Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бір құты дәрі

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ 05.12.2017 6434 0 пікір

 

Ел ішінен не қилы әңгіме естисің. Сол қыңыр-қисық қиссалардың ішінен «пайдасы тиер-ау» деген біреуін таңдап сіздерге ұсынып отырмыз.  

Баяғыда ит пен мысықтай арбасқан ене мен келін бір үйде тұратын көрінеді. Бір-бірін көргенде кірпідей жиырылып, түрпідей тиіседі екен. Келіннің берген асы мен сөйлеген сөзін былай қойғанда «тық-тық» етіп жүргені де кемпірдің жүйкесіне әбден тиіп болыпты. Отырса – опақ, тұрса – сопақ. Қысқасы, кең дүние тарының қауызындай тарылып, қажаса-қажаса екеуі де титықтап, тығырыққа тіреліпті.

Күндердің күнінде құлағының құртын жеген енесінен жауыр аттай қажыған келіннің ойына жамандық түсіпті. Күншілік жердегі елге танымал бір емшіге барып, енесінен көрген қорлығын көз жасын сарқып отырып айтып, кемпірді өлтіретін дәрі жасап беруін өтініпті.

Көпті көрген қарт емші келіншекке бір құты дәрі жасап беріпті де, мынадай кеңес айтыпты: «Бірден өліп қалса бала-шағасы, туыс-туғандары сенен көрері анық. Сондықтан, бұл дәріні күнде аздап беріп отырасың. Үш ай өткенде кемпірдің шаруасы бітеді. Қатаң ескертер бір жайт – ол кісіге бұрынғыдай сөз қайтарма, не десе де «сіздікі жөн» дей бер. Онсыз да үш ай ғана ғұмыры қалды ғой»,- дейді.

Келіншек үйге келіп, емшінің айтқанын айнытпай істеуге кіріседі. Алайда, басқа шарт бір төбе, әлгі емші айтқан шарт бір төбе… Алғашында біраз қиналады. Кемпірдің ерні қыбырлай бастаса, келіннің де тілі жыбырлай бастайды. Көкірегінен лап етіп көтерілген қызыл жалын жұтқыншағына келгенде, емшінің айтқан сөзі есіне түсіп, тұтығып тұрып қалады. «Сөйлеп қал, үш ай ғана ғұмырың қалды ғой» деп іштен тынады.

Сөйтіп жүріп апта өтеді, ай өтеді. Кемпір болса аң-таң. Баяғыдай арсылдап тұрған келін жоқ, «Әй қатын, әкел ананы… тарт мынаны!» деп қолды бір сілтесе болғаны, келін байғұс жерге салмақ түсірмей желе жөнеледі. Қимылы да, сөзі де жеп-жеңіл. «Міне, апа… тағы не керек?..» деп қиылып тұрғаны.

Қарт ене ойлана бастайды. «Құдай-ау, мына сорлыға неге ұрса берем? Сонша не жазып еді?..» деп, өзін кінәлай бастайды. Сөйтіп, ененің емеурінімен жүгірген екі ай артта қалған соң келіннің көңілі біртүрлі күй кеше бастайды.

Тіпті, бір күні мынадай оқиға болады. Тістей қатып отыратын ене келінін еркелете шақырып алады да, аузында өмірбақи баданадай құлып тұратын сандығын ақтарып: «Мынау білезік, мынау жүзік, бәрі сенікі, мен оны көрге алып кетеді ғой дейсің бе, тағып ал, көркейіп жүр қарағым…»,- деп елжірейді.

Міне қызық, енесінің қылығына көңілі бордай босап қоя берген келіншек ауызғы бөлмеге атып шығып, қос білегін көкірегіне басып отыра кетеді.  «Қайран енем-ай, өлеріңді білгенің бе, бұл не еткенің, қасиетіңді ғұмырыңның соңында бірақ білдім-ау… бір-ақ ай қалғанда, бір-ақ ай…»,- деп ағыл-тегіл жылапты.

Содан өкпесін қолына алып, өткендегі емшіге барады. Өзінің оңбай қателескенін айтып: «Әлгі дәріңіздің күшін қайтарып, енемді аман қалып қалатын дәрі жасап беріңізші…»,- деп жылап-еңіреп, емшінің етегіне оралады.

Тартысы мол өмірде талай көйлек тоздырған әлгі емші келіншекті шынтағынан сүйеп орындыққа отырғызып қойып, былай дейді: «Мен берген дәрі кәдімгі су болатын, адамға ешқандай зияны жоқ, менің мақсатым екеуіңді татуластыру еді, ол орындалды… Енең Алланың берген жасын жасайды, әзір өлмейді, бара ғой…» депті.

Қуанған келіншек жазира даладай жайылып сала беріпті…

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру