Қымбатты әпкелерім, сіңлілерім және құрбыларым! «Егер әйел Аллаһқа мойынсұнып, бес уақыт намазын оқып, арын сақтаса Жәннатқа кіреді» деген хадиске назар аударайықшы… Кімге Алла Тағала бір істі жеңіл етсе, ол іс оған жеңілдігімен келеді. Хадиске амал ету арқылы біздер екі дүниеде де жақсылыққа кенелтуші мейірімді Раббымызбен қауыша аламыз. Оның белгілеп берген заңдарымен жүріңіз, қайда апарып тірейтіні белгісіз болса да Алланың кітабы Құран мен Оның пайғамбары Мұхаммедтің (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетіне жармасыңыз. Себебі сіз мұсылмансыз, болашақ анасыз. Бұл деген үлкен абырой мен мақтаныш! Өзге әйелдер құдайсыз болуы мүмкін, атеист, ащы тілді, көп құдайшыл, ақша мен пұттар қоғамында өмір сүріп жүруі де таңғалдырмайды. Ал сіз ше?.. Сізді Алла Тағала Мұхаммедтің (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ізбасары болу үшін тек оның ғана емес мүміндердің аналары Хадиша мен Айшаның да ізбасары болсын деп таңдап алып мұсылман етті емес пе? Мен сізге күнделікті бес уақыт намаз оқып, Рамазан айында ораза тұтып, Қасиетті Қағбаға қажылық парызыңызды жасағаныңыз үшін, сонымен бірге Исламның ақ жаулығын желбіретіп жүргеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Расында да, сіз Алланы Раббым деп, Мұхаммедті (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Пайғамбарым деп және Исламды дінім деп қабылдағаныңыз үшін бақытты жансыз. Сіздің қазынаңыз – дініңіз, әшекейіңіз – көркем мінезіңіз, байлығыңыз – жақсы амалдарыңыз екенін естен шығармаңыз. Сіз миллиондаған әйелдердің қасында әлдеқайда бай жансыз. Өміріміз жайлы бір сәт ойланайықшы... Қаншама жылдан бері төсекке таңылып, небір түрлі аурудан азап шегіп жатқан адамдарға толы ауруханалар, темір тордың ар жағында бас бостандығынан айырылып, өмірі құрдымға кеткен жандарға талай пенденің тағдыры, есінен айырылған, рухани дертке шалдығып емі табылмай жатқан емханалардағы науқас жандардың жағдайы біздікінен әлдеқайда мүшкіл. Әлдеқайда ауыр. Сіз білесіз бе, әлемде жаман күркелер мен жыртық шатырлардың астында бір үзім нанға зар болып отырған адамдар да бар ғой?.. Біздің жегеніміз артымызда, жемегеніміз алдымызда. Күтпеген жерден балаларынан айырылған, тіпті есту, жүру қабілетінен айырылып, аяқ-қолы кесілген, небір сұмдық дертке шалдыққан жандардың бар екенін білесіз бе? Әрине, жақсы білеміз. Күнделікті жағдайда көріп, естіп жүрміз. Қандай да бір жамандыққа барып қойып жүрсек те өміріміз бір қалыпты, еш қауіпсіз өтуде. Ендеше, осы үшін Ұлы болған, аса Мейірімді Аллаға сансыз шүкіршілік айтып, уақытымызды Ол ұнатпайтын бос нәрселермен өткізіп алмаудың қамын жасайық. Сағаттап теледидар алдында арзанқол, жағымсыз, санаға қонымсыз бағдарламаларды көру секілді бос дүниеге әуес болудан аулақ болуға тырысайық. Себебі ондай дүниелер жүректегі нұрды өшіріп, күйзеліске ұшыратуы әбден мүмкін. Таңды атырған кезде, кеш бата бұл фәниден өтіп кетуіміздің ғажап емес екені қаперімізде жүрсін.
Сол себепті әр күніңізді таң намазымен бастауға тырысыңыз. Сол кезде ғана күні бойы Алланың панасында жүреміз. Құдай Тағала таң намазымен басталмаған күнге береке бермейді. Таң намазы – мейірім мен сәттілікке қарай басылған алғашқы қадам. Оған титтей де күмәніңіз болмасын. Ол берген нығметтермен зейінделіңіздер, Ол бізге қандай нығмет я сынақ бермесін риза болған түрде қабыл алайық. Сол үшін Оған сансыз мадақтар мен шүкіршілік айтайық. Қамшының қысқа сабындай болған мына өмір Алланың адамзат баласына берген мерзімдік сынақ уақыты екенін пендешілікке салынып, естен шығарып қоюға әсте болмайды.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру