Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Дауанидың бала тәрбиесіне қатысты кеңесі

27.07.2018 6896 0 пікір

Мұсылман ғалым әрі уәлилердің бірі Жалаладдин Дауани (1426-1502) бала тәрбиесінің маңызына жиі тоқталатын. Бала тәрбиесі туралы берген кеңестерінің бірқатары төмендегідей:

«Бала өмірге келгенде, жетінші күні ат қойған жөн. Бірақ оны ойланып барып қою керек. Өйткені бұған жауапсыздық танытса, бала өмір бойы психологиялық қиындық тартады. Осы себепті өзіне жақсы ат қойылуы баланың құқы болып табылады. Сүт ему уақыты біткенде, тәрбиесімен айналысып, жаман мінез, нашар қылықтарға жолатпау керек. Өйткені балалардың қабілеттері кемелденуге, ал табиғаты жамандыққа бейім тұрады. Тез бұзылуы мүмкін. Сол үшін жақсы тәрбие алуына көңіл бөліп, ол үшін жүйелілікті сақтаған дұрыс.

Балада алғаш байқалған, тез көзге түсетін мінез – ұялу. Ұяттың көптігі ізгіліктің белгісі. Балада ұялу байқалғанда, қадағалауды күшейткен жөн. Алғашқы тәрбие жаман, бұзық балаларға қоспай, сақ қарау. Өйткені балалардың жан дүниесі айнадай таза. Түскен бейнені тез қабылдайды.

Одан кейін исламның шарттарын, дін бұйрықтары мен сүннеттің әдептерін үйретіп әрі осы үйрету ісін үзбеу керек. Үйренуден тартынса еркіне жібере салмай, жалғастырған жөн. Қажет болса, ұрсу керек. Бірақ жасы мен қабілетін де назарда ұстаған мақұл. Мәселен, дініміздің үкімі бойынша, жеті жасында намаз үйретіп, оқыту керек. Егер он жасында оқымаса, көңіліңіздің толмай жүргенін білдіріңіз. Жақсыларды мақтап, жамандарды айыптап, осы негізде жақсылыққа ынталандырған дұрыс. Жамандық пен нашар қылықтар жасауына тыйым салған жөн. Жақсы іс істесе мақтап, жарайсың деп, жаман іс істесе, жазғыру керек. Қолдан келгенше ашық түрде ренжіп, қателікпен істеді, ұмытып істеді деп баланың қылықтарын жасырып, оның жігерін жасытпау керек. Жасырын бір нәрсе істесе, бетіне баспай, ұятын сақтатып, қайтадан істесе, оңашада оған ескерту жасап, ұрысқан жөн. Жасаған әлгі қылығының өте нашар екенін айтып, енді естемеу туралы уәдесін алған жөн.

Жиі ұрыса беруден алыс болыңыз. Әйтпесе, ұрысу не айыптау үйреншікті жағдайға айналады. «Адамдар тыйым салынған іске үйір» дегендей, қайта істеуі мүмкін. Осы себепті дұрыс басқара білу керек.

Баланы ішіп-жеуге, жақсы киінуге үйір қылмай, сәнді киім, түрлі түсті маталар әйел кісілерге ұнамды екенін, ер кісілердің бұндайларды аса ұнатпайтынын айту керек. Ылғи жеуге, ішуге құмар болмауы үшін ескерту жасаған дұрыс. Әуелі ас ішудің әдебін үйретіп, ас ішуден мақсат ләззат алу емес, ағзаның саулығын сақтау екенін білдірген жөн. Ас ішіп-жеу дәрі секілді, онымен аштық пен шөл басылады деу керек. Дәрі белгілі бір мөлшерде қабылданған уақытта пайда тигізетінін, ішіп-жеу де ашығу мен шөлдеуді басу үшін болса пайдалы екенін, түрлі тамақтарға әдеттендірмей, тамақтың бір түріне ғана қанағат етуге үйретіп, тәбетін тым өсіре бермеу керек. Әр қалаған тамақты емес, табылған, дастарханға қойылған тамақты жеуге үйреткен дұрыс. Кей-кейде қатқан нан да беріп, соның да қадірін білгізген жөн. Бұл әдептер бай еместер үшін. Байлар осылай істесе тіптен дұрыс. Етті қалыпты жегізіп, астан кейін мүмкіндігінше су ішкізген жөн. Арақ ішудің денеге де, жанға да зиянды екенін балаға жиі айту керек. Арақ адамның ашуын қоздырып, жүйкесін жұқартып, ұятсыздыққа салатынын, адам бара-бара соған тіпті дағдыланатынын, ондайлардан алыс жүру керектігін санасына құйған жөн. Жаман сөздер естуіне тыйым салу керек. Міндетін бітірмейінше әрі қиындық көрмейінше тамағына бере қоюға асықпай, жасырын істеріне тыйым салып, ұятты іс істеуге деген батылдық бермеу керек.

Күндіз әрі түнде көп ұйықтатпай, жұмсақ киімдерге дағдыландырмай, жаяу жүргізіп, көлікке мінуді үйретіп, қалай отырып, тұрып, сөйлеудің әдебін түсіндіріп, әйелдер секілді сәнқойланбауды, уақыты әлі келмесе жүзік тақпауды айту керек.

Әкесімен және дүние байлығымен достарына мақтануына тыйым салып, өтірік айтпауын, өтірік ант су ішпеуін жиі ескерткен дұрыс. Өйткені ант ете беру жақсы емес. Орнымен айтылуының өзі макруһ. Тек дін үшін пайдалы болса ғана рұқсат етіледі. Ант ішуді үлкендер қажетсінгенмен балаларға оның қажеті жоқ.

Үлкендердің жанында үндемей отыруды, сұрақ қойылса, қысқа ғана жауап беруді үйретіп, ылғи тек жақсы сөйлеуді әдет етуді түсіндірген мақұл. Ілім үйренуге талпындыру керек. Ұстазы ұрса да баланы білімнен алыстатпай, қажетсіз баланы ұрса бермеген жөн. Ұру қажет болса, екінші рет істемеуі үшін әуелі жақсылап ұрысқан жөн. Баланы жомарттыққа дағдыландырып, дүние-мүлікті қадірсіздеу көрсету керек. Өйткені ақша мен дүниеге құнығу қауіпті.

Имам Ғазали: «Уа, Раббым, мені және балаларымды пұттарға табынудан сақта!» деген мағынадағы «Ибраһим» сүресінің 35-аятының тәпсірінде былай дейді: «Пұт деп меңзелгені алтын мен күміс. Яғни Ибраһим: «Мені мен балаларымды алтын күміске табынып кетуден, жүрегімізбен соған байланудан сақта!» деп дұға еткен. Өйткені бүкіл жамандықтық бастауы ақша мен дүниені жақсы көруде».

Бос уақыттарда баланың ойын ойнауына рұқсат еткен дұрыс. Алайда нашар дағдыға үйрететін ойындарды ойнатпаған жөн. Бұл әдептер баршаға жақсылық әкеледі. Жастар үшін тіптен жақсы. Ұғатын жасқа жеткенде, оған дүние-мүлкінен негізгі мақсат денсаулықты сақтау екенін түсіндіріп, ақыретке осы дүниеде дайындық жасалатынын ұғындыру керек. Егер өскенде ғалым болатын болса, ілім үйренуге керекті тәрбие берілгені жөн. Өнер иесі болатын болса, діни міндеттерді үйретіп, содан кейін барып өнермен шұғылдандырған дұрыс. Бұл тұста ең дұрысы, баланың табиғаты мен қабілетін ескерудің әрі соған қарай бағыттаудың берері мол. Өйткені Пайғамбарымыз: «Адам не үшін жаратылған болса, сол іс оған жеңілдетіледі» деген. Әркім кез келген өнерді игеріп кете бермейді. Көбіне бір салаға ғана бейім тұрады. Бұның астарында терең сыр бар. Бұлай болуының сыры, қоғамды көтеру, әр кәсіппен шұғылдану арқылы адамдар бір-бірінің кем-кетіктерін толықтырады. Кім бір салаға бейім болса, соны тез үйренеді. Ал икемі жоқ болса, бекерге көп жыл әуреленгенмен одан түк шықпайды. Сол секілді баланың да қабілетін танып барып, өз саласына берген дұрыс. Әйтпесе бала үмітсіздікке салынады. Бір саланы игергенде, соны мейлінше терең меңгеріп, кәсіп етіп күн көруге бағыттау керек. Балаға адал табыс табатындай кәсіп істету керек. Әке-шешесінен қалған дүниеге көп сендірмеу керек. Өйткені әкенің тапқанына мақтанған балалар көбіне кәсіп түрін үйренбей, кейіннен бәрібір осалдықтарын байқатқан. Еңбек етіп, табыс тауып, бір отбасын басқара алатындай жағдайға жеткенде, баланы үйлендіріп, тапқан табысын өздерінде ұстату керек».

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру