Ертеректе ата-әженің тәрбиесін көрмей өскен бала өте сирек кездескен, сондықтан болар, оларды «көргенді бала», «тәрбиелі бала» аталатын. Ата-әженің тәрбиесін алған баланың бойынан үлкен-кішіге деген құрмет, мейірім, имандылық, рухани тәрбиені ашық көруге болады. Тіпті, қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша тұңғыш немересін атасы мен әжесі бауырына басып тәрбиелеген. Кейде ол кенже ұлының орнына атасының қарашаңырағына ие болып та жатады.
Күнделікті өмірде үлкен кісілердің «жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер», деп Жаратқаннан тілеу тілеп отыратындарын көреміз. Кейбір қарияларымыздың қартайғанда ағайын-туыс, отбасына абыройлы, ал баз біреулерін, керісінше, отбасының, бала-шағаның берекесін қашырдың деп қарттар үйіне өткізіп жатқандарының да куәсі болып жүрміз. Отбасы тәрбиесіндегі әдет-ғұрып пен салт-дәстүр ата дәстүр түрінде атадан балаға, әкеден немереге беріліп, бүгінгі күнге де жетті. Кезектегі мақаламызда әженің жігіттерге айтқан гауһарға бергісіз асыл өсиеті мен кеңесі жайлы сөз етпекпіз:
Қазақ отбасында ұрпағына ұлттық тәрбие беретін ата мен әженің орны қашанда ерекше саналған. Әжелеріміз ертегі-аңыздарын, жыр-дастандарын айтып, немере-шөберелерін рухани жағынан сусындатса, аталарымыз ақ батасын беріп, өсиет-насихаттарын айтып отырған. Мәселен, Балғожа би мен Зередей зерек әжесінің ертегі-аңыздарын, жыр-дастандарын тыңдап, тәрбиесін алып өскен Ыбырай мен Абай аталарымыз да қазақтың ұлы тұлғаларына айналды. Ата мен әженің тәлімді тәрбиесін алған сіздің балаңыздың да күні ертең еліне елеулі, халқына қалаулы жақсы азамат, құрметті отағасы болмасына кім кепіл?
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру