық іс, сауапты амал.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Адам дүние салған соң оның үш амалынан басқасы тоқтатылады: (олар) жүріп тұратын садақасы, пайдалы білімі және өзіне дұға ететін перзенті», – деп өсиет айтқан.

Ал, мұндағы жүріп тұратын садақа дегеніміз – адамның көзі тірі кезінде бір Алланың разылығын тілеп, өзінен кейінгі ұрпақтардың қажетіне жарайтын, ел игілігі үшін соққан мешіт пен медресесі, көтерген мектеп пен бала-бақшасы, яки салған жол мен отырғызған ағашы, көзін ашқан бұлағы және т.б. қайырымды амалдарды айтсақ болады.

Сондықтан да өскелең ұрпақтың саналы тәрбие мен сапалы білім алуы үшін бала-бақша сынды мекемелердің көптеп бой көтеруіне атсалысу –азаматтық борышымыз бен келешек алдындағы міндетіміз.

Адамзаттың екінші ұстазы ретінде мойындалған бабамыз, ғұлама-ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің:

«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі», – деген сөзі әрбір тәлімгер мен білім берушінің жүрегінде жазылып тұратын сөз.

Мұндағы тәрбие деген сөзден үлкен-үлкен ұғымдарды аңғаруға болады. Яғни, тәрбие дегенде біз адамгершілік пен әдептілік, ар мен намыс, ұят пен ождан, ізгілік пен қайырымдылық, төзімділік пен сабырлылық сынды жақсы қасиеттерді түсінеміз.

Сонымен қатар, балабақшалар – орта мектеп пен жоғары оқу орындарының алғашқы баспалдығы іспетті. Тіпті, мектепке дейінгі мекемелерде тәлім алған балалар, бірден бастауыш мектепке барған балалардан ерекшеленіп тұрады. Әрі балабақша нарықтық замандағы жұмысбасты отбасылар үшін де өте тиімді.

Сондықтан, соңғы үлгідегі стандарттар мен түрлі гигиеналық және санитарлық талаптарға толық жауап бере алатын, балаңның тағдырын сеніп тапсыра алатын, балаңа тәлім-тәрбие беру арқылы жарқын болашаққа жетелейтін бала-бақшалардың саны көбейгені нұр үстіне нұр. Сондықтан да еліміздегі балабақшалар тәлім-тәрбиенің алтын бесіктеріне айналып, бақытты ұрпақты сонда мәңгі тербетуге тиіс.

Бала тәрбиесі – ата-ананың ұрпақ алдындағы ең қасиетті борыштарының бірі. Мәселен, жануар екеш, жануар да өз төлін дүниеге әкелгеннен кейін, оны қараусыз қалдырмайды. Оны түрлі қауіп-қатерлерден аман сақтауға, баласының өмір сүруге бейімдеуге, сол арқылы ұрпақ жалғасытығын сақтауға барын салады. Ал, Алла Тағала ардақтап жаратқан адам баласы ұрпақ тәрбиесіне келгенде, үлкен міндеттерді атқаруға бұйырылған.

Ибн Омар (Алла одан разы болсын): «Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Әр қайсыларың бақташысыңдар және (барлықтарың) қоластындағыларың үшін жауаптысыңдар. Ел билеуші бір бақташы және қоластындағылары (халқы) үшін жауапты. Ер адам жанұясының бақташысы және солар үшін жауапты. Әйел ерінің шаңырағы мен бала-шағасының бақташысы және сол үшін жауапты. Қызметші де қожайынының дүние-мүлкінің бақташысы және сол үшін жауапты. Қысқасы, әрқайсыларың бақташысыңдар және қоластындағыларың үшін жауаптысыңдар», – деп айтқанын естідім», – деген.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:

«Әкенің баласына жақсы тәрбиеден артық берер сыйлығы болмас», – деген.

Бұдан шығатын қорытынды: асыл дініміз ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, балаларымыздың иманды да адамгершілігі мол болғанын, ел мен жерін сүйгенін, Алла мен ата-анасының разылығын алып, екі өмірде бақытты болғанын қалайды.

Пікірлер (1)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Гүлшат | 27.09.2019 04:02

Еркінбек Шоқай мырза, Сәлеметсіз бе! Мен 25 жылдай мектепке дейінгі мекемеде қызмет істеп келемін, мақалаңыз бізге қатысты болған соң оқып шықтым, Сіз айтқандай, ұрпағымызға  берер тәлім-тәрбие отбасы-балабақша-мектеп одан әрі байланысып жатса нұр үстіне нұр болар еді. Қазіргі еуростандарт бағдарламасында да осындай бағыт қойылып, сол мақсат іске асырылу үшін жаңартылған бағдарлама аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып өткізіліп келеді. Бірақ, бұл бағдарламадан да, Сіздің мақалаңыздан да ой түкпірімдегі сауалдарға жауап ала алмадым, өкінішке орай. Балабақшадан бастап "имани тәрбиенің" негізін қаланғанын құптаймын, әрине оған қоғам дайын емес, қанымызға сіңіп кеткен іс-әрекетіміз "имани тәрбиені" қабылдай қоймайды, қайшылас пікірлер туындауы әбден мүмкін. Еліміздегі мемлекеттік балабақшалар арасында емес жеке бақшалар арасында мұсылмандық тәрбиемен жұмыс істейтін балабақшалар бар деп естідім, бірақ қайда екенін таба алмадым. Мемлекеттік балабақшалардағы талаппен "имани тәрбие" емес "имандылық, адамгершілік құндылықтарын т.б." қалыптастырумен ғана шектелетініміз рас. Ол біздің "зайырлы мемлекетпіз" деп ұрандап, барлық елмен тең дәрежелі боламыз деуіміздің ишарасы, жемісі деп білемін. Біз шет елмен байланыса отырып, олардың тәжірибелерімен бөлісіп келеміз, оны мұнда толық қолданамыз деп айта алмаймыз, өйткені әр елдің салты басқа, өз перспективаларына салып жасаған өмір жағдаяттары өзгеге көніге кетер ме!? Инновациялық тұрғыда тәжірибе алмасқанымыз дұрыс, ал кейбірін жағдайымызға идіре алмай әлек болатынымыз тағы бар. Тобықтай сөздің түйіні, мемлекеттік тұрғыда ұлт ұрпағын тәрбиелеуде халықтық педагогиканы жандандырып, шариғи тәрбиенің тамырынан нәр алып, жас сәби шақтан имани қасиеттерді бойларына дарыта алсақ, ол үшін ұл бала мен қыз бала көз ашып ес білгеннен-ақ  тіршілікке имани тұрғыда бағыт алса, сол бойына ұялаған, сіңген тәрбиесі өне бойы мұсылмандық парызының өтелуіне себеп болары анық еді, сауапты істі осылай атқарсақ дұрыс болар еді.... Бұл тек сөзбен, қиялмен ғана шектелмей іс жүзіндегі амалдарға айналса игі болмас па еді!?