Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қияметте Пайғамбарға жақын болатын адам

Данияр Сүлейменов 14.05.2018 5681 0 пікір

 «Кімде-кім екі қыз тәрбиелеп өсірсе, қиямет күні жәннатта мені мен ол кісінің арасы осылай жақын боламыз».

Хадиске түсіндірме: Пайғамбарымыз ﷺ басқа бір хадисінде:

«Кімде-кімнің үш қызы болып, оларды жақсы мінез- құлықпен тәрбиелеп өсірсе, қиясына қондырып оларға мейірім төгуін жалғастырса – жәннаттық», – деген.

Бала тәрбиелеу – үлкен жауаптылықты қажет ететін іс. Баланы рухани тұрғыдан тәрбиелеп, материалдық жағынан қамтамасыз ету арқылы үлкен өмірге дайындау – адамнан қажырлы еңбек пен үлкен сабырды талап етеді. Әсіресе қыз баланың тәрбиесінде өте үлкен жауапкершілік пен сабыр керек. Қыз баланың тәрбиесі мен күтімі, иманды да көркем мінезді ерге тұрмысқа шыққанға дейін ата-ананың мойнында. Ал тұрмысқа шыққан соң жауапкершілік күйеуіне өтеді. Хадисте айтылған қыз балаға тиесілі тәрбие адамның туған қызына қатысты болғаны секілді, қарындасына, өгей қыздарына, тіпті басқа біреудің жетім қалған қыздарына да қатысты. Бұл жерде алыс-жақын болу маңызды емес. Өйткені Пайғамбарымыздың:

«Жәннатта жетімге қамқоршы болған адамға осыншама жақын боламын», – деп, сұқ саусағы мен ортаңғы саусағының арасын ашып көрсеткені жайында да риуаяттар бар.

 Басқа бір хадисте Пайғамбарымыз ﷺ:

«Кімде-кімнің үш қызы мен үш әпке-қарындасы немесе екі қызы мен екі әпке-қарындасы болып, оларға жақсы қараса, олар үшін Алладан қорықса, оған жәннат бар»,-деу арқылы надандық дәуірінде құқығы аяқ асты етілген қыз баланың абыройын асқақтатып, аяғының астына жәннатты қойған. Қыз бала үшін ата-ана мейірімінің қаншалықты маңызы барын әзірет Айша анамыздың Пайғамбарымызға айтқан мына оқиғасынан байқауға болады.

Айша анамыз: «Қасында екі қызы бар әйел кісі келіп менен талғажау ететін бір нәрсе сұрады. Үйде бір ғана құрма болатын, соны бердім. Өзі жемей, құрманы екіге бөліп, қыздарына бөліп берді де, өз жөнімен жүріп кетті. Көп ұзамай қасыма Алла елшісі ﷺ келді. Осы оқиғаны баяндап бергенімде, Алла елшісі:

«Кімде-кім қыз балалары үшін қиындыққа душар болып және оларға жақсы қарайтын болса, олар оған тозақ отынан қалқан болады», – деп айтты», – деген.

Рас, кей тұста дұрыс қалыптаспаған түсінік нәтижесінде отбасындағы қыз санының көптігі белгілі бір қиындыққа себеп болып та жатады. Қыз баланы қорғау, басқан әр қадамын қадағалап отыру, оның күтімі, отбасы қаржысын белгілі бір деңгейде ақсатары анық. Сондай-ақ, надандық дәуірінен қалған жұрнақтар әсер етіп, «қыз жат жұрттық қой, ерте ме, кеш пе бәрібір кетеді» – деп, қыз балаға (кейбір елдердегідей) екінші сатылы адам ретінде қарым-қатынас жасау, балалардың арасын бөліп-жарушылық та орын алып жатады. Ал шариғатымыз бізге осындай жаман әдет пен қиындықтың бәрін ысырып қойып, қыз баланы тұрмыс құрғанға дейін иман аясында, адал ас пен жақсы тәрбие беріп өсіру адамды тозақ отынан қорғайтынын айтады. Алла Тағалаға сансыз мақтаулар болсын, Ислам діні арқылы бізге шынайы адамдықтың не екенін үйретті. Дін тәрбиесін көрмеген болсақ, бәлкім, жыртқыш аңға ұқсап бір-бірімізді талап, әйеліміздің қыз туғанын естісек, жүзіміз сұрланып, бойымызды ашу кернеп, орынсыз ұяттан (оның парқына да бармастан) көпшілік алдына шығудан қалар ма едік? Алайда, асыл дініміз бізге мұның жаңсақтығын, қыз баланың да толыққанды қоғам мүшесі һәм кемел адам екенін ұқтырды, тіпті қыз балаға ерекше құрмет көрсету жаннат есіктерінің ашылуына себеп болатынын түсіндірді. Неткен бақыт, қандай керемет тәрбие десеңізші! Әсіресе ата-ана қыз бала тәрбиесінде сабырлық танытып, оған қорған бола білсе, Алла нәсіп етсе, қиямет күні бұл жақсылықтың қарымын еселеп алады.

Айша анамыз басқа бір оқиғаны былайша баяндайды: «Екі қыз баласын арқалаған бойы кедей бір әйел қасыма келді. Оған қолымдағы үш құрманы бердім. Әйел кісі үш құрманың екеуін бір-бірден қыздарына үлестіріп берді. Үшіншісін өзі жейін деп аузына апара беріп еді, қыздары оны да сұрады. Әйел байғұс өзі жегісі келіп тұрса да қолындағы құрманы бауыр еті балаларына бөліп берді. Мен бұған қайран қалдым. Болған жайтты Алла елшісіне айтқанымда, Ол: «Бұл көрсеткен мейірімі үшін Алла Тағала ол әйелді жаннатқа кіргізіп, тозақ отынан азат етті»,-деді». Әбу Һурайрадан риуаят етілген әлсіз бір хадисте Пайғамбарымыз ﷺ: «Алла Тағала менен бұрын жәннатқа кіру мәртебесін ешкімге берген емес. Бірақ менің оң жағымда мені басып озбақшы болған бір әйел кісіні көрдім. Бұл әйел кім болды екен дегенімде, маған: «Уа, Мұхаммед, бұл – жас кезінде күйеуінен жесір қалған сұлу әйел. (Тағдыр тауқыметін қанша тартса да) әкесінен жетім қалған жөргектегі сәбилерін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді, әрбірін қиясына қондырды. Осындай ерен ерлігі үшін Алла тағала оған кеңшілік жасады»,-деген.

Алла Тағала ұл-қыздарымыздың салиқалы болып өсуін нәсіп етсін!

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру